Еңбек етсең ерінбей...

/upd/2016/0216/145561303356c2e469068e08.86783523.png

    Күн жылынып, қар кете бастады. Әр жерде қылтиып шыққан бәйшешектер көрінеді. Әжем екеуіміз ауладағы бақшаны жинауға кірістік. Ағаштардың түбін қопсытып, арам шөптен тазарттық.
- Енді құлпынайды  сиретіп, қайта отырғызайық, - деді әжем.
- Оның  керегі не, тазартып қойсақ болмай ма?- дедім ойнағым келіп.
- Онда құлпынайды өзім егіп тастайын, піскен кезде сұрамайсың ғой,- деді жымиып.
   Әжемнің ренжіп тұрғанын сезіп, ұялып қалдым. Амалсыздан ойынға бармай, әжемнің қасында қалдым. Күні бойы әжеме көмектесіп, құлпынайдың орнын ауыстырдық. Жерді тыңайтып, қара топырақ  салдық. Егіп болған соң  құлпынайды суқұйғышпен  суардым.
- Енді ойнап келуіңе болады. Бүгін жақсы еңбек еттің. Бірақ  ұмытпа, осы құлпынайдың жақсы жеміс беруіне енді сен жауаптысың, - деді әжем күлімсіреп.
  Жазғы демалысқа шығысымен күнде құлпынайды суарып, арам шөбін жұлып баптадым.Он бес күн өткен соң  аппақ болып гүлдеді. Бір аптадан кейін гүлдер жеміске айналды. Енді құлпынайдың пісуін асыға күттім.
Бір күні таңертең  ұйқыдан оянсам, әжем шай әзірлеп қойған екен.Үстел үстіндегі  тостағандағы қып-қызыл құлпынайға  көзім түсті.
- Әже, мынаны қайдан алдыңыз?-дедім таңырқап.
- Бұл сенің маңдай терің, еңбегіңнің жемісі. Алдымен өзің дәмін тата ғой, - деді әжем. Құлпынай сондай тәтті екен. Бойымды мақтаныш сезімі биледі. Менің қуанышты жүзімді көрген әжем:
- Егер көктемде  ерініп құлпынайды сиретпегенде  мұндай жеміс бермес еді. Және жаз бойы оны шын ниетіңмен мәпелеп өсірдің ғой.«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал осындайдан шыққан, -деді әжем.
      Сол жылы құлпынайдан мол жеміс жинадық. Әжем тосап қайнатып, қыстай жедік. Мұндай тәтті тосапты бұрын жемеппін. Өйткені бұл менің баптаған жемісімнен жасалған тосап қой!

Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы Ақсуат ауылы
Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебі
5 «а» сынып оқушысы
Альбек Назеркем Дарханқызы