Қоқиқаз

         /upd/2015/1204/14492415695661abe1badd35.51886635.pngҚоқиқаздар (Фламинго)  - дене бітімі ерекше, тұмсығы имек, сирек кездесетін құстар. Қоқиқазтәрізділер сабы және қоқиқаздылар тұқымдасының жалғыз туысы. Қызыл қанат деп те аталады. Қорғалжын қорығындағы Теңіз көлінде  ғана ұялап, жұмыртқалайды. Ол басын суға батырып, түбін қопарып, судағы жәндіктерді аузына толтырып сүзіп алып қоректенеді. Ұя жасауға да су түбіндегі тұнбаны пайдаланады. Ұшып бара жатқан қоқиқаздың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан оларды кей халықтар “от немесе жалын құс” деп те атайды. Қоқиқаз дүние жүзіндегі бойы ең биік және аяқтары мен мойны ұзын құстар. Дене бітімі жұмыр. Дене тұрқы ірі әрі жабайы қаздарға ұқсас, сондықтан қоқиқазды халық арасында қызылқаз деп те атайды. Қораздары мекиендерінен ірілеу. Бойының биіктігі 91 – 120 сантиметрдей. Қораздарының салмағы 4,5 килограмм, ал мекиендерінікі – 3 килограммдай. Қанаттарының ұзындығы 35–49 сантиметр. Ересек қоқиқаздардың қауырсындарының түсі ақ, қызғылт, ұштары қара, ұзындығы 11-16 сантиметр, тұмсықтарының екі жақ жиегіндегі тілімденген “тісшелері” қоректенген кезде сүзгіштік қызмет атқарады. Қоқиқаз топтанып тіршілік етеді. Тұмсығы орта тұсынан бірден төмен қарап иіледі де қойқиып тұратындықтан “қоқиқаз” деп аталған. Мойнының пішіні латынның “S” әрпі тәрізді. Жіліншігі сирағынан 3 еседей ұзын. Саусақтарының арасы терілі жүзу жарғағымен байланысқан.  4 тұқымдасқа бірігетін 3 туысы, 6 түрі бар. Олардың көпшілік түрі экваторға жақын белдеулерде кеңінен таралған. Орталық және Оңтүстік Америкада, Африкада, Еуразияда көптеп кездеседі. Қоқиқаздың кей түрлері (кіші, джеймс қоқиқаздары) қоныс ауыстырмай бір орында тіршілік етеді. Қазақстанда Теңіз, Шалқартеңіз көлдері мен Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында,   Асаубалық, Қоқай, Есей, Қорғалжын, Сұлтангелді, Үлкен және Кіші Қаракөл су айдындарында қызғылт қоқиқаздар кездеседі. Қоқиқаздар жүздеп, мыңдап бір мыңға ұя салып, жұптарын жазбайды. Ұядағы 2-3 жұмыртқаны кезектесіп басып шығарады да алғашқы екі айда құрамы дәрумендерге бай құс сүтімен асырайды. Жеген тамақтарын асқазанында өңдеп, тұмсығын балапан аузына апарғанда ашық қызыл түсті сұйықтық тамшылап ағады екен. Бұның сыры әлі күнге дейін ашылмаған. Ересектері ұшып кеткенде балапандарға қарауға қалған 1-2 тәрбиеші қоқиқаздардың мыңдаған балапанды жүзуге апарып, ұясына қайтаруды адамдарды таң қалдырмай қоймайды. Жұптарын жазбай таяз су жағалауына сазбалшықтан, құмнан және су өсімдіктерінің қалдықтарын араластырып ұя салады. Ұясының беткі жағы жалпақ, түбі конусқа ұқсас сүйірлеу әрі су бетінен 15–20 сантиметрдей шығып тұрады. Ұясына бір, кейде екі жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені кезектесіп басады. 30–32 күннен кейін балапандары ұядан ұшады. Балапандары тез өседі, жақсы жүзіп, сүңги де алады. Қоқиқаздар – жыл құсы. Қазақстанға наурыз - сәуір айларында ұшып келіп, қазан - қарашада Иран, Ауғанстан, Пәкістан аумағына қоныс аударады. Қоқиқаздар шаянтәрізділермен, ұлулармен, жәндіктердің дернәсілдерімен, балдырлардың және су өсімдіктерінің тұқымдарымен қоректенеді. Олардың тіршілігі үшін суы таяз әрі тұзды су айдындары өте қолайлы. Саны жылдан жылға азайып барады.