Павлин

      Павлиндер, тауыстар (лат. Pavo) – тауықтәрізділер отрядының қырғауылдар тұқымдасына жататын құс. Екі түрі бар: кәдімгі павлин(Р. crіstatus) және көк қанатты павлин (Р. mutіcus). Бұлар Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдарында қалың бұталар арасын мекендейді. Қоразының дене тұрқы 110 &‐125 см, салмағы 5 кг-дай болады. Әдемі құйрық үсті қауырсынының (жергілікті халық оны құйрық деп атайды) ұзындығы 120 –130 см. Мекиендері реңсіз, сұр түсті болады. Көбіне жерде жүреді, жақсы жүгіреді, қауіп төнгенде ағаш басына шығып кетеді. Жәндіктер, құрттар, және моллюскалармен қоректенеді. Күйге келген қоразы неше түрге боялған “көздері” бар әдемі құйрық үсті қауырсындарын желпуіш тәрізді жазып жіберіп, тік ұстай алады. Ұясын жерді шұңқырлап, оған құрғақ шөп пен жапырақ төсеп жасайды. Ондағы 4 – 7 қызғылт дақтары бар сұр түсті жұмыртқасын мекиені 30 – 35 күндей шайқайды. Балапандары тез жетіледі, бір айдан соң өз бетінше ұша алады. Көбеюден басқа уақытта топтанып тіршілік етеді. Павлиндер Қазақстанда тек хайуанаттар паркінде және жеке адамдардың қолында ұсталады. Павлиндердің саны жылдан жылға азаюда, сондықтан қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген.