Бір бақыт, бір қайғы…

         /upd/2015/0929/1443546274560ac4a2488fb8.36379882.jpgБүгін Мөлдір өте көңілді. Жүзінен қуаныш пен шаттық күндей жарқырап, айналасын ңұрландырып тұр. Кеудесіне бір белгісіз бақыт құсы қонғандай. Үстіндегі көк көйлегі желбіреп, өзін бейне бір аппақ бұлттың үстінде ұшып келе жатқандай сезінді. Себебі: бүгін таңертең мектепте ұстазы оны барлық сыныптастарының алдында мақтап, оны ауданда өтетін шығарма сайысына жіберетінін айтқан еді. Ұстазының айтқан сөздері Мөлдірдің құлағына майдай жығып, есінен кетпеді. Бұл жарыс Мөлдір үшін өте маңызды еді. Бұның басты себебі – бұрын Мөлдір сабаққа салғырт қарайтын. Тіпті мектепке сирек баратын-ды. Оның сабақ оқып, жақсы атқа ие болуына бірден-бір себепші болған оның – аяулы әжесі болатын. Ал әжесі осыдан жеті ай бұрын жүрек талмасынан қаза тапты. Кішкентайдан ерке әрі қыңыр болып өскен немересінің еліне еңбегі сіңген жазушы болуын осы әжесі тілейтін. Мөлдір әжесін өте қатты жақсы көргендіктен, сабаққа мойын бұрып, өзін-өзі қолға алды. Соның нәтижесінде бүгін тоғыз жыл ішінде жетпеген жетістіктің алғашқысына қол жеткізіп отыр. Осыны ойлап, қиялға беріліп кеткен Мөлдірдің тәтті ойын анасының дауысы бөліп жіберді.
      - Қызым, нені армандап отырсың? Ақшам уақыты келді. Мен намазымды оқып алайын. Ал сен бұзауды айдап кел,-деді оған жүзін әжім басқан анасы. Мөлдір анасына іштей ойын бөлгеніне ренжіді де, ештеңе деместен қолына таяқ алып, өзіне тартқан қыңыр бұзауын іздеуге жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатқанда, бір-екі уйден кейін алма ағашына байлаулы тұрған өзінің бұзауын көзі шалды. Жақындап келіп жіпті шешуге қолын соза бергені сол еді, қолын біреу қағып жіберді. Мөлдір қабағын түйген бойда, әлгі адамға жалт қарады. Алдында егде тартқан, қолы күректей, жүзі қара торы, ашулы адам тұр екен.
      - Бұл сенің бұзауың ба?! Өз малдарыңа ие болсаңдаршы. Ол менің ілініп тұрған жейдемді жерге түсіргенімен қоймай, жыртып тастапты, -деп Мөлдірдің бетіне жыртылған қара жейдені лақтырып жіберді. Мөлдір де алмадай көзін бір төңкеріп алған соң:
      - Иә, менікі. Не болды сізге долданып? Малдың аты "мал" емес пе? Сонша айғайлағаныңыз не? Құлағым естімейтіндей мені кемпір дегеніңіз бе? -деп Мөлдір де дауысын шығара сөйлеп, бұзауын айдап, әлгі адамға еш қайырылмастан кетіп қалды. Жол бойы бұзауына ұрсып, өзінің де көңіл күйін түсірді. Үйіне барып, кешкі асты ішті де ұйқыға жатты. Тәп-тәтті түс көріп жатқан Мөлдір жаман тарсылдан шошып оянды. Есікті біреу ұрғылап жатыр. Анасы шамды жағып, есікке беттеген бойда:
      - Бұл кім түн ортасында жүрген а? -деді. Сырт жақтан ешбір дыбыс шықпады. Анасы есікті жаймен ашқаны сол еді, тұтқаны әрең ұстап тұрған адам жерге сұлқ ете қалды. Мөлдір есікті ашып болған соң, жылап ішке кіріп кетті. Себебі: табалдырықта мас болып құлап жатқан оның әкесі болатын.
       Таң атты. Мөлдір күндегісінен ерте тұрып біраз далада отырды да, шәйін ішіп, киініп мектепке қарай жол тартты. Осылайша күндер өтіп жатты. Бірде оның мектепте мазасы болмай, сұранып үйіне қайтты. Үйге келіп анасын ұзақ іздесе де таба алмады. Амалсыздан көрші үйден сұрауға барды. Көршісі анасын ауруханаға алып кеткенін айтты. Мөлдірдің жасы бұрқ ете қалды. Жасы тоқтамай ауруханаға келіп еді, мейірбикелер оны анасының демалуы керектігін айтып, ішке кіргізбеді. Мөлдір көз жасын көл қылып отырғанда, жанына дәрігер келіп:
       - Анаңның жүйкесі жұқарған, көп уайымдайды, ашуын ішке сақтап, өзін-өзі жегідей жеп жүр. Оған жақсы күтім керек. Әйтпесе ол бұған шыдай алмай….
