«Ер халқым бақ заманнан қуат алған
Табыспен тамсандырды жер мен көкті.
Ақ басты Тарбағатай, Арқалды мен,
Табиғат сыйға тартты миуа бағын.
Қарақат, бал бүлдірген, жүзім - алма,
Қарасаң қандырады көздің жауын.
Көсіліп қанат жайып жатыр жерім,
Батыста Талдықорған беттесемін.
Ақсуат, Үржарменен көрші қонып,
Шығыста Қытайменен шектесемін.
Атанған «Жібек жолы» сайын далам,
Герадот «Жер кіндігі» - деп пұлдаған.
Мазасыз Ебі желін Марко Поло,
Ілияс, Ұлы Пушкин көп жырлаған.
Айнадай жарқыраған Алакөлім,
Барлығым, барлық дерттің тапқан емін» - деп Мұқаншылық ақын Дәулетқан Тастанбеков жырлағандай бағы заманнан белгілі болған Мұқаншы өңірінің тұла бойы тұнып тұрған тарих екендігі көкірегі ояу бүгінгі ұрпаққа да аян болар. Ұлы қазақ даласының екі өлкесі түйіскен, жер жаннаты Жетісу мен аңызға толы шексіз дала Сары-Арқаның тоғысқан жері - осы Мұқаншы өңірі, жері шүйгін, құнары мол өңір. Аңызға толы айтулы өлке. Аяғын Алакөлге матырып, арқасын қарт Тарбағатайға сүйеген жалпақ даланың жылнамамызға жазылмаған көне тарихы атамыздан баламызға мирас болып, жылдар жылжыған сайын аңыз - жырдың қоры мол көмбесіне айналып келеді. Төрткүл дүниенің түкпірін түгел шарлаған Асанқайғы бабамыз Мұқаншы өлкесіне аяқ тірегенде кербез Арқалды тауына, Жайтөбенің қарауыл төбесіне сүйсіне көз тігіп тұрып, «Шіркін жердің жаннаты Жетісумен арқасы кең Арқаның басталған жері осы екен ғой» - деп тамсанған екен. Артынша атының тізгінін тартып тұрып айналасына көз салған баба «Жер десе жер - ақ екен, бірақ ұрыс иісі шығып тұр екен» - деп толғана қатты күрсініпті. Ия, шығыстан талай ғасыр ақтарылған қалың жау қазақ жерін осы өлкеден, біз, бүгінгі ұрпақ қогыс теуіп отырған Мұқаншы өңірінен бастап жаулағанын тарих қойнауына көз жіберіп барып біліп отырмыз. Атынан заты мәлім болған осы өңірдің қанды шеңгелдің тұзағындағ жау табанының астында күңіренгенін, алдында не күтіп тұрғанын сәуегей ата Асанқайғы біліп айтқан екен ғой. Тіпті арыға бармаған күннің өзінде, бергі тарихымызда талай белгілердің жатқандығын кешегі көне көз қарттарымыз, шежіреші - шешендеріміз жыр ғып айтатұғын. Тарбағатай тауының күңгей жақ бетіндегі сай саланы қуалай аққан Келдімұрат, Қатынсу, Көктерек, Ойран өзендерінің төменгі сағалары қосылып Қатынсу өзенін құрайды да ол Мұқаншының жазық даласын басып Ит ішпестің (Алакөл) көліне құяды. Жері жартылай шөлейтті болып келетін осы Мұқаншы жерінің табиғаты өзендер тоғысқан тұста ерекше құлпырып, топырағы құнарлы, суылы - нулы өлкеге айналғандай. Ертеректе бұл даланы қалың ши басып жатқан дейді көне көз қарттар... осы ауылда Мұқан деген емші, адам ағзасынан қан алып емдікпен айналысқандықтан «Мұқан қаншы» атап кетіпті. Кейін келе сөз тіркесі қысқарып Мұқаншы аталған деген сөз бар. Ал бәз біреулердің айтуына қарағанда бұл жерді қалың ши басқан көрінеді. Ат аяғын алып жүре алмайтын, ит тұмсығы батпайтын дүт шидің ішінен жоғалған малды табу шөп ішінен ине іздегенмен бірдей - дейді қарттар. Сондықтан ауыл тұрғындары мол шиден орып ікеліп бойра немесе өре, киіз үйдің ішінен ұстайтын ши тоқып кәсіп қылған екен. - Уәй, қайдан келесің? - Мұқанның шиінен. Осыған байланысты кей адамдар «Кейін бірте-бірте «Мұқанның шиі» тіркесі айтыла келе « Мұқаншы» атапты» - деген де ойларды ортаға салады. Менің ойымша Мұқаншы сөзі шығу тарихы алыста жатқан көрінеді. Ұлы Шыңғысқан әскері Найман хандығына жорыққа аттанғанда Тарбағатай жотасын асып, осы Мұқаншы даласына ат тұяғын тірегендігі тарихтан белгілі. Олай болса жер атауы қалмақтың сөзінен кірген кірме сөз бе деп тұжырымдаймын. Өйткені Жоңғар шапқыншылығы кезінде осы өлкенің жау иелігінде болғаны белгілі. Алтайдан Атырауға дейінгі Ұлы даланың өң бойында жер мен су, өзен мен көл, тау мен