Біздің балалар – біздің қарттығымыз. Жаман тәрбие – болашақтағы қайғымыз, бұл-біздің көз жасымыз, бұл-басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз. А.С.Макаренко Мектеп жасына дейінгі кезең – адамның қоршаған ортаны, әлемді, дүниені танитын шағы. Адамның өзіне деген сенімі, эмоциялық тербелісі мен жаңа сезімдердің, жаңа дүниенің қалыптасу кезеңі. Адамның даму кезеңі осы жасқа тән. Әрине әрбір ата-ана балаларының ақылды, тәрбиелі, адал болып есейгендерін қалайды. Бірақ көбінесе ата-аналар балаларының өтірік айтуына жиі кездеседі. Балаларының өтірік айтып тұрғандарын білгеннен кейін ынжырғалары түсіп, «неге бала өтірік айтады?», «Оны бұндайға кім үйретті?», «Не істеуге болады?» деген сұрақтарға жауап іздейдіБізді де осы сұрақ толғандырды. «Неге балалар өтірік айтады?». Медецина ғылымдарының кандидаты Андрей Ипполитовтың айтуынша балалардың өтірік айта бастау кезеңі баланың тілі шыққан кезде басталады. Кіші жастағы балаларға жеңіл өтірік айтуға болады. Мысалы мақтану, асырып айту секілді ұғымдар. Бұл жағдайға ата-аналар көп мән бермейді және дұрыс жасайды деген болатын. Балалардың өтірік айтуы жайлы проблемаларды зерттеген ғалымдарға: Адам А., Алешинцев И.А., Гартьер К., Дубровский Б.И., Знаков В.В., Ильин И.А., Нечаев А.П., Щербатых Ю.К. жатқызуға болады. Осыған байланысты әр ғалым әр түрлі анықтама береді. Х.Вайнриханың айтуынша адам баласы өтірік айтуға бейім тіршіік иесі десе, В.Знаков өтірік деп – шынайлықпен еш байланысы жоқ қағиданың бірі деп түсіндірсе, Августин өтірік-шынайылықты жасырып айту деп түсіндіреді екен. Баланың өтірік айтуы – бұл баланың ата-анаға берген сигналы. Егер баланың өмірінде бәрі жақсы болса,ол өтірік айтпайды. Ең бастысы сол өтіріктің себебін анықтуға тырысу керек. Бала ата-ансын сыйламағандықтан немесе оларды жақсы көрмегендіктен алдамайды. Баланы өтірік айтуға итермелейтін әр түрлі жағдайлар бар. Ал енді мектеп жасына дейінгі балалар өтірігінің қандай болатынын түсіндіріп көрейік. Бала әр түрлі жағдайларға байланысты әр түрлі өтірік айтады. Оның себептері ретінде мыналарды атауға болады: нашар тәртібі үшін жазаланудан қашу үшін немесе ата-аналардың өтірікке деген көзқарасын анықтап алу мақсатында алдауы мүмкін. Сонымен қатар балалар басқа біреуді таңдандыру мақсатында өтірікті келістіріп, асырып айтады, басқалардың назарын өзіне қарату мақсатында өтірік айтады. Тағы бір себептері өзін бұрынғыдан да жақсы көрсеткісі келгенде, жазаланудан қорыққан жағдайда, ата-ананың барлық іс-әрекетіне тыйым салғанда да баланың өтірік айтуы мүмкін. Және балалар 4 жасқа дейін ойын барысында қилға беріліп, шынайы емес өтірік нәрселерді құрастыруы мүмкін. Бірақ бұл өтірікке жатпайды, керісінше баланың дамуына әсер етеді. «Ал бала қай кезден бастап өтірік айта бастайды?» деген сұраққа тоқталсақ жалпы бала ерте кезден бастап, яғни, үш жасынан бастап өтірік айтуды үйрене бастайды. Ең алғашқы өтірік айтуы өзінің жағымсыз қылықтарын ата-анасынан жасырғысы келгенде пайда болады. Екі жасқа дейінгі балалардың даму кезеңі толығымен анасына байланысты. Сондықтан бұл кезде бала ешқандай өтірік айта алмайды. Ал