Зүл-хиджа айының қасиеті

      Құрбан мейрамы болатын ай – Зүл-хиджа деп аталады. Зүл-хиджа айының алғашқы 10 күнінде орындалған ғибадаттар өте қадірлі болып саналады. Бұл туралы хадис шәрифтерде былай делінеді:


«Зүл-хиджаның алғашқы күндерінде ауыз бекіту, бір жыл ораза ұстағанмен; бір түнін ғибадатпен өткізу Қадір түнін ғибадатпен өткізгенмен пара-пар.» (Ибн Мажә).


«Зүл-хиджа айының алғашқы 10 түнінде жасалған әрбір ғибадатқа 700 есе артық сауап жазылады.» (Бәйһақи).


«Тәруия күні (Зүл-хиджа айының сегізінші күні, яғни Құрбан мейрамының арапасынан бір күн-бұрын) ораза тұтып, күнә сөз айтпаған мұсылман – Жұмаққа кіреді.»(Рамуз).


«Зүл-хиджаның алғашқы тоғыз күнінде ораза тұтқан адам, әр күні үшін – жүз құлды азат еткендей немесе  Аллаһ жолындағы мүжаһидтерге жүз ат жібергендей немесе Қағбаға құрбан шалдыру үшін жүз түйе жібергендей сауап алады.» (Р.Насихин).


«Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінің құндылығы мың күнге тең, Арапа күні болса он мың күнге тең.» (Бәйһақи).


«Аллаһтың алдында зүл-хиджаның алғашқы 10 күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ. Бұл күндері тәсбихті (Субханаллаһ), тахмид (әлхамдулиллаһ), таһлил (Ла илаһә иллаллаһ) және тәкбірді (Аллаһу әкбар) көп айтыңдар!» (Табарани)


Сахабалар “Йа Расулаллаһ, бұл айдың алғашқы күндері жасалатын амалдар Аллаһ жолындағы жиһадтан да құнды ма?” дегендерінде пайғамбарымыз «Иә, жиһадтан да құнды болады. Бірақ жанын, малын аямай соғысқа барып шаһид болған адамның жиһады өте құнды болады» деп бұйырңан. (Бұхари)


Хазреті Әбуддәрда былай дейді:


       Зүл-хиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза тұту керек, көп садақа беру керек және көп дұғамен истиғфар ету керек! Өйткені расулуллаһ алейһиссалам: «Бұл он күннің игілігінен және берекесінен махрұм қалған адамға обал болсын» деп бұйырды. 
       Зүл-хиджаның алғашқы 9 күнінде ораза тұтқан адамның өмірі берекелі болады, мал-мүлкі көбейеді, бала-шағасы бәлелерден қорғалады, күнәлары кешіріледі, жақсылықтарына көп еселенген сауап беріледі, өлерінде оңай жан тапсырады, қабірі жарық болады. Жаннатта жоғары дәрежелерге қауышады. (Шир’а) 
Бұл он күн ішінде Әһли сүннетке сай кітаптарды оқу - өте үлкен сауап болады. Дін ғылымын Әһли сүннет ақидасынан үйрену әрбір мұсылман әйел мен еркекке парыз. Балаларға үйрету ең әуелгі міндет.