Толық аты – Әбу Райхан Мұхаммед бин Ахмед әл-Беруни. 973 ж Қият қаласының маңында өмірге келіп, 1048 ж Ғазни қаласында қайтыс болған. Негізгі еңбектері тарих, математика, астрономия, география, топография, физика, медицина, геология, минералогия, т.б. ғылым салаларын қамтиды. Әбу Райхан әл-Беруни – парсы, араб, грек, үнді (санскрит) тілдерін меңгерген оқымысты. Ол 1000 жылы орта ғасыр ғылымының энциклопедиясы аталған, өзінің әйгілі «әл-Асар әл-Бақиййа ән әл-Құрұн әл-Халиййа» («Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші») деген еңбегін жазды. Әбу Райхан Берунидің ғылыми мұрасының бірсыпырасы бізге жетпеген, сақталып қалған шығармаларының көпшілігі толық жиналып жарияланбаған. Жалпы алғанда ол жүз елу еңбек жазған, олардың қырық бесі астрономия мен математикаға арналған. Астрономиялық шығармаларында Әбу Райхан Беруни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын), денелердің Жерге қарай тартылуын (Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) болжаған. Арал теңізінің жағасында, Үндістанда, Ауғанстанда астрономиялық бақылау жұмыстарын жүргізіп, жер мөлшерін дәл анықтаған. Әбу Райхан Берунидің географиясында сол кездегі белгілі жерлердің бәрі айтылған, сонымен қатар мұхит, теңіз, тау, өзен, шөл, мемлекеттер мен халықтардың аттары толық келтірілген. Әбу Райхан Берунидің картасы Тынық мұхиттан Атлант мұхитына, Үнді мұхитынан Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі жерлерді қамтыған. Беруни түрлі өсімдіктерді, дәрілік шөптерді, сан алуан жануарлар тіршілігін зерттеген. Топографияға байланысты «Геодезия» атты үлкен еңбек жазды. Оның тарихи-географиялық еңбектерінде Орта Азия мен Шығыс Сібірдің тарихи этнографиясы, сондай-ақ Орта Азия көшпелі тайпаларының батысқа, Шығыс Еуропаға дейін қоныс аударулары, Қазақстан географиясы, оны мекендеген түркі тайпалары, олардың әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары жөнінде құнды деректер беріледі.