үш жасынан бастап бала барлығын өзі жасағысы келе бастайды. Ата-анасына еркелеп айтқанынан қайтпай, өз қалауын жасатқысы келеді. Егер ата-анасы қалауын орындамаса өзінің айтқанын жасау мақсатында өтірік айта бастайды. Бірақ ол өзінің ата-анасын өтірік айтуымен ренжітенін және оның дұрыс емес екенін байқамайды. Баланың өтірігі деп баланың сол өтірігі арқылы өз қажеттілігін, өз пайдасын жүзеге асыруын айтады. Психологтардың айтуынша балалардың өтірік айткан белгілі бір мақсатты көздейді. Мысалы: Балалар төрт жасқа дейін пайдасын білмей тұрып, мадақтама, мақтау алу мақсатында, 5-6 жастан бастап кінәсін мойындамай жазаланудан қашу мақсатында, 6-8 жасынан бастап өз дегенінен қайтпай, өзінің тәуелсіз екенін дәлелдеу мақстанында өтірік айтады екен. Сонымен қатар психологтар баланың өтірігінен қашып құтыла алмайсың, бірақ ата-ана қол қусырып қарап отырмай әрекеттер қолдана білуі керек дейді. Мысалы мектепке баратын балаларға «өтірік айтудың дұрыс емес екенін, егер сені де біреу алдаса өзіңді қалай сезінер едің» деп түсіндіруге болады. Осы «балалардың өтірік айтуын қалай тоқтатуға болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Ең бірінші позитивті болуға тырысу керек. Мысалы, әкесі «Біз екеуміз анамыздың сүйікті ыдысын сындыры алдық, бірақ біз оны алдамаймыз, керісінше біз оған шынымызды айтайық, анамыз бізді міндетті түрде кешіреді. Бірақ анамыздың көңіл-күйі түспес үшін жаңа ыдыс сатып әперейік» деп айтуына болады. Осы кезде бала өтірікке емес кінәсін мойындауға бейімделе бастайды. Ал екіншіден баланы өтірік айтқаны үшін бірден жазалауға асықпау керек.Сіз керісінше балаға « сен шындықты ғана айтқаныңды жақсы көремін, егер сен үнемі өтірік айтсаң саған ешкім сенбейтін болады, адамдар саған сеніп, сыйлағанын қаласаң өтірік айтпауға тырыс. Егер сен өтірік айтсаң менің көңіл-күйім түсіп кетеді» деп немесе адалдыққа шыншылдыққа байланысты ертегілер оқып беруге болады. Үшіншіден баланы өтірік айту керек болатын жағдайлардан аулақ ұстауға тырысыңыз.Көмектесуге де дайын тұру керек. Мысалы егер балаңыз көжесін немесе алдындағы асын төгіп алса, бірден айғайласаңыз бала өзін жайсыз сезініп ақталуға тырысып, өтірік айта бастайды. Сондықтан керісінше «Сен байқаусызда төгіп алдың ғой, сен уайымдама екеуміз бірге сүртіп алайық, ал келесі жолы абай бол» деп ескертіп, ақылмен айтатын болсақ балаға да бізге де жеңіл болады. Егер бала көп мөлшерде мақтан берсе баланы үнемі мақтап, уақытты бірге көп өткізуге тырысайық, себебі, өйткені бала бұл кезде өз-өзіне сенбей, айналасындағыларды алдап, өтірікті көп айта бастайды. Сонымен қатар балаға «сен өтірікшісің» деген сөздерді айтуға болмайды.Мұндай сөздер баланың өз-өзіне деген сенімін жоғалтып, одан сайын өтірік айтуға итермелейді. Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі абалардың тағы бір ерекшелігі бар. Олар тез еліктегіш, тез бейімделгіш болып келеді.Егер ересек адамдар баланың алдында не жасаса бала соны үйде немесе далада міндетті түрде қайталайды.