Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әр түрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі – миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен. Миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, рудың тотемдік бабасы, ілкі атасы мен жасампаз қаhармандар туралы, олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап, бірте-бірте «қасиетті» сипатынан айрылған, құпия болудан қалған. Осының нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер басқа сипат қабылдаған, тіпті мифті айтушы бара-бара өз жанынан да қосатын болған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипаттан айырылған. Мифтің себеп-салдарлық белгісі жоғалған. Бірте-бірте мифтің бұрынғы масштабы тарылып, әңгіме жеке бір адамның тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға, содан соң ертегіге айналады. Ертегінің тағы бір тамыры – алғашқы рулық қауым адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаялары. Алғашында шын болған оқиғалар негізінде айтылған әңгімелер бірте-бірте ел арасына тараған сайын қоспалармен толықтырылып, хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен. Осындай аңшы мергендер жайындағы әңгімелер қазақ ертегілерінің құрамында аз емес. Әрине, олар біздің ертегіде сол ежелгі замандағы күйінде емес, көркем фольклорға айналған формада көрінеді. Алғашқы қауымдағы мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат мақұлықтар (жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір, т.б.) бұрынғы аңшылар әңгімесіне кірігіп, хикая туғызады. Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге де айналады. Оның ертегі құрамында жүретіні де сондықтан. Бірақ мифтің ертегіге айналу жолында хикая мен ертегі қатар өмір сүреді, сол себепті миф, әсіресе, хикая өзінше жеке айтылып, елге жайылады.
Жолдаған: Айдынқызы Нұрай 11 жас
Қостанай облысы