       - Иә, мен бәрін түсіндім. Сізге көп рахмет. Анасы ауруханадан шыққан соң, көп ұзамай дүние салды. Мөлдір бұрынғыдай емес, басылып қалған. Бұрынғы ашушаң, қыңыр, ерке Мөлдірдің орнын қияли, томаға тұйық Мөлдір басты. Сабағы бұрынғыша жайында қалды. Шығарма сайысында жазған мақаласын да ойын дұрыс жеткізе алмағандықтан жоғарғы белестен көріне алмады. Әупірімдеп жүріп мектепті де бітірді. Оқуға түсе алмады. Ал ақылы оқу туралы ойлаудың өзі мұңға айналған. Осылайша оның күндері көңілсіз, мұңға толған, керексіз бөтелкедей өтіп жатты. Бірде ол кешкісін кір жуып жатқанда, қақпа жақтан әлде кімнің кіріп келе жатқанын байқады.
       - Сәлеметсіз бе?(Таң қалған жүзбен,)
       - Сәлем, Мөлдіржан, -деді бойшаң келген, шашы қызғылт сары, көзі көк, орыс әйел. Тырнақтарының өзі қорқынышты. Жалмауыздікіндей тұшырайып тұр. Мөлдір бір тітіркеніп алды да:
       - Не көмегім қажет? Мені қайдан таныйсыз?
       - Оз кизимды танымай маган не коринипти? (Келекелеп тұрғандай бір жымиды.) Мөлдірдің басына жай түскендей болды. Өзінен-өзі шошып кетті. "Қызым" дегені қай сасқаны? Мөлдір есін жиа алмай, ауызын ашып тұрғанда екі қолына екі чемоданды алып, көтеріп келе жатқан әкесін көрді. Мөлдірге қарай жақындаған әкесі:
       - Мөлдір, қызым, бұл-Елена. Сенің жаңа анаң. Ол қазақша шала біледі. Алайда оны түсінуге тырысып, оған көмектес. Мөлдір ештеңе деместен, үйге жүгіріп кірді. Ішін ашу кернеп жатыр. Әкесінен мұны күтпеген-ді. "Бұл әйелді қайдан тауып алған. Қазақтан әйел табылмай қалғандай, орыстан әкелгені несі?" -деген ойлар Мөлдірдің жанын жегідей жеп барады. Есік ашылып, ішке оның жаңа анасы кірді.
       - Моля. Неге жилайсин? Сен не куансаш кайта. Мама келді. Ну, вставай. Маған чай куй.
       - Сен менің анам емессің. Ал шәйды өзің кұйып ал.
       - Озин акилға конбейді екенсін. Сен мені әлі танымайсын гой. Ну, ладно. Сосын саган озимнин ким екенимди корсететин болам. Ар сөзине ие боп сойле. Кайырли тун, Моля…
       - Шық та, есікті жап! Осылайша, Мөлдірдің қиындыққа толы күндері басталды. Әкесінің арақ ішетінімен қоймай, оған енді анасы қосылды. Бір күннің өзі ұрыс-керіссіз өтпейді. Әкесі үйде жоқта, өгей анасы оны өліктей қылып сабап тастайтын. "Әкеңе айтсаң үйден қуып шығамын," -деп қорқытатын. Бүгін Мөлдірдің әкесі мал кезек бойынша өз көшесінің сиырларын айдап кеткен еді. Алайда бүгін мал да, Мөлдірдің әкесі де ауылға қайтып оралмады. Маскүнем болса да, Мөлдір әкесі үшін алаңдап, оны іздеуге шығады. Кеш әлде қашан батып кеткен. Мал айдаған әкесінің қарасы да көрінбейді. Тек шегірткенің шырылы мен ауыл жастарының көнілді дауыстары ғана естіледі. Ақыры әкесі табылмады. Түн ауа үйге келген Мөлдір үй ішінен адамдардың дауысын естіді. Ішке кірсе, үйден өгей анасы бастаған бір топ ер адамдар карта ойнап отыр екен. Дастарқанның үсті толған арақтың бос шишалары. Мөлдір бар ашуын ішке сақтай алмай, анасына қарап тұрып:
        - Сізді де біреу "ана" дейді-ау. Ұялмайсыз ба?! Мұныңыз не? Әкем болса жоқ. Сіз де іздесудің орнына, бөтен ер адамдармен карта ойнап отырсыз. Кәне, кетіңіздер менің үйімнен! Бұл сіздерге ойынхана емес…
       - Да ты что? Сен не бизге акыл айтып турсын ба? Акылын озине. Еще бул сенин уйин емес. Бул уйден мен емес,сен кетесин. Бар, жогал. Козиме коринбе. Уйге енди келуши болма, -деп өгей анасы да бет бақтырмай, уйден жалаң аяқ Мөлдірді қуып жіберді. Мөлдір өксігін баса алмай, көшенің ортасында көп тұрды. Содан ол ішінен " Енді өлсемде бұл үйге қайтып келмеспін!" -деп өз-өзіне серт берді де, көшені бойлай қалаға ағылып жатқан көліктердің бірін тоқтатып, отырды да кетті. Оның ойында ештеңе де болған жоқ. Тек" үйден кетсем болды" -деген ой бар санасын жаулап алған. Біраздан соң есін жиып, көліктің жүргізушісіне көз тастады. Бойы орта келген, алтындай сары шашты, көк көзді бір үлкендеу аға екен. Жол бойында Мөлдір де, әлгі аға да ләм деген жоқ.