Сондықтан бала өтірікші емес, тек қана айналасындағыларға еліктегіш жапа шегушілер қатарына жатады. Баланың өтірік айтуы – психологияда әлі толығымен зерттеліп бітпеген проблемаларының бірі. Кейбір ғалымдар баланың өтірік айтуына қарсы тұру мүмкін емес, себебі өтірік айту-әрбір тәрбиелі адам өмірінің бір бөлшегі деген болатын. Баланың өтірік айтып тұрғанын қалай анықтауға болады? Бала өтірік айтып тұрған жағдайда көзге қарамауға тырысады. Басын ұстап немесе көзін жыпылықтатып тұрып қалады. Бірақ бұл баланы кінәлауға себеп емес.Кейде біз өзіміз ересек ададар да өтірік айтамыз, балаларды алдаймыз. Жасыратыны жоқ, күнделікті күйбің тірліктің қамымен жүріп, үйдегі бала-шағаның күйі мен тәрбиесіне атүсті қарайтын ата-аналар блады. Таңның атысы мен күннің батысына дейін, тіпті күндіз-түні үй көрмей жұмыс жасайтындар балаларының бір уақыт көңілін аулап, жағдайын білуге де уақыт таба алмай жатады. Мынадай нәрі кеткен нарық заманында нан табамын деп, сабылып жүрген ата-аналарды да түсінуге де болады. Бірақ баланың не жазығы бар?! Мұндай сәтте бұғанасы қатпаған бала ата-анасының ыстық құшағы мен жылы сөздерін аңсайды ғой. Кейбіреулер балаларының «қайда болдың?», «қайда барасың?» деген сауалдарына орынсыз жауаптар қатып, баланы алдай салады. Мәселен, «алысқа бара жатырмын», «саған көп ақша әкеліп беремін» деген жалған жауаптар баланың санасына сіңіп қалады. Кейде балаға берген уә¬делерді орындамаудың кесірінен олар да өтірік айтуға, алдауға бейім болып өседі. Психологиялық тұрғыда ата-ананың өздері бала санасының өтірік айтуға құмар болуына әсерін тигізеді. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деген. Баланың санасы өте таза болады. Қысқасы, жазылмаған ақ қағазға қара сияны төге салғандай әсер қалдырады. Психологтардың пайымдауынша, кішкентай балалар өздерін алдағанды тез ұғынады екен. Сондықтан да ата-аналар өздерінің күнделікті өмірде көп өтірік айтатынын, соның бәрі балаға әсер ететінін ұққаны дұрыс. Баланың өтірік-ке құмар, сылтауға бейім болып келе жатқанын байқаған сәттен бастап оның алдын алған жөн болады. Ата-аналар баланың неліктен өтірік айтатынын жете түсініп бақылау керек. Мүмкін, бала өзін жақсы жағынан көрсету үшін, өзіне деген ортаның мол сенімін иелену үшін өтірік айтатын болуы керек. Осы жағдайды да ескеру қажет. Белгілі бала психологиясын зерттеуші-ғалым Пол Коулмен үлкендер аптасына 30 рет өтірік айтатынын және сол адамдардың баласы да өтірікке ұмтылып отыратынын тұжырымдады. Психолог П. Экман өтіріктің түрлерін анықтаған. Баланың өтірік айтып, дағдылануына жоғарыда айтылғандай жазадан қорқу, өтірік айту арқылы өзіне қажетті нәрсені алу, өтірік айту арқылы ортаның назарын өзіне аудару, керексіз жағдайлардан өзін аулақ ұстау, өз өмірін қорғау, өзінің дұрыс айтқанын дәлелдеу және өзінің белсенділігін, өзін өзгелерден үстем қылып көрсету жағдайлары себеп болады екен. Көрсетілген факторлар сайып келгенде бала психологиясында жиі көрінетін мінез-құлықтармен біте қайнасып жатады. Сондықтан отбасында алдап-арбау, берген уәдені уақытылы орындамау сынды әдеттерден аулақ болған дұрыс. Кейбір ата-ана баланың өтірік айтқанын сезген бойы оны бірден жазалауға бейім болып тұрады. Олай етудің пайдасы шамалы. Қатты жазалап немесе дауыс көтеріп