Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан

/upd/2016/1220/148223159458590f2ab00cd2.95397514.jpgБіз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын. Н.Ә. Назарбаев, тәуелсіздік, еркіндік, теңдік, бостандық. Бұл сөздер біз үшін жай ғана сөздер емес, әр қазақтың жүрегінде ерекше орын алатын, естігенде жүректі тебірентетін, талай тарихымызды еске түсіретін, қаншама ғасырлар, жылдар бойғы қазақтың аңсаған, армандаған сөздері еді. Міне, қазір біз ол сөздерді еш қымсынбай айтатын дәрежеге жеттік. «Тәуелсіздік» деген құлаққа жағымды ұғымды естігенде, жүрегіңе бір мұңды оқиғалар мен қазақтай ұлы халықтың аянышты тағдыры, ұлы батырлары мен ер жүрек ұлдары, аяулы қыздары, бейкүнә балалары мен қиыншылықты көп көрген дана қарттары еріксіз еске түседі. Біз қан майданда қасық қандары қалғанша күресіп, ауыр тауқыметті басынан көп өткерген, дегенмен еш мойымай күресе білген батыр да батыл бабаларымыздың ұрпағымыз. Ол кездерде балалардың балалық шақтары біз сияқты сыңғырлаған алаңсыз тәтті күлкімен емес, ата – анасынан айырылып зарлап жылаған бала үндерімен, балалардың далада асыр салып ойнауымен емес,қай жақтан жау келер екен деп жалтақтаумен өткен еді.Халқымыздың Кеңес одағы кезіндегі және оған дейінгі тарихын, сөзбен жеткізе алмайтын халықтың тауқіметті өмірін біз кітаптан оқығанның өзінде-ақ денеміз түршігіп, қорқамыз, ал ол кісілер қорықпады, тәуелсіздікке деген құштарлығы,арманы оларды жетелей түсті. Қазақ халқы талай қиыншылықтар мен қан майдандарды басынан өткеріп, талай рет тұтастай қырылып кете жаздаған еді.Дегенмен Халықтың тәуелсіздікке деген құштарлығы олардың кері шегінуіне жол бермеді. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы тәуелсіздік, азаттық жолында күрісіп келді. Қазақтың дархан, ұлан-ғайыр жеріне көз тіккендерде, қаруын кезеп тыныштығын алғандар да көп болды. Бірақ біздің ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғап, еш мойымай, еш берілмей күресе білді. Осының нәтижесінде халқымыз ауыр күндерді артқа тастап Тәуелсіздік деген сан ғасырлар бойғы арман – мұратына жетті. Ол 1991 жылдың 16 желтоқсаны халықтың көптен күткен ұлы күні еді. Биыл, міне қаншама қиыншылықпен келген Тәуелсіздігі тұғырлы ел болғанымызға көзді ашып жұмғанша 25 жыл толып отыр. Былай қарасақ, ширек ғасыр, 25 жыл көп уақыт емес сияқты. Дегенмен осы аз ғана жылдың өзінде халқымыз өркендеп, төрткүл әлемге танылып, өзге елдермен терезесі тең болып, әлем сахнасына көтеріле бастады. Оның негізгі тұтқасын ұстап, азат елдің бірлігі мен татуластығының берік іргесін қалауда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз.Тәуелсіздік алғаннан кейінгі халықтың өмірін осы бір жүгі мен жауапкершілігі зіл батпандай ауыр міндетті атқару үшін тағдыр бізге кемел ойлы, кемеңгер Елбасымызды берді. Қастерлі Тәуелсіздік батыр ата-бабамыздың арқасы болса, Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің, өркендеп дамуы Елбасымыздың дана саясатының арқасында . Біз қазір қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бізде еш уайым, қайғы-қасірет, қиыншылық, соғыс жоқ. Біз бақытты ұрпақпыз. Бір өкініштісі барлық қиындықты, соғысты, тауқыметті, азапты күндерді бастан өткерген батыр да, батыл ата-бабаларымыздың сан ғасырларғы арманын, бейнетінің зейнетін, жеңісінің жемісін, азаттық жолындағы күрестерінің нәтижесін Тәуелсіздігімізді өз көздерімен көре алмауы. Тәуелсіздік ата- бабамыздың бізге сый етіп тастап кеткен үлкен аманаты . Бүгінде Тәуелсіздігіміздің арқасында көк туымыз әлемнің көп туларының арасында желбіреп тұр.Еліміздің ендігі болашағы мен тәуелсіздігін баянды болуы біздің қолымызда. Ол үшін бізге барлық мүмкіндік жасалған. Соның ішінде «Мәңгілік Ел» идеясы біздің болашағымыздың жарқын болуы үшін, еліміздің өркендеуі үшін, дамығнан елдердің қатарына қосылу үшін жасалған Елбасымыздың бізге берген даңғыл жолы, тәуелсіздігіміздің тірегі. «Мәңгілік Ел» идеясында еліміздегі барлық мәселелер түбегейлі қарастырылған. Оны жандандыру біздің міндетіміз. «Мәңгіліке Ел» идеясы - Мәңгілік Тәуелсіз ел болуымыздың кепілі. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз еліміздің тұғырлы биіктерін енді біз бағындыратын боламыз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің қадірін білейік!

Жеңісқызы Ләззат 17 жас
Тараз қаласы