       - Қазір 15-20 минутта қалаға жетеміз. Сен ақшаңды бере бер, -деген күтпеген сөз Мөлдірді бір қинады.Өйткені Мөлдірдің қалтасында бір тиын да болмаған еді. Мөлдір жүргізушіге жағдайды түсіндірмек болып:
      - Ағатай,мен ақша алып шықпаған едім…
      - Сен не мені қайырымдылық қорының басшысы деп пе едің? Сенің қайыршы екеніңді білгенде, саған тоқтамаушы да едім. Бол, тез, түс. Үй, қайыршы, -деп жүргізуші Мөлдірді жол ортада тастап кетеді. Енді Мөлдір тіптен айдалада жалғыз қалды. Ол таң атысын күтіп, жолда өсіп тұрған ағаштың түбіне жантая кетті. Шаршап қажығаны сонша бірден ұйықтап кетті. Таң атқан соң қалаға жол тартайын деп еді, жалаң аяқ жүргендіктен, өкшесі жарылып, ашып кетті. Соған қарамай Мөлдір қалаға жол тартты. Өкшесі тілініп, қанап кетті. У дай ашып тұрды. Өлдім дегенде қаланың шетіне кірді-ау. Тамағы кеуіп, әбден әлі құрыған Мөлдір тек:
      - Су, су, -деумен болды. Сол кезде жанына бір әйел келіп, қолында тұрған суды ұсынады. Мөлдір оған қарамастан суды алып жұтып-жұтып жібереді. Шөлдегені сонша бір бөтелке суды тауысып қояды. Әрең дегенде есін жияды. Алдында тұрған әйелке басын көтеріп, көз тастайды. Ол адамның жүзі сондай жылы, мейірбан, дауысы да бұлбұл дауысындай көркем. Мөлдір біраз әлгі адамға қарап тұрып егіліп жіберді. Басынан өткендерін жіпке тізгендей айтып берді. Әлгі әйел Мөлдірді сабырға шақырып, өзі де біраз жылап алды. Ол Мөлдірді аяп тұрып:
      - Болды енді бәрі де жақсы болады. Тек өзіңе және де жаратушы Аллаға сен. Міне, мына матаны аяғыңа байлап ал. Қазір үйге барған соң, аяқ киім беремін. Жүре ғой..
      - Сізге көп рахмет, әпке..
    - Ештеңе емес. Жүре ғой. Әлгі әйел Мөлдірді үйіне алып келді. Тамақ беріп, үсті-басын жөнге келтірді. Өзі туралы да әңгіме арасында айтып қалды. Есімі – Жанар, жалғыз басты әйел, мейрамханада әнші болып істейді екен. Үйі де кішігірім, шағын, бір адамға жарап та тұр. Біраз күннің ішінде екеуі әпкелі-сіңілідей болып кетті. Жанар Мөлдірге жақсы бір жұмыс тауып берді. Өзі істейтін мейрамхананың даяршысы қылып қабылдатты. Мөлдір де өткенді ұмытқандай болды. Сонда да Жанарға білдіртпей көз жасын сығып алатын. Жұмысты жақсы істегені үшін Мөлдірдің жалақысы да көбейе берді. Міне, бүгін Мөлдір Жанармен бірге саябаққа қыдырып келді. Балмұздақ жеп, әзіл айтып көңілдерін бір көтеріп алды. Осылайша олар уақыттың өткенін байқамай қалады. Сағат түнгі үштерде үйлеріне келе жатады. Сол кезде алдарынан біреу тап болып, Мөлдірдің сөмкесін ала жөнеледі. Мөлдір сасқалақтап қалады. Ауызынан:
      - Құтқарыңдар, сөмкем.., -деген сөздер ғана шығады. Мөлдір мен Жанар жылап, ұрыны қуа жөнеледі. Осы кезде алдарынан бір әскери киім киген жігіт шығып, ұрыны ұстап алады. Сөмкені алып Мөлдірге қарап:
      - Сіздікі ме?