айқайлаудың кесірінен керісінше, баланы ерегістіріп алуы әбден мүмкін. Себебі олар тез ашуланғыш, тек өз дегендерін ғана іске асырғанды іштей қалап тұрады. Ешқашан «жақсы көремін», «жақсы көрмеймін» деген сөздерді әдейі қолдануға болмайды. «Бар әрі, мен сені осындай қылығың үшін жақсы көрмеймін!» деген сөз¬дерді естіген бала келесі жолы өзін сіздің алдыңызда жақсы көрсету үшін одан ары өтірікті әсірелеп айтатын болады. Психолог мамандар баланың өтірік айтқанын білген жағдайда сабырлылық танытып, дауыс көтермей, жай сөйлеп, баламен оңашада және ересектерше әңгімелесуге кеңес береді. Негізі баланың өтірік айтуға бейімділік қасиетін түбегейлі жойып, санасынан бөлу әсте мүмкін емес. Тек жай ғана балаға жақсы және жаман қасиеттердің айырмашылығын ұғындырып, егжей-тегжейлі түсіндіру қажет. Мұндай жағдайда ата-ананың өз өмірінен келтірген мысалдары маңызды. Сондықтан, біреу хабарласқанда телефоннан балаға «мамам үйде жоқ» деп айта салшы” демес бұрын, соңы қалай болатынын ойлаңыз. Баланың суайттық қасиеті осындай ұсақ-түйек өтіріктерді естіп, санаға сіңіруінен басталады. Дүниені енді ғана танып-біліп, айналасындағы оқиғаларды білуге ынталы баланы өтірік айтпауға, адалдыққа үйрету үшін мынадай негізгі шарттарға көңіл бөлген жөн:
- Айтқан сөзінде тұру керек. Қандай да бір жағдайда уәдеңізді орындай алмасаңыз, балаңызға не себепті орындай алмағаныңызды түсіндіріп, кешірім сұраңыз.
- Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып қойған болсаңыз, мойындап, не себепті өтірік айтқаныңызды түсіндіріңіз.
- Бала шындығын айтқанда қолпаштап отырыңыз, әсіресе айтуына қиын болған сәттерде.
- Балаңызға көп талап қоймаңыз және одан қабілетінен тыс көп нәрселерді күтпеңіз. Есіңізде сақтаңыз: талап көп және қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу үшін өтірікті қор¬ғану әдісі ретінде көп қолданады.
- Өтірік айтса да балаңызды жақсы көретініңізді, оның жаман бала еместігін үнемі жиі айтып отырыңыз. Осы орайда Сахаба аналарымыздың бірі Ләйлә күндердің күнінде дәм-тұз тартып Мәдинаға хижрет етеді.Қасында ұлы Абдуллаh бар болатын. Пайғамбарымыздың үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:
- Балам,келе қойшы, саған бір нәрсе берейін?- дейді. Пайғамбарымыз дереу одан:
- Ұлыңызға не бермексіз? –де сұрады.
- Құрма берейін деп едім-деп жауап қатты әйел. Сонда Аллаh елшісі:
- Егер балаға «бірнәрсе берем» деп шақырып,еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді,-деп ескерткен болатын. Ал енді осыдан қорытынды шығарар болсақ мектеп жасына дейінгі балалар өтірік айтуға тез бейімделіп кетеді.Және олар өтірік айтуды бізден, яғни ересектерден үйренеді. «Балық басынан шіриді» демекші егер балалардың шыншыл, адал болып есеюін қаласақ алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек.Қазақта мынадай сөз бар: «Баланы тәрбиелеудің қажетін жоқ, ол бәрібір өзіңе ұқсайтын болады, сондықтан алдымен өзінді тәрбиеле». Сондықтан баламыз өтірік айтпасын, адалдық, адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіріп есейгенін қаласақ, алдымен өзімізді түзейік....
Ургереева Мөлдір Төлегенқызы 19 жас
Семей қаласы