Жанұя

       Ислам діні қоғамның бақыты және адам ұрпағының дені сау, салауатты жалғасуы үшін жанұяның қажетті екендігін білдірген. Осы себепті некені халал қылып, зинаны және зинаға жол ашатын еркін қатынастарға тиым салған. Әйелдерге ешбір діннің, ешбір жүйенің бере алмаған қадірін, мәртебесін берген. Расулуллаһ алейһиссаламның “Уәда хұтбасындағы” насихаттарының бірінде: «Әйелдеріңді жәбірлемеңдер. Олар Аллаһу та’аланың сендерге берген аманаты. Олармен жұмсақ, жылы мәміледе болыңдар, оларға жақсылық жасаңдар.» деп бұйырған. Тағы бір хадис шәрифте «Жаннат аналардың аяқтарының астында» деп бұйырып әйелді қорғауда теңдесі жоқ мәртебе танытқан.
 
      Еркектер ислам бойынша “жанұяның басшысы” деп саналады және әйелдерге қарағанда жоғары дәрежеге ие. Хақ та’ала әйелді еркектің қамқорлығына берген. Құран кәрімде: «Еркектер әйелдердің басшысы және қорғаушысы.» (Ниса 34) деп бұйырылған. Сонымен қатар еркектердің әйелдерге қатысты шариғи ақылары болғаны секілді, әйелдердің де оларға қатысты ақылары бар. Жанұяның бақыты және әлеуметтік өмірдің тыныштығы, жанұяны құрайтын әйелмен еркектің өз міндеттерімен жауапкершіліктерін біліп, орындауларына байланысты.
 
       Жанұя ішінде әйелмен еркектің бір-бірлерін түсініп, сабырлы, кешірімді болулары жанұя бақыты үшін шарт болып табылады. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметпен қарауы және міндеттерін білуі ұяның бақытына апаратын маңызды жайттардың бірі. Ақылды әйелмен еркек бір-бірлерін ренжітпейді. Өмірлік жарын ренжіту жанұя бақытының бұзылуына себеп болады. 
 
      Жанұядан мақсат ұрпақты жалғастыратын балалар. Адамның өлгеннен кейін жақсылықпен еске алынуы үшін қоғамға пайдалы туынды немесе пайдалы бір ілім немесе қайырлы бала-шаға қалдыруы керек. Барлық нәрсе ұмытылған күнде де бұлар ұмытылмайды және өлген адамның қайырлы істерінің жалғасуын қамтамасыз етеді. Олай болса баланы жақсы, үлгілі қылып жетілдіру әке-шешенің ортақ міндеті. Ана баласын тікелей өзі емізіп, өсіретіні, үнемі жақсы мінезді үйретіп жүретіні секілді бұлардың тұрғын үйін, азық-түлігін, материалдық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету де ең алдымен әкенің міндеті болып табылады.
 
      Ислам діні мінез-құлық тәрбиесімен ілімге қатты мән берген. Надандықпен тәрбиесіздікті қайтарған. Сол себепті әрбір ата-ана баласына ілім, көркем мінез (тәрбие) және діни міндеттерін үйретуі тиіс. Үйретпесе олардан жауапкер болады. Өйткені барлық бала жақсы көруді, жақсы көрілуді, құрмет етуді жанұяда үйренеді. Тәртіпке және жүйелі өмірге жанұяда дағдыланады.
 
     Аллаһу та’алаға сенуді, пайғамбарға деген сүйіспеншілікті, отанға, ұлтына, салт-дәстүріне және құндылықтарға деген құрметті жанұяда үйренеді. Балалар алты жасқа дейін адамдық ерекшеліктерін жанұядан алады. Сондықтан жанұяның ұқыпты, сапалы болуы өте маңызды. 
 
      Жанұялық өмірдің жүйелі, дұрыс болуы балалардың көркем мінезбен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп өсулеріне ықпал етеді. Тәрбиелеу мақсатымен әке-шеше баласына қаталдық танытуы мүмкін. Бірақ бұл қаталдық кінәсіз баланың жүрегіне терең жаралар ашатын таяқ түрінде болмауы тиіс. Шамадан тыс қаталдық таныту көпшілік балада өтірікшілік, қулықты және әрекеттерінде тұрақсыздықты қалыптастырады.
 
      Әке-шеше ұл-қыздарын үнемі қадағалап отыруы керек, әсіресе оларды жаман достардан ұзақ жүрулеріне мән беруі керек. Жаман дос баланың ең үлкен дұшпаны. Балалардың үлкені де кішісі де де ата-анасына мойынсұнумен, құрмет көрсетуде кемшілік етпеуі тиіс. Өмірдің түрлі қиындықтарымен зардаптарына төзіп балаларын өсірген ата-ана әрине құрметпен, мойынсұнушылыққа лайықты. Құран кәрімде «Аллаһу та’алаға мойынсұныңдар» дегеннен кейін «Әке-шешелеріңе мойынсұныңдар» (Бақара 83) деп бұйырылған. Оларға “Уф!” деуге де тиым салынған. (Исра сүресі 23)