Динозавр

     Динозаврлар (Dіnosaurіa) – 160 миллионға жуық жылдар бойы жер бетіне үстемдік еткен жануарлар. «Динозавр» сөзі грекше «қорқынышты кесіртке»
деген мағына береді. Себебі ғалымдар оларды кесірткенің бір түріне жатқызған. Динозаврлар жер бетінде алғаш рет 225 миллион жыл бұрын пайда болып, 65 миллион жыл бұрын нәсілдерімен құрып кеткен. Жануарлардың ішіндегі ең ірілері болған алып динозаврлар көлемі жағынан пілдерден де біраз асып түскен. Сонымен қатар жер үсті алыптарынан бөлек өзге мұхитта да құбыжық (монстр) жорғалаушылар өмір сүрген.
     Динозаврлардың түрлері:
     Кесіртке жамбасты динозаврларға: жыртқыш динозаврлар, прозауроподтар зауроподтар; ал құс жамбасты динозаврға: орнитоподтар , стегозаврлар, анкилозаврлар, цератопстар немесе мүйізді динозаврлар жатады. Алғашқы динозаврлар артқы екі аяғымен, кейінгілері төрт аяғымен жүруге бейімделген. Жыртқыш динозаврлардың артқы аяқтары құстардың аяқтарына ұқсас болған. Көптеген құс жамбасты динозаврдың үстінде жыртқыштардан қорғануға бейімделген түрлі бұдыршақтар, сүйек сауыт, мүйіздері болған. Динозаврлар жұмыртқа салып көбейген. Көптеген ғалымдар динозаврды жылықанды жануарларға жатқызады, бірақ олардың жылу реттеуші жабынды қабаты болмаған. Динозаврлардың 35 түрінің 300-дей қаңқа сүйегі Канададағы «Динозаврлардың провинциальдық саябағында» сақталған.
 Динозаврлардың жойылуы:
     Ғалымдардың айтуынша, 65 миллион жыл бұрын сағатына 54 000 км жылдамдықпен шамамен 10 км-ді құрайтын метеорит жер бетіне келіп соғылған. Жарылыс нәтижесінде атмосфераны шаң қабаты қаптап, жер бетіне айлар бойы күн түспеген. Күн суытып, жер бетінің өсімдік жамылғысының өзгеруіне байланысты динозаврлар толығымен жойылып кеткен. Кітаптарда олардың жойылу себептері әр түрлі түсіндірілген. Алайда динозаврлардың жойылуының нақты себептері әлі де құпия болып қалуда.

/upd/2015/1128/1448699625565966e941dec4.61409251.jpg

 

/upd/2015/1128/144869966756596713cbbd29.80534741.jpg

/upd/2015/1128/14486996945659672eb39811.26157887.jpg