Адамның өзін басқалардан жоғары санауы, жақсылықтарын, ғибадаттарын
үстем деп көруі жаман мінез болып табылады. Аллаһу та’ала өзін басқа
лардан үстем деп көруді және үстем деп білуді харам еткен. Сүйікті пайғамбарымыз: «Көңілінде зередей (титімдей) тәкаппарлығы, үстемдік сезімі болған адам жәннатқа кіре алмайды» деген. (Мүслим)
Тәкаппарлық – өте жаман мінез. Аллаһу та’аланы ұмытудың белгісі. “Мен тәкаппар емеспін” деген адам тәкаппар болып табылады. Тәкаппарлық барлық жақсылықтарға тосқауыл болады, барлық жамандықтарға жол ашады.
Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Аллаһу та’ала тәкаппар адамның дәрежесін түсіреді, қарапайым адамның дәрежесін көтереді.» (Табарани)
«Өзіне басқалардың құрмет көрсетіп, басын иіп тік тұруын қалайтын адам тозаққа дайындала берсін!» (И.Ахмед)
Адамдардан надан болғандары жеті нәрсеге қауышқанында өзін басқалардан үстем деп көреді. Тәкаппарлануға себеп болатын жеті сипат мыналар: Дін және дүниелік ілімдерде ілгерілеу, жасалған ғибадаттар, текті жанұядан шығу, әдемі болу, күшті болу, мал-мүлікке (байлыққа) және мансапқа (лауазымға, билікке) ие болу. Бұлар жақсы ниетпен жасалса, барлығы да Аллаһ разылығына қауышуға себеп болады. Адамдарға пайдалы болуға септігін тигізеді. Бұл сипаттарымен өзін үстем көріп, тәкаппар болғандарды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді. Көре алмаушылық, күншілдік, жек көрушілік және рия да тәкаппарлануға себеп болады.
Тәкаппарлықтан құтылудың шарасы қарапайым болу. Қарапайым, кішіпейілді болу тәкаппарланбау деген сөз. Аллаһу та’ала: «Тәкаппарланғандарды жақсы көрмеймін, қарапайым болғандарды жақсы көремін» деген. Сүйікті пайғамбарымыз да «Аллаһу та’ала қарапайым болуды маған әмір етті. Әшбірің ешкімге тәкаппарланбаңдар» деп бұйырды. (Әбу Дауд)