Лемурлар — төменгі сатыдағы (жартылай) маймылдар отряды тармағының бір тұқымдасы. Денесінің ұзындығы 12 — 46 см, құйрығының ұзындығы 13 — 51 см. Артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан ұзын. Артқы аяғының екінші саусағындағы тырнағының ұшы үшкірлеу, сол арқылы түгін тарайды. Бірінші саусағы (басбармағы) басқа саусақтарына қарама-қарсы орналасқан. Көпшілік түрлерінің түгі қалың әрі жұмсақ. Түктерінің түсі қара, қоңыр, қызғыштау, сұр. Құйрық түгінің түсі негізінен бозғылт, кейде қара-қоңыр түктері аралас келеді. Тұмсығы ұзынша созылыңқы. Көпшілік түрлерінің көздері үлкен әрі бір-біріне жақын орналасқан. Алақаны мен табандарында түгі жоқ. Лемурлар жеке, кейбір түрі шағын, кей түрі үлкен топ құрып, көпшілігі ағаш басында, кейбіреулері жерде тіршілік етеді. Жартастарда тіршілік ететін түрлері де бар. Кейбір түрлері жылдың құрғақшылық маусымында ұйқыға кетеді. Лемурлардың көпшілігі түнде белсенді тіршілік етеді, күндіз ағаштың қуыстарына тығылып жатады. Өте сақ жануар. Көбіне құрма пальмасының, бананның, т.б. өсімдіктердің жапырақтарымен, гүлдерімен, жемістерімен қоректенеді. Ұсақ жәндіктермен, жануарлармен де қоректенетін түрлері бар. Лемур Мадагаскар, Комор аралдарында, Африканың орталық аймағында теңіз жағалауына жақын жерлерде таралған. Сонымен қатар «Мадагаскар» мультфильмінде Морис, Морт ролдерінде ойнаған. Лемурдың саны жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі кезде олардың 4 туысының 16 түрі тіршілік етеді, олардың бәрі Халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген. Қолда жақсы өседі, зоологиялық бақтарда көбейе береді.