тас, жазықпен қыраттың қалмақ ат қоймаған жері некен саяқ. Сондықтан Мұқаншы атауының да қалмақша қойылуы ғажап емес. Терең ой жіберіп қарасақ Мұқаншы сөзі - қалмақша «сулы жыра, сулы арна, бастау» сияқты мағына береді. Былайша айтқанда жыралы су, жыралы өзен дегенге саяды. Ауылға сырттан ешқандай өзен келіп кірмейді. Ал ауылдың солтүстік жағынан бастау алатын кішкене бұлақ, ауылдың ортасын екіге бөле кесіп өтіп, өз арнасын жыралап оңтүстікке қарай ағады да ауылдан шыға бере әжептәуір қарасуға, өзенге айналады. Сөйтіп ауылдың бір шетінен бастау алған бұлақ, екі жағын жыралай, жарқабақтап екінші бетіне шыққанда әжептәуір ағынды суға айналады. Атау осыған байланысты «Жыралы су» - Мұқаншы - деп қойылуы шындыққа жанасымды. Құрбанғали Халидтың «Тарауих хамса» (Бес тарих) кітабында Ұлы Сарыарқаның осы Мұқаншы жерінен бастау алатыны нақтылап жазылған. Мұқаншының оңтүстігіндегі кіші-кірім тау сілемдері «Арқалды» деп аталады. Ал анау Еміл өзенінің шығысы мен Бұғыбай жазығына дейінгі ұзыны қырық, көлденеңі он бес шақырымнан асатын жазық тау қыратқа тіреле келе тік көтеріледі. Пайымдап қарасаң шындығында арқаның алды осы жер сияқты. Жыр дүлдүлі Әсеттің осы жерді арқа жері, өз жерім деп жырлауы, арғы бетте жүргенде осы өлкеде қалған ел-жұртын сағына «Сәлем де ағайынға арқадағы» - деп жырлауы тегіннен - тегін болмаса керек. Мұқаншы өңірі тарихтың бай өлкесі. Шыңғыс ханның немересі Ежен ханның Ақ ордасы да, оның астанасы да осы өлкеде болған деседі. Біздің тұрған жеріміз туралы әйгілі ғалым Шоқан Уалихановтың мұрағаттарынан алынған деректерге қарағанда бұл жерге орыс көпесі Хорошевтың атын жамылып келген Ресей діни елшілігінің Пекиндегі бұрынғы приставы Н.И.Любимовтың 1845 жылғы «Шығысқа сапар» күнделік журналында Жайтөбе туралы мынандай жазба дерегін қалдырған екен. «Осы жақтарды жетік білетін қазақтың айтуынша, Жайтөбеде пикет болғаны өте жақсы болар еді. Бұл Тарбағатайдың осы жағындағы (Шәуешек жағындағы) жеке тау, не төбе: оған жақын Құлжа керуендері жүреді, оның өзінің қасынан Аякөзден Шәуешекке баратын жүргінші өте алар еді (ол Күтелден шалғай қашықта емес). Бұл таудан Қатын су өзені ағады және ол осы жерден тармақталады. Жалпы пикеттің құрылуына қажет жағдайдың барлығы бар. Сонда Шәуешекке жақын қоныстанатын қырғыздардың барлығына ықпал жүргізуге болар еді және кееруен жолдары да қауіпсіздендірілетін еді (Аякөзге барсаң да, Көкпектіге аяқ бассаң да - қайда болса да қауіпсіз болар еді, өйткені бұл жасақпен қажетінше барлық жерде әрекет етуге жеңіл болар еді, тіпті әрекет етуге мәжбүр болмас та едік, өйткені орыс жасағы алыста емес дегеннің өзі - барлығын тәртіппен ұстауға жеткілікті болар еді) - және де қытай басқарушылары да бізге ьанауларын соншалықты көтермес еді, орыс көпестерімен жақсы тіл табысатын еді. Егер Жайтөбеде орыс жасағы болатын болса, айналадағы ұры - қарыларда мүлдем жуаситын еді» бұл деректер Шоқан Уалиханов шығармалар жинағында (4 - том 322 – 323 беттер. 2010 жыл Алматы қаласы). Міне осы жазба дерекьердегі пикет орналасатын жер Қатынсу өзеніне онша алыс емес Мұқаншы ауылы болды. Мұқаншы ауылының іргесі 1847 – 1850 жылдар шамасында қаланған көрінеді. Ертеректе ауыл аты келімсек қоныстанушылардың атауымен «Иваново» - деп өзгертіліп аталыпты. Міне, менің ауылымның атауы бүгінгі күнде Мақаншы деп аталады.Әркімге өзінің кіндік қаны тамған жерінен артық ештене жоқ, әрине. Мен өз ауылымның патриотымын,болашақта елімнің өркендеп өсуіне, Хакім Абай атам: « сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан»- дегендей ауылымның үлкен бір қалалық аумаққа айналдырсам деймін.
Жолдаған: Елубаев Нұрасыл10 жас
ШҚО Үржар ауданы,
Мақаншы ауылы,
«Мақаншы орта мектеп-бақша» КММ
4 «А» сынып оқушысы