... Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! Н.Ә.Назарбаев.
Қазақтың құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даласы бар. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұндай алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Бізде ондай елдің де барын, бізде ондай ердің де барын мақтаныш етеміз. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Біз бүгін ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халықпыз. Президентіміз үшін мақтанғанымыз, — елдігіміз үшін мақтанғанымыз.
«...Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек. Арпалыспен келмесе, шынайы азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе, оның қадірі бола ма? Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?» - деген Елбасы сөзі «мен-қазақстан- дықпын!» деген әр адамның ойында жүруі керек деп ойлаймын.
Әлемде болып жатқан түрлі дағдарыстарға қарамастан, еліміздің экономикалық , әлеуметтік жағдайды бірқалыпты, біз әлі біргеміз! Еліміз бұл қиыншылықты да жеңіп өтеді деп ойлаймын. Себебі мен саясатты білетін Елбасына сенемін. Оның әр сәтте, әр кезеңде қабылдаған батыл шешімдері еліміздің әлем сахнасының төрінен орын алуына септігін тигізді.
Қазіргі таңда әлем бойынша үздік елдер қатарына қосылу мақсатында Елбасы халқымен бірге алға тартып келеді. Мемлекетімізді дамытуда көптеген игі бастамалар жүзеге асып, өз ісінің нәтижесін беруде. Елбасының «Нұрлы жол», «100 қадам» бағдарламасы бойынша, осынау дархан, тарихы қазынаға толы, ұлан байтақ жерімізде зәулім-зәулім ғимараттар бой көтеріп, үш ауысымдық мектептер жойылып, жаңа заманауи үлгіде балабақшаға қол жеткізіп жатырмыз. Осы істің бәрі Елбасымыздың көрегендігі, елінің тыныштығы үшін, көркейіп дамуы үшін аянбай қызмет етуде.
Қытай философы Конфуцидің тұжырымы бойынша: «Ел басқарушының бойында өзім үшін емес, елім үшін өмір сүремін деген мақсат әрі ел басқарушының бойында философтың, әдебиетшінің қасиеттері болуы тиіс,»- деген. Міне, осы қасиеттердің барлығы біздің Елбасының бойында сақталған. Осындай Елбасы бар біздің ел өте бақытты.
Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға қазіргі мектеп қабырғасындағы түлектерге тікелей байланысты. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар. Сондықтан да жастардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы біздерге, жастарға, ерекше сенім арта отырып, жастардың жағдайын жасауға баса назар аударады. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы– соның айқын дәлелі. Жүрегі «елім» деп соққан әрбір жас қазақстандыққа қанат бітіретіндігі сөзсіз. Бұны Елбасының жастарға деген қамқорлығы деп білеміз.
Елбасының жастарға арналған мына бір сөздері әр жас азаматтың санасында жаңғырып тұратыны анық: «...Жастарға айтарым – сендер халықаралық кеңістіктегі бәсекелестік күрестен сырт қалмауға ұмтылыңдар. Ол үшін тиянақты білім керек. Сосын сол білімдеріңді өмірде жарата білуді, оны нақты пайдалана білуді үйреніңдер. Әсіресе не істеу керектігін жете түсінулерің қажет. Сонымен бірге, сендер қандай да бір өзгерістерге қашанда дайын тұруларың керек».
Соның дәлеліндей, қазіргі кезде мектебіміз ауылдық аймақты жерде орналасса да интернет жүйесі қосылып, онлайн конференциясы, онлайн қашықтықтық оқыту олимпиадасына қатысудамыз.
Елбасының мығым әрі мықты, сындарлы да салиқалы саясатын қолдай отыра, ел игілігі үшін бар күш-жігеріміз бен білімімізді сала бермекпіз. Елінің дамуына үлес қосқан Президентке мен одан әрі осы бағытта елін басқарып, ұзақ өмір сүруін тілеймін. Елбасының саясаты – еліміздің көркеюіне деген бір қадам деп білемін. Еліміз де, Елбасымыз да мәңгілік болғай деп, ойымды ақын апамыз Тұрсынай Оразбаеваның өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Ел тірегі – қайратым,
Абыройым, айбатым!
Отан даңқын асырдың,
Көк туымды жайнатып.
Бағымызға жүр аман,
Нұр сәулетті Нұр-аға!
Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы Ақсуат ауылы
Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебі
9 «а» сынып оқушысы
Меңдіғалиева Оралсын Берікқызы