Бала әуелде сәбилерге арналған төсекке жатқызылған еді. Сонан соң бір күні: "Осы бала тым еркінсіп бара жатыр. Бұл үлкейген сайын айтқанымызды қылмайтын болады әлі. Мұны бесікке бөлеп тастау керек" деген дауыс естілді.
Баланың жүрегі зырқ ете қалды.
"Мені жазалағалы жатыр, - деді бала. - Өзім де тым еркінсіп кетіп едім. Бесік дегендері қандай болады екен?"
Сол күні үйге бесік алып келінді.
"Бесік дегендері осы екен ғой, - деді бала бесікке қарап жатып. - Мына кемпірі кім тағы?!"
"Жатпаймын бесіктеріңе! - деді бала ішінен айқай салып. - Көнбеймін бұғауларыңа! Шектемеңдер еркіндігімді!"
"Мына кемпірдің бәлесін-ай! - деді бала. Алды да бесікке бөлеп тастады. Әже деп осыларды айтады екен ғой. Ал ойнап көр әжелермен. Ерегіссе, алады да бесікке бөлей салады".
"Ішінің жып-жылысын-ай! - деді бала, - Кішкене мызғып алсам ба екен? Қара шалдардың ойлап тапқаны-дағы. Қара шалдардың ойлап тауып жүргені. Осы бесікті қалай талдан иіп жасасақ, ұрпағымызды да тәрбиемізге солай иіп көндіріп отырамыз дегендері. Бетіңмен жібермеймін деп бесігіңнен сес көрсеткендегісі".
"Бөлеп бердім, - деген кемпірдің дауысы шықты. - Өзің тербет".
"Шешеме беріп жатыр, - деді бала. - Дұрыс қой енді. Баланы кім тапса, сол тербетсін дегені. Кәрі кісі шаршайды ғой".
"Әлемнің тұтқасы деп жүргендерің осы, шырағым, - деді тағы да кемпірдің дауысы. - Әлемнің бұдан артық тұтқасы деген болмайды. Әлемнің тұтқасы деп жүргендерің, сол - сәбиіңнің бесігі".
"Дұрыс айтады, - деді бала. - Әлемнің тұтқасы деген - бізбіз! Бізден маңызды кім бар?! - деп шіренді сәби".
Бала көзін ашып алды.
"Ау, мына кісі ән салып жатыр ғой! Менің шешем ән салады екен ғой, өзі?! Ау, шеше, айтқан соң жөні түзу ән айтсаңызшы. Сіз қазіргі қазақ эстрадасының репертуарына түсіп кеттіңіз ғой. Айтқан соң бағзының әндерін неге айтпайсыз? Халықтың әндеріне салсаңызшы. Ақыры қол-аяғымды тас қылып бесікке бөлеп тастаған екенсіңдер".
"Осы әкем ән сала ала ма екен? - деп ойлады бала. - Шынында да әкем ән сала ма екен? Өзі төбемнен төніп қарап тұрады. Саусақтарын жыбырлатады. Мені соған күледі деп ойлай ма? Ойнатқансымағы-дағы".
"Күйтабақты өзгертіп жатыр, - деді бала. - Шешем күйтабақты ауыстырып жатыр. Халықтың әніне салып жатыр".
Бөлмеден жас келіншектің ән салған дауысы естілді.
Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды.
Угай-әй...
Бала бірте-бірте маужырап ұйықтап бара жатты.
Ғабиден Қожахмет