Төртiншi шарт Пайғамбарларға иман

      Уә Расулиһи: Аллаһу та’аланың Пайғамбарларына сендiм деп айту. Пайғамбарлар халықты Аллаһ ұнатқан жолына қауыштыру, әрi тура жолды көрсету үшiн таңдалған адамдар. Бүкіл пайғамбарлар үмбеттерін бiр иманға шақырған, яғни бүкіл діндерде иманның шарты бірдей болған. Пайғамбарларда жетi сипаттың бар екендiгiне сенуiмiз керек.
 
1.  Исмет: Күнә iстемеу. Пайғамбарлар үлкен болсын, кiшi болсын ешқандай күнә iстемейдi.
 
2.  Аманат: Пайғамбарлар адамзат баласының ең сенiмдiлері. Ешқашан аманатқа қиянат жасамайды.
 
3. Садық: Пайғамбарлар сөйлеген сөздерiнде, iс әрекеттерiнде және әртүрлi қарым-қатынастарында турашыл және сенімді адамдар. Ешқашан өтiрiк сөйлемейдi.
 
4.  Фетанат: Пайғамбарлар өте ақылды және парасатты адамдар. Зағиптық, кереңдік сияқты кемшiлiктерi бар адамдардан және әйел затынан пайғамбар болмайды.
 
5.  Әдiлет: Пайғамбарлар ешқашан зұлымдық жасамайды. Басқа біреудің, не өзінің абыройы үшін әділеттен бас тартпайды.
 
6.  Таблиғ: Пайғамбарлар уағыздаған үкім-насихаттардың барлығын тек Аллаһу та’аланың бұйрықтарынан үйренген. Олар насихаттаған әмір және тыйымдардың ешбірін өз ойынан шығармаған. Бұйырылған нәрселердің барлығын өзі бойынша үмбеттеріне жеткізген.
 
7.  Әмнул-азл: Олар пайғамбарлық міндетінен алынбайды. Дүние мен ахыретте де пайғамбар болып қала береді.
 
     Жаңа дiн мен үкiмдер әкелген пайғамбарлар Расул делiнедi. Жаңа дiнмен келмей, адамдарды өзiнен алдыңғы дiнге шақырған пайғамбарлар Нәби делiнедi. Пайғамбарларға иман ету - оларды бөлiп-жармай, барлығына бірдей, Аллаһу та’ала тарапынан таңдалған, садық, тура сөздi елшілер болғанына сену дегені. Олардың бiріне сенбеген адам, ешбiрiне сенбеген болып саналады. Пайғамбарлыққа қыруар еңбек ету, қиыншылық көру арқылы жетпейдi. Пайғамбарлық Аллаһ тарапынан ғана берiледi. Олардың нақты саны белгiлi емес. Жүз жиырма төрт мыңнан көп екендiгi айтылған. Бұлардың үш жүз он үшi Расул. Араларында алтауына Улул-азм пайғамбарлар делiнедi. Олар: Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, және Мұхаммед Мұстафа (алейһимуссалам). Пайғамбарлардың отыз үшiнiң аттары мәшһүр. Олар: Адам, Идрис. Шит, Худ, Салиһ, Ибраһим, Лұт, Исмайыл, Исхақ, Яқуб, Юсуф, Айюб, Шуайб, Муса, Харун, Хыдыр (Хызыр, Қыдыр), Юша бин Нун, Ильяс, Эляса, Зулкифл, Шамун, Ишмоил, Юнус бин Мета, Давуд, Сулейман, Лоқман, Зәкария, Яхья, Узайр, Иса бин Марьям, Зұлқарнайн және Мұхаммед (алейһи уә алейһимуссалату уә сәлам).
 
      Олардың тек жиырма сегiзiнiң есiмi Құран Кәрiмде айтылған. Зұлқарнайн, Узайр, Лоқман және Хыдырдың  пайғамбар  екендігі ғалымдар арасында екі түрлі айтылды. Мұхаммед Масум хазреттері “Мәктубат”тың 2-том, 36-хатында Хызыр алейһиссаламның пайғамбар екендiгiн білдірген хабарлардың басымырақ екені жазылған. Ал 182- хатында: «Хызыр алейһиссаламның адам бейнесiнде көрiнуi және кейбiр iстердi iстеуi, оның тiрi екендiгiн көрсетпейді. Аллаһу та’ала оның және көптеген пайғамбарлар мен әулиелердің рұхтарына адам кейпінде көрінулеріне рұқсат еткен. Сондықтан да оларды көру тірі екендігін білдірмейді» - деген.


