Дініміз қарттарды құрметтеуге аса мән берген. Пайғамбарымыз: «Жас адам бір
қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына барғанда Аллаһу та’ала оған жастарды құрмет еттіреді» деген. Бүгіннің жастары ертеңнің қарттары деген сөз. Кәрі болмаса да жасы үлкендерді құрметтеу дініміздің маңызды әмірлерінің бірі. Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес.»
«Қарттарға құрмет және сияпат, Аллаһу та’алаға деген құрметтен.»
«Мұсылман – әлсіздерге, ауруларға, кәрілерге және кішілерге мейірім етеді.»
Қонаққа барғанда жасы үлкендерден бастау керек, ал бір нәрсе берерде жасы кішілерден бастау керек. Қарттарға құрмет көрсеткенде бай кедей деп бөлмеу керек. Байға байлығы үшін құрмет етілмейді. Хадис шәрифте: «Байға байлығы үшін қарапайымдылық танытқан адамның дінінің үштен екісі кетеді» делінген. Ислам ғалымдары мал-мүлкіне бола байды көтеріп, кедейлігіне бола кедейді төмендеткен адамның лағынетке лайықты болатындығын айтқан.
Мәулана Жәлалиддин Руми хазреттері бір күні уағызында бір жас жігіттің қарт кісіден жоғарыға шығып отырғанын көреді. Ол жігітке ешнәрсе деместен «Хазреті Әлидің таң намазына бара жатып алдында кетіп бара жатқан христиан шалдың жасына құрмет көрсетіп, озып оның алдына өтпегенін және осы себепті намазға кеш қалғанында, бірінші рәкаттың рукуында Жәбрейіл алейһиссалам расулуллаһтың арқасына мейіріммен қолын қойып оны күттіргенін және хазреті Әлидің осылайша үлгере алғандығын» айтып:
- Мұсылмандықта тіпті Христиан кәрілеріне құрмет етілгеніне қарағанда, мұсылман қарттарына бұдан да көп құрмет ету керек. Әсіресе өмірін исламға қызметпен өткізген қарттарға сый-құрмет көрсеткен жастардың Аллаһу та’аланың дәргейінде қаншалықты үстем мәртебеге қауышатынын ойлау керек!- деді.
Бұл насихатты тыңдаған әлгі жігіт ұмытпастай сабақ алып, бұдан былай үлкендерден жоғары шығып отырмайтын болды.