Ең сүйкімді кеміргіш - тиін

/upd/2015/1008/144428629256160f544f4207.01585304.png

    Тиін — әрі епті, әрі жеңіл қимылдайтын, әрі жақсы өрмелейтін және талдан талға оңай секіретін омыртқалы жануар. Қоректері: емен жаңғағы, грек жаңғағы, бадам (миндаль), орман жаңғағы, гүлдің қауызы, саңырауқұлақ, жаңа ағаш қабықтары, жәндік, ұлулар болып табылады. Ғылыми болжамдар бойынша дүние жүзіндегі миллиондаған ағаштар тиіндердің көміп-сақтаған, кейін ұмытып кеткен қауашақ сортты ағаш тұқымдастарынан өсіп жетілуде. Тиіндер дәндер мен жаңғақтарды бөлек-бөлек топыраққа мұқият көмеді, не ағаш қуыстарына жасырады. Дене тұрқы 16 – 28 см, салмағы 450 – 600 г. Түсінің үстіңгі бөлігі ақшыл сұр не жирен, қоңыр, ал астыңғы бөлігі толығымен ақ болып, үлпілдек, қалың жүнді, құйрығы ұзын (23 см-ге дейін) болып келеді. Артқы аяқтары ұзынырақ және мықты болған соң ағаштан ағашқа қарай 10-12 метрге дейін секіре алады. Мұншалықты ұзындыққа секіруге оның үлпілдек құйрығы көмектеседі. Көздері ірі және жылтыр болып келеді. Орташа өмірі 10 жылға дейін. Тиін – тұрғылықты аң, орманды және ағашты жерлерде, тоғайларда мекендейді. Азықтары мол жылдары көбейіп, ал азық қоры аз жылдары саны өте кеміп кетеді. Қоректері аз жылдары олар ауып, ауыл шетіндегі бау-бақшаға, парктерге келеді. Еуразия, Солтүстік және Оңтүстік Американың ормандарын мекендейтін 40-тан астам түрі белгілі. Қазақстанның шығыс, орталық және солтүстік аймақтарында, Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауының қарағайлы ормандарында мекендейді. Ұясын ағаш басына, кейде кеуегіне, не жартас жарығына, немесе тоқылдақ тескен ойықтарға 30-40 см диаметрде салады. Ұясының ішін мүктермен және шөптермен әрлейді.