Еңбек етсең ерінбей...

/upd/2016/0125/145371112256a5df12a06fc6.89645676.jpg

«Адамды адам еткен – еңбек»-, дейді қазақ. Қазақ деген сөзге бай халық қой шіркін! «Еңбек ету» деген сұрақты өзіме қойып жауап іздесем, бірінші көз алдыма кішкене жәндік құмырсқа келеді. Адам баласы еңбек етуді құмырсқадан үйренгендей, сірә!.Себебі, құмырсқадан еңбекқор тіршілік иесі жоқ сияқты. Жаз бойы дәнін, өзіне жеткілікті етіп азығын жинап, соны азық етіп шығады. Бұған Крыловтың «шегіртке мен құмырсқа» мысалы дәлел. Шегірткенің құмырсқаның аяғына бас ұра: «қарағым, жылыт тамақ бер, жаз шыққанша асыра» деп жаз бойы гөлайттап қызықпен жүріп қыс боларын білмеген, жалқау адамдардың жаман,еріншектігінен жерінуге, құмырсқанын еңбекқорлығын үйренуге жол сілтейді. Еңбек еткен адам әрине, тоқ адам. Жеп отырған нанымыз диқанның маңдай тері жаздың шіліңгір ыстығына талмай еңбек етсе, бізге дайын нан келгендей ойлаймыз. Дәнін терлеп еккен диқан, білім нәрін төккен ұстаз,науқасты емдеген дәрігер, көмір қазған шахтер,күні -түні ұйықтамай ел тыныштығын қамтамасыз еткен шекарашылар,қоғам тәртібін қадағалайтын полиция қызметкерлері де ойлап қарасамда, айналама көз салсам да бос жүрген жан иесі жоқ. Бұл әрекеттерге қарап,менің де бос жүргенім болмас деп, сабақтан келе салысымен әкеме көмектесіп,қолғабыс еттім. Мектепте ұстазымыз Шынар Қаликәрімқызы: «Ерінбей еңбек етсең – ерінің асқа тиеді,ерініп ілбіп кетсең – иегің тасқа тиеді» деген мақалды жадымызға сіңіріп келеді. Еңбек еткен адам биікке жетеді.Сыныбымыздағы барлық 25 оқушы талапты,еңбектеніп тек жақсы бағалар алады. Отбасымызда әкем мен анамда: « еңбектің арқасында талаптанып білім алып үйренем десең жол ашық «-, деп айтады. « Бұл- білімнің заманы, білімнің ғасыры» деген әке- шешемнің сөздерін санамнан шығармаймын.Әкем маған: «сенің еңбегің мектепте сабағыңды жақсы оқып,тәртіпті болып әке- шешең мен ұстазыңа мақтаныш болсаң соның өзі еңбек»,- деп түсіндірді.Хакім Абай атам айтқандай: Бақпен асқан патшадан, Мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық, - деп, ерінбей еңбек етіп, сол еңбек арқылы өмірден керегіңді ізде, адам баласының күн көрісі үшін де, адам болып жұрт қатарына қосылуы үшін де, еліне қызмет ету үшін де ең бірінші керек нәрсе еңбек деген қорытынды шығарады. Еңбектің адам баласының керегі үшін жұмсалуын өз ойының қазығы етеді. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған айуанның бірі боласың. Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді. Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өңбек. Тек еңбек ғана қиындықты жеңбек. Елбасымыз баршамызды ел игілігі жолындағы қызмет ету әр азаматтың парызы деп атап көрсетен болатын. Кедейлік кетсін десең, еңбек ет, Молшылық жетсін десең, еңбек ет.- дейді,ата- бабаларымыз. Еңбек еткен адамға кедейлік те жоламайды, керісінше еңбек байлыққа апарар жол. «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз, надан, арсыз келеді; әрбір арсыз, жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» - деп, әлгі әлеуметтік тұлғаның басында кездесетін кертартпа, келеңсіз сипаттарын Хакім Абай атамыз өз өлеңдерінде ашып көрсетті. Абай дәулетінің ішінде біраз мал бітсе байлығын еңбекпен молайта көбейтіп, әлеуметтік ахуалды жақсарта түсудің орнына арамтамақтық өмір кешетін топтасрдың бар екенін көре білді. Олар мал көбейсе малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын...» - деген өткір жолдармен еңбексіздікті, талапсыздықты сынап, одан сақтандырды. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ - өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» - деп еңбекті құдайдан кейінгі екінші орынға қояды. Сонымен қатар: «Түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып, білім алған...» -деп ой тұжырымдайды. Егін егіп еңбек қылған адамға бәрін берер, жасынан оқу оқып білім алған адам биікке өрлемек. Ғылым таппай мақтанба...» өлеңінде: «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз.Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой - Бес асыл іс көнсеңіз...» -деп, адамның әлеуметтік қасиеттерді жинақтап көрсетеді. Бес асыл іске «еңбек» кіретінін көріп тұрмыз. Жаманнан жиреніп,жақсыны үйреніп Абай атам санамалап айтқан бес асыл істі бойымызға дарыта білсек өзімізді адам есебінде санауымызға болады. Мен болашақта еліме еңбек етіп, қызмет қыламын.Алдыма қойған мақсатымда анық: «Еңбек ет те, міндет ет».Барша қазақ баласын еңбексүйгіш болуға шақырамын. Біздің сынып оқушылары қатарынан екі жылда 16-18 бала Облыстық қазақ тілінен интеллектуалдық олимпиада жүлдегерлері.Әрине, бұл оқыған еңбегіміздің жемісі.

Жолдаған: Мәденихан Ғанибет 9 жас
ШҚО Үржар ауданы
Мақаншы ауылы
«Мақаншы орта мектеп-бақша»
КММ 4 «а» сынып оқушысы