                                                   Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам

 

      Мұхаммед (алейһиссалам) пайғамбар - Аллаһу та’аланың елшiсi әрi пайғамбарлардың ең мәртебелiсi және соңғысы. Әкесiнiң аты Абдуллаһ, милади жыл санауымен 571 ж. сәуiр айының 20 күнiне сәйкес келетiн 12 рабиәл-әууәлде дүйсенбi күнi түнде Меккеде дүниеге келдi. Әкесi ол тумай тұрып қайтыс болған едi. Алты жасында анасы, сегiз жасында атасынан айрылды. Кейiн әкесінің інісі Әбу Талибтың қолында өстi. 25 жасында Хадишаға (Хадижат-ул Кубра) үйлендi. Одан төрт қыз, екi ұлы болды. Алғашқы ұлының аты Қасым едi. Сондықтан халық арасында Әбул Қасым деп те аталды. Қырық жасында Аллаһу та’ала тарапынан барлық адамзат пен жындарға Пайғамбар екендiгi бiлдiрілді. Үш жылдан кейiн жалпы халықты ашық түрде имандылыққа шақыра бастады. Елу екi жасында бiр түнде Меккеден Кұдысқа (Иерусалим) және ол жерден көкке көтерiлдi. Бұл сапарына Миғраж” деліндi. Миғражда жәннат пен тозақты және Аллаһу та’аланы көрдi. Осы түнде бес уақыт намаз парыз болды. Тарихшылардың айтуына қарағанда Милади 622 жылы Аллаһтың әмiрiмен Меккеден Мадинаға көштi. Бұл көшке Хижрет” делінді. Мәдина қаласының жанындағы Қуба ауылына келгендегi Рабиәл-әууәл айының сегiзi дүйсенбi күні, милади жыл санауы бойынша қыркүйек айының жиырмасыншы жұлдызына сәйкес келедi. Осы күннен бастап Хижри шәмси жыл санауы басталды. Мұсылмандардың Хижри қамари жылы сол жылдың мухаррам айынан басталып, айдың жердi он екi рет айналуы бiр қамари жыл болып есептеледi. Хижри 11 (м.632 ж.) Рабиәл әууал айының он екiсi дүйсенбi күнi түскi уақыттан бұрын қайтыс болды. Қайтыс болған бөлмесiне жерлендi. Қайтыс болған кезiнде қамари жылмен 63, шәмси жыл санаумен 61 жаста едi.

 

