Ешқандай адамды ренжітпеу керек, ешкімнің көңілін қалдырмау керек.
Ренжіту – Қағбаны 70 рет бұзғаннан да үлкен күнә. Осыдан кейін, мұсылман адам қалай біреуді ұра алады, қалай біреуге қол көтере алады немесе өлтіре алады. Бұл ақылға қонымды нәрсе емес. Дініміздің мәртебесі соншалық, гүлдің өзін жаны бар ғой деп жұлуға қолың бармай тұрады.
Уфтада хазреттері шәкірттерінің ішінен Азиз Махмуд Худаи хазреттерін қатты жақсы көргені үшін, қалған шәкірттері оны қызғанатын еді. Сондықтан, бір күні хазреті Уфтада шәкірттерімен қырға серуендеуге шыққандарында шәкірттеріне: «Маған бір-бір бау гүл әкеліп беріңдер!» дейді. Шәкірретерінің барлығы гүл әкелуге таралып кетеді. Біраз уақыттан кейін Азиз Махмуд Худаи хазреттері қурап кеткен гүл әкеледі. Қалған шәкірттері, ұстазымызға деп, ең әдемі гүлдерден теріп әкеледі. Уфтада хазреттері Худаи хазреттерінен: «Қарашы достарың қандай әдемі гүлдер әкелді, ал сен болсаң қурап қалғанын әкеліпсің. Бізді осыған лайық көрдің бе?» деп сұрайды. Худаи хазреттері: «Ұстазым, әрине сіз ең әдемі гүлдерге лайықсыз. Бірақ, қай гүлге барсам да барлығы Аллаһты зікір етіп тұрды. Сондықтан, оларды жұлып алуға батылым жетпеді. Ал мына қураған гүл, енді Аллаһты зікір етуге шамасы жоқ болғандықтан, сізге осы гүлді әкелуге мәжбүр болдым.» деп жауап береді. Уфтада хазреттері қалған шәкірттеріне қарап: «Міне, араларыңдағы айырмашылық