Асығу

      Адам баласының жаратылысында асығу мінезі бар. Мына екі аяты кәримада

былай дейді:
 
      «Адам асыққыш болып жаратылды.» (Әнбиа 37)
 
      «Адам өте асыққыш.» (Исра 11)
 
      Асығыс тірлікке шайтан араласады. Хадис шәрифтерде: 
 
      «Асығыстық шайтаннан, асықпау Рахманнан.» (Тирмизи)
 
     «Асықпайтындар дұрыс шешім қабылдайды, асыққандар әр ісінде қателеседі.» (Бәйхақи)
 
     Олай болса, кез-келген жұмыс істеуде асықпау керек, тез шешім қабылдамау керек. Асығыс шешімге шайтан араласады. Нәпсінің қалаған нәрсесін жасау ойға келген кезде шайтан: «уақытты өткізбей тез жаса» деп арандатады. Сол үшін жүрекке (көңілге) келген нәрсені жасамастан бұрын: “бұдан Аллаһу та’ала разы бола ма? Жасасам сауап бола ма, күнә бола ма?” деп ойлану керек. Күнә болмаса жасай беруге болады. Осылайша дұрыс шешім қабылданған, асығыстыққа жол берілмеген болады.
 
      Тек бес мәселеде асығу керек:
     1- Қонақ келгенде тамағын беруге асығу.
     2- Күнә жасағанда тәубә етуге асығу.
     3- Намазды уақыты кіре сала оқуға асығу.
     4- Мәйітті жерлеу жұмыстарында асығу.
     5- Қыз немесе ұл баланы, дін ғылымдары мен намаз оқуды үйреткеннен кейін, балиғат жасына толып теңі табылып тұрса ұзатуға немесе үйлендіруге асығу.
 
      «Әш’иа-тул-ләмәат» кітабындағы бір хадис шәрифте: «Ей Әли, үш нәрсені кешіктірме! Намазды уақыты кіре сала оқы, жаназа намазын да кешіктірмей оқы! Жесірді немесе қызды теңіне беруге асық.» деп бұйырылды. Олай болса, намазын оқитын, күнәдан қашатын және нәпақасын халалдан табатын ер жігіт шықса, қызды тез арада соған ұзату керек. Ұзатылмаса фитнаға (бүлікке) себеп болуы мүмкін.
      Бір хадис шәрифте былай делінді:
 
    «Діні, ахлақы (мінезі, әдептілігі) сендерге ұнайтын ер азамат қыздарыңды сұрап келсе, кешіктірмей беріңдер! Егер қыздарыңды ондай кісіге бермесеңдер, фитна мен бүліктің шығуына себеп боласыңдар.» (Тирмизи)
 
     Ғибадаттар мен қайырлы (жақсы) нәрселерді жасауда асығу керек. Осыған байланысты бірнеше хадис шәрифте былай делінеді: «Өлмей тұрып тәубә етіңдер! Қайырлы істерді кедергі шықпай тұрып жасауға асығыңдар! Аллаһу та’аланы көп еске алыңдар! Зекет пен садақа беруге асығыңдар! Осылайша Раббыларыңның рызқы мен жәрдеміне қауышыңдар!» (Ибн Мажә)
 
     «Садақа беруге асығыңдар, өйткені бәле садақаны асып өте алмайды.» (Бәйхақи)
 
   «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер: Өлмей тұрып өмірдің қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, дүниеде ақыретке сауап жинаудың қадірін, қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін, кедейленбей тұрып байлықтың қадірін біліңдер.» (Хаким)
      Дүние-мүлкінің зекетін бермеген, дүние-мүлкін ақырет жолында пида етпеген адам, кедей болып қалғанда өкінеді.