Қызыл шар әдемі,
Ішіне жел толған,
Тап болды әуелі
Көгалға құлпырған.
Ұшу да бар ойда,
Жанында алуан шар.
Қызыл шар, алайда,
Секілді жанған шам.
Тұратын қылшылдап,
Тек өзі сықылды,
Доп-сынды тырсылдап,
Мақтанды, күпінді.
Бағы ма, соры ма,
Бұтаққа ілініп,
Бір кезде тобынан
Қалыпты жырылып.
Жел соқса қозғалып,
Жерменен домалап,
Бақ ішін, таң қалып,
Жүріпті аралап.
Жел біліп ұшарын,
Қонарын сай біліп,
Кессе де тұсауын,
Жүрегі шайлығып.
Жүргенде далақтап
Тап болды батпаққа,
Бет-аузы кір-сатпақ,
Бұл деген жақсы ат па?!
Өтсе де жанынан,
Ешкім де алмады,
Жүзіне былғанған
Назарын салмады.
Төбесі шатырға
Көрмеген тиіп те,
Құйын кеп қапыда,
Көтерді биікке.
Ұшсам деп тағы да
Талпынды жоғары.
Инесі сорайған
Ағашқа обалы.
Қаншама жол шекті,
Таусылды жарығы.
Қызыл шар тарс етті,
Жалп етті қабығы.
Ақылбек Шаяхмет