      - Иә. М-е-е-нікі. Рахмет.
      - Оқа емес. Түнде жүру сіздерге қауіпті. Қарсы болмасаңыздар…
      - Жоқ, керек емес..
      - Неге?Жанымызда ер адам болса жақсы ғой келісейік Мөлдір.
      - Енді білмей тұрғаным. Жарайды.
      - Ендеше кеттік. Жол бойы әлгі жігіт қыздарға неше түрлі әңгіме айтып берді. Мөлдір ештеңе демеді. Анда-санда жігітке бір көз сап кояды. Өзі бір сымбатты, өңді жігіт екен. Ол Мөлдірге ұнап қалғандай болды.
      - Міне, әп-сәтте үйге келіп те қалдық. Солай емес пе Мөлдір?
      - А? Иә, солай…
Жігіт Мөлдірге ұзақ қарап тұрды. Мұны байқаған Жанар оларды оңаша тастап кетті.
      - Сонымен сіздің есіміңіз – Мөлдір болды ғой?
      - Иә, сіз ше?
      - Мен – Жомарт боламын. Мөлдір сіз маған ұнап қалған сияқтысыз. Мүмкін, араласып, дос болармыз? Мөлдірдің жүрегі зу ете қалды.
      - Иә, әрине неге болмасқа. Осыдан кейін Мөлдір мен Жомарт жақсы араласып кетті. Бірге дәмханаға, киноға, саябаққа баратын болды. Кейіннен Жомарт Мөлдірге үйленуге ұсыныс жасады. Мөлдір де оны қабыл алды. Кейіннен олардың тойы болды. Екеуі сондай бақытты еді. Бірде Мөлдір ас үйде отырғанда Жомарттан хат келеді. "Жан-жарым, мені бүгін аяқ астынан құпия әскери тапсырмамен жіберді. Бұдан менің келуім де, келмеуім де мүмкін. Бірақ, мен саған уәде беремін. Мені тос. Мен қайтып ораламын. Жомарт". Осы хаты оқыған соң, Мөлдірдің басы айналып ауруханаға түседі. Есін жиып, дәрігерден өзінің аяғы ауыр екенін естиді. Бұған бір жағынан қуанса, екінші жағынан қайғырады. Өйткені, жалғыз қорғанышы, баласының әкесі бұл хабарды естіген жоқ. Тағдырдың жазуына көнген Мөлдір баласын өзі босанады. Ұл бала. Мөлдір шексіз бақытты. Тек оған Жомарт қана жетіспеді. Бірде Мөлдірге Жомарттың Досы Айбек келеді. Мөлдір "шәй іш" деп еді, "жоқ" деп бетін қайтарды.
       - Мөлдір, саған бірдеңе айтуым керек.
       - Не болды айта бер?
       - Жомарт…
       - Жомартқа не болды? Айтсаңшы?!
       - Ол тапсырма барысында қайтыс болды.
       - Жоқ. Бұл қай сөзің Айбек?
       - Бекем бол. Қайғыңа ортақпын.
       Осы бір оқиғадан кейін, Мөлдір бірде-бір рет күлмеді. Ауылына барып, әкесі туралы сұрастырды. Әкесі Мөлдір ауылдан кеткен жылы қайтыс болыпты. Ал өгей анасы болса, үйді сатып басқаға күйеуге тиген екен-ді. Мөлдір ұлын құшағына қысып, ата-анасының қабіріне барады. Сонда ол ұзақ жылап, қатты қайғырады. Кейін қалаға келіп, ұлын балалар үйіне тапсырып кетеді. Содан кейін бірде біреу Мөлдірді көрмеген. Ел арасында "қайғыны көтере алмай ішімдікке салынып, кейін қайтыс болыпты" деген қаңқу сөз ғана бар…


Жолдаған: Ғалбиат Тұнық 16 жас
ШҚО Үржар ауданы Мақаншы ауылы