      Мұхаммед алейһиссалам ақ реңдi едi. Ол барлық адамдардың iшiндегi ең әдемiсi болатын. Әдемілiгiн баршаға көрсете бермейтiн. Ол әрқашан, дүниедегi барлық адамзаттан және болашақта келетiн адамдардың бәрiнен тұғыры биiк, мәртебесi жоғары адам. Балалық шағында саудагерлермен Шам тарапына екi рет сапар шегiп, Бусра деп аталатын жерден керi қайтқан. Одан басқа уақытта ешбір сапарға шықпаған. Ол оқуды, жазуды бiлмейтiн, яғни мектеп-медреседе оқымаған еді. Ешкiмнен сабақ алмады. Бiрақ барлық нәрсенi бiлетiн едi. Яғни не ойласа да, қандайда нәрсенi бiлгiсi келсе, Аллаһу та’ала оған бiлдiретін едi. Жәбрейiл алейһиссалам атты перiште келiп, оған қалаған нәрсесiн айтатын. Пайғамбарымыздың қалбы, яғни мүбәрәк жүрегі нұр шашып, одан тараған ілім, марифат нұрлары радио толқынындай жер-көкке таралуда еді. Бұл нұр қазір де қабірінен таралуда және күн сайын қуаттануда. Бұл нұр Файз делінеді. Электро-магниттiк толқындарды ұстау үшiн радио қабылдағыш керек болғандай, оның нұрын, файзын қабылдау үшiн де оған сенген, сүйген және оның көрсеткен жолымен жүрiп тазарған жүрек керек. Осындай жүрегi бар адам ғана нұрды қабыл етедi және ол да бұл нұрды шартарапқа таратады. Мұндай ұлы адамдар әулие делінедi. Бұл әулиенi таныған және жақсы көрген кісі, оның жанында әдеппен отырса немесе алыста оны әдеппен, махаббатпен еске алса, бұл адамдың жүрегі де нұр-файз алып тазарып және рухани жетіле бастайды. Аллаһу та’ала денеміздің, материямыздың өсіп-өнуіне күн энергиясын себеп қылғанындай, рухымыздың, жүрегіміздің жетілуіне, кәміл адам болуына да Мұхаммед алейһиссаламның жүрегін және одан тараған нұрды себеп қылған. Адамды азықтандырып, клеткаларына қуат беріп тұрған азық-түлік өнімдерінің баршасы күн энергиясы және әр түрлі реакциялар арқылы пайда болғанындай, рухымызға, жүрегімізге азық болатын әулиенің сұхбаттары, сөздері және жазуларының барлығы да, Расулуллаһтың жүрегінен тараған мүбәрәк нұрлардан пайда болады. Аллаһу та’ала Жәбрейiл алейһиссалам атты перiште арқылы Мұхаммед алейһиссаламға Құран Кәрiмдi жiбердi. Адамдарға дүние мен ахыретке қажеттi, пайдалы болған нәрселердi әмiр еттi. Зиянды болғандарына тыйым салды. Бұл әмiр мен тыйымдардың барлығын Ислам дiнi деп айтады.

 

      Мұхаммед алейһиссаламның әр сөзi дұрыс, бағалы әрi пайдалы. Осындай екендiгiне сенген адамға Мүмин және Мұсылман делiнедi. Мұхаммед алейһиссаламның сөздерiне сенбеген немесе оларды ұнатпаған адамға Кәпiр делiнедi. Аллаһу та’ала мүмин құлын сүйеді. Кәпiр болған адам жұмаққа (жәннәт) кiре алмайды. Жәһаннамға түсiп ол жерден қайта шықпайды. Пайғамбарымызға сену, оны жақсы көру бүкіл жақсылық атаулының басы. Ал оның пайғамбарлығына сенбеу болса, барлық қайғы-қасыреттің және жамандықтың басы.

 

    Расулуллаһтың бiлiмi, парасаттылығы, санасы, ақылы, зейiнi, жомарттығы, қарапайымдылығы, жұмсақтығы, мейірімділігі, сабыры, қайраты, намысы, сенімділігі, батылдығы, батырлығы, сөйлеу көркемдігі, пәктігі, айбаттылығы, көркемдігі, діндарлығы, ынсаптылығы, шыншылдығы, аманатқа қиянат жасамауы, көңiлiнiң ояулығы, тақуалығы, абыройы, әдiлеттiлiгi және иффеті (ұяты) барлық пайғамбарлардан артық едi. Дос-дұшпанынан көрген зияндарды кешіретін еді. Ешкімге кек қайтармайтын едi. Ухуд соғысында кәпiрлер мүбәрәк жүзін қанатып, тiстерiн сындырған кезде, оларға: «Ей, Раббым! Оларды кешіре гөр. Бұл істерін олардың надандықтарына бағыштай гөр.»- деп дұға еткен.

 

      Мұхаммед алейһиссаламның асыл қасиеттерi мен мiнездерi көп. Әр мұсылманның бұларды үйренiп, осы қасиеттерді өз бойына қалыптастыруы керек. Осылайша дүние және ахыретте пәле-жалалардан, қиындықтардан құтылып, екi дүниенiң мырзасы Пайғамбарымыздың алейһиссалам шапағатына қауышуы нәсiп болады. Өйткенi хадис шәрифте: «Аллаһу та’аланың ахлақымен (сипаттары) мiнезделiңiз»- делiнген.

                  

                                                                          Асхаби кирам

 

      Пайғамбар алейһиссаламның мүбәрәк жүзiн көрiп, оның қасиеттi сөздерiн есту абыройы нәсiп болған мұсылмандарға Асхаби кирам делінедi. Пайғамбарлардан кейiн туылған және туылатын адамзаттың ең қайырлысы және ең мәртебелiсi алғаш халифа болған кісі Әбу Бәкiр Сыддық (радыяллаһу анһ). Одан кейiн адамдардың ең жақсысы, екiншi халифа Фаруқ-и азам Омар бин Хаттаб, сонан кейiнгi адамзаттың ең жақсысы және Расулуллаһтың үшiншi халифасы иман, иффет (ұят) және бiлiмнiң қайнар көзi хазiретi Осман бин Аффан (радыяллаһу та’ала анһ), одан кейiн адамдардың ең жақсысы, төртiншi халифа, таңқаларлық ерекшелiк иесі, Аллаһу та’аланың арыстаны Әли бин Абу Талиб (радыяллаһу анһ). Пайғамбарымыз алейһиссаламның хадистерiнде айтылуынша, хазреті Фатима, хазреті Айша, хазреті Мәриям және хазреті Асия дүниедегi әйелдердiң ең жақсысы. Қасиеттi хадисте: «Фатима жәннәт әйелдерiнiң ең қайырлысы. Ал Хасан мен Хусейн де жәннәт жастарының ең құрметтісi»- делiнген.

 

      Бұлардан кейiн сахабалардың ең жақсысы (Ашара-и мубашшара), яғни тірі кезінде жәннәтқа кiруге сүйінші берілген он адам. Олар: хазреті Әбу Бәкiр Сыддық, Омар Фаруқ, Осман бин Аффан, Әли бин Әбу Талиб, Әбу Убәйда бин Жарраһ, Талха, Зубейр бин Аввам, Са’д бин Әбу Уаққас, Са’д бин Зайд және Абдуррахман бин Ауф (радияллаһу та’ала анһум ажмаин). Кейiн Бәдiр соғысында, Ухудда, одан кейiн Бейат-и Ридуанға қатысқандар келеді.

 

      Расулуллаһтың жолында жандарын, малдарын пида етiп, оған көмектескен сахабаларды құрметпен тілге алуымыз бізге уәжіп. Олардың ұлылығына жараспайтын сөздер айту мүлдем жаиз болмайды.

 

     Расулуллаһты жақсы көретiн адам, оның асхабының бәрiн де жақсы көруi керек. Пайғамбарымыз хадисiнде: «Асхабымды жақсы көретiн адамның оларға деген құрметі, менi жақсы көргенi үшiн, оларды ұнатпағандар, менi жаман көргені үшін ұнатпайды. Кiмде-кiм оларды ренжiтсе менi ренжiтедi. Менi ренжiткен де Аллаһу та’аланы ренжiткен болады. Ал Аллаһу та’аланы ренжiткен адам, сөзсiз азапқа душар болады»- деген. Басқа бiр хадисте: «Аллаһу та’ала менiң үмметiмнен бiр құлына жақсылық қаласа, оның жүрегiне асхабыма деген сүйiспеншiлiктi орналастырады. Олардың бәрiн өз жанындай жақсы көредi»,- дедi. Пайғамбарымыз қайтыс болған күнi Мәдина қаласында 33 мың сахаба бар едi. Сахабалардың толық саны 124 мыңнан аса едi.

 

                                                   Төрт мазһаб имамы және басқа ғалымдар

 

       Ақида, яғни сенiмде, имандылықта хақ бiр ғана жол бар. Бұл жол “Әһли сүннет уәл жамағат” мазһабы. Мазһаб – жол дегенді білдіреді. Дүние жүзiндегi барлық мұсылмандарға түзу жолды көрсеткен және Мухаммед алейһиссаламның осы жолын ешқандай өзгертпей, кемшiлiксiз жетуiне себепшi болған төрт ғалым бар. Бұлардың бiрiншiсi, Әһли сүннеттiң басшысы - Имам Ағзам Әбу Ханифа Ну’ман бин Сабит. Екiншiсi Имам Малик бин Әнас, үшiншiсi Имам Мұхаммед бин Идрис Шафии, төртiншiсi Имам Ахмед бин Ханбал, Аллаһ олардан разы болсын. Бүгінгі таңда бұл төртеуiнiң біреуінің жолына ермеген адамның ахыреті өте үлкен қауiп-қатерде. Бiз бұл кiтабымызды ханафи мазһабы бойынша намаз мәселелерiн сол мазһаб ғалымдарының кiтаптарынан алып, тілін жеңілдетіп жаздық.

 

      Бұл төрт имамның шәкiрттерiнен екеуi иман саласында үлкен дәрежелерге шықты. Сондықтан әһли сүннет ақидасы, сенімі екi мазһабта қалыптасты. Құран Кәрiм мен хадис шәрифке сай болған иман, сенім, ақида осы екi ғалымның білдіргендері болды. Фырқа-и нажийа (тозақтан құтылған топ) болған әһли сүннеттiң иман негіздерiн жер жүзiне жайған осы екi ғалым. Бiрi - Әбу Мансур Матуриди, ал екiншiсi Әбул Хасан Әли Әшари.

 

      Бұл екi имам білдірген иман негiздерi бiрдей болып, араларында тек бiр-екі ғана айырмашылық бар. [Бұл айырмашылықтар «Мұсылмансың ба?» сұрағы сұралғанда Матуридилер «әлхамдулиллаһ (құдайға шүкір), мұсылманмын» десе, Әшарилер «иншааллаһ (құдай қаласа), мұсылманмын» деп жауап береді. Матуриди мазһабында кісінің осы сұрақ қойылған кездегі жағдайы, ал Әшарилерде кісінің соңғы деміндегі жағдайы маңызды. Сондықтан да матуриди мазһабындағылар бұл сұраққа міндетті түрде «әлхамдулиллаһ» дейді және оларда «иншааллаһ-құдай қаласа» – деп айту сол кезде имансыз болғанын білдіреді. Ал әшарилерде кісінің соңғы демі маңызды болғандықтан, олар соңғы демі үшін «әрине, яғни әлхамдулиллаһ» деп емес, «құдай қаласа-иншааллаһ» деп жауап береді. Бұл екі мазһаб арасындағы басқа айырмашылықтар да осылайша пайда болған. Яғни бұл екі мазһаб имамы бірдей мәселенің екі басқа жәйттеріне назар аударып үкім берген.] Негiзiнде олар бiрдей. Ислам ғалымдары Құран Кәрiмде және хадис шәрифтерде мадақталған. Бір аятта былай делiнедi: «Бiлетiндер мен бiлмейтiндер тең бола ма?» Басқа бiр аятта болса: «Ей, мұсылмандар! Бiлмегендерiңдi бiлгендерден сұраңдар», - деп бұйырылды.

 

     Хадис шәрифтерде болса: «Аллаһу та’ала, перiштелер және әрбiр жан, адамдарға жақсылықты үйрететін имандыларға дұға етедi.» «Қияметте алдымен Пайғамбарлар, кейiн ғалымдар, одан кейiн шәһидтер шапағат етедi.» «Ей, адамдар! Бір нәрсені жақсы ұғып алыңдар! Ілім тек ғалымнан есіту арқылы үйреніледі.» «Ей, адамдар, iлiм үйренiңдер. Ілiм үйрену ғибадат. Ілiм үйреткенге және үйренгенге жихад сауабы беріледі.» «Ілiм үйрету садақа беру сияқты. Ал ғалымнан iлiм алу болса, тәһажжуд намазын оқығанмен бірдей болады.» «Ілiм алудың бүкіл нәпiл ғибадаттардан да сауабы мол. Өйткенi өзiне де үйрететiн адамдарға да пайдасы бар.» «Адамдарға үйрету үшiн ілім үйренген кісіге сыддықтар сауабы беріледі.» «Ілiм – қазына. Ал оның кiлтi, сұрап үйрену.» «Ілiм үйренiңiз және үйретiңiз.» «Әр нәрсенiң бір қайнар көзi бар. Тақуалықтың қайнар көзi, ғалым кiсiлердiң жүрегi.» «Ілiм үйрету күнәлардың кешiрiлуiне себепшi.»