Рия

      Дініміз бір нәрсені өзінің барынан теріс қылып көрсетуді жаман мінез деп санаған.

Әсіресе ахиреттік ғибадаттарды және өзге де қайырлы істерді жасап, адамдарға өзінің

ахирет жолында екендігін көрсетіп, дүниелік қалауларына қауышуы өте үлкен күнә. Өйткені бұл – дүниелік табыс үшін дінді құрал ету, ғибадаттарын адамдарға көрсетіп, олардың сүйіспеншілігіне бөлену болып табылады.
 
      Рияның терісіне ихлас (ықылас) делінеді. Ықылас – дүниелік пайданы ойламай, ғибадаттарды тек Аллаһ разылығы үшін жасау деген сөз. Ықыласты адам ғибадаттарын өзгелерге көрсетуді мүлдем ойламайды. Ғибадаттарын өзгелердің көруі оның ықыласына ешқандай зиянын тигізбейді. Сүйікті пайғамбарымыз: «Аллаһу та’аланы көріп тұрғандай ғибадат ет! Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр!» деген.
 
     Адамдардың сүйіспеншілігіне және мақтауына қауышу үшін дүние істерімен оларға жақсылық жасау да рияға жатады. Ал ғибадатта жасалған рия бұдан да жаман. Аллаһу та’аланың разылығын ойламай жасалған рия бәрінен де жаман. Атақ-абырой үшін уағыз, насихат айту, дін кітаптарын жазу да рия болады. Ғибадаттарына рия араластырудың жамандығы білдірілген хадис шәрифтерде былай делінеді:
 
     «Адамдарға көрсету үшін намазын жақсы оқып, ал жалғыз кезінде бұлай оқымаған адам Аллаһу та’аланы мазақ еткен, Оған құрмет көрсетпеген болады.»
 
     «Дүниеде рия, адамдарға көрсету ниетімен ғибадат еткен адамға қиямет күні: “Ей жаман адам, бүгін саған сауап жоқ. Дүниеде кімдер үшін ғибадат еткен болсаң, сауаптарыңды солардан барып ал!” делінеді.»
 
     «Аллаһу та’ала: “Менің серігім, ортағым жоқ. Маған серік, ортақ қосқан адам сауаптарын содан сұрасын” деп бұйырды. Ғибадаттарыңды ықыласпен жасаңдар! Аллаһу та’ала ықыласпен жасалған істерді қабыл етеді.»
 
     Ғибадат Аллаһу та’аланың ризалығына қауышу үшін жасалады. Басқаның сүйіспеншілігіне, сияпатына қауышу үшін жасалған ғибадат оған табыну болып табылады. Аллаһу та’алаға ықыласпен ғибадат етуіміз әмір етілді. Хадис шәрифте былай делінді: «Аллаһу та’аланың бір екендігіне иман келтіріп, ықыласпен намазын оқып, зекетін берген адамнан Аллаһу та’ала разы болады.»