Арыстан

       /upd/2015/1204/14492480335661c521b754f9.11016760.jpgБіз мысық тұқымдасына жататын жолбарыстан кейінгі ең ірі жыртқыш жануармыз. Бөкен, қарақұйрық, импала (қара тұяқ киік), жабайы буйвол, зебра, жираф сияқты жануарлар біздің негізгі қорегіміз болып табылады. Еркек арыстандар ұрғашыларына қарағанда ірі болады. Орташа жасымыз 15 жылға дейін. Алайда хайуанаттар паркінде 30 жылға дейін тіршілік ететін арыстандар да болған. Біз арыстандар киноларда және мультфильмдерде көрсеткендей қалың орманды жерде өмір сүргенді ұнатпаймыз. Ұзын шөпті, аз ағашты, ашық жерлерді таңдаймыз. Бұрынғы замандарда Еуропада, Азияда және Африкада өмір сүретін едік. Ал қазір негізінен Африканың орта, шығыс және оңтүстік аймақтарында мекендейміз. Ал Азияда аса көп емеспіз. Тек қана Үндістанның Гуджарат штатындағы Гир орманында қорғау астында тіршілік ететін бірнеше Азия арыстандары бар. Жалпы мысық тұқымдастары бостандыққа әуес болады және жалғыз тіршілік етеді. Ал арыстандар ерекше болады. Әдетте бір арыстанның отбасында барлығы бір-біріне туыс ұрғашы арыстандар болады. Олардың саны кейде 12-ге дейін барады. Ал еркек арыстандардың саны 1-ден 4-ке дейін болуы мүмкін. Еркек арыстандар отбасын басқа еркектерден немесе өзге дұшпандардан қорғайды. Еркек арыстандардың немесе арландардың отбасына үстемдігі орта шамамен 2 немесе 3 жылға созылады. Әдетте осы мерзімнің соңында бөтен арлан немесе арыстандар тобы отбасына үстем болады. Ұрғашылар бір туғанда 2-5 абдан (арыстан баласын) дүниеге әкеледі. Туылғанда орташа салмағы 2,5 кг болады. Алғашқы екі аптада көздерін ашпайды. Біз балаларымызға жақсы ана және әке боламыз. Оларды жақсы көріп, жақсы қамқор боламыз. Отбасындағы барлық ұрғашылар кішкентай абдандарға ана болады. Бірақ 2 жасқа толған еркек арыстан отбасынан айырылуға мәжбүр. Себебі, өз отбасын құруы қажет. Ұрғашы арыстандар жалпы туылған отбасыларында өмір сүре береді. Біз тек қана ет жейміз. Бөкен, жабайы буйвол және зебрамен қоректенеміз. Аң аулауға көбінесе қаншырлар (ұрғашы арыстандар) шығады. Аулайтын аңдарымыздың көбісі бізден қатты жүгіретіндіктен аңға топ болып шығып, жоспарлы түрде аулаймыз. Еркек арыстандар бір жегенде 43 кг, ұрғашылары болса 25 кг ет жей алады. Бірақ іс жүзінде күніне орташа 8-9 кг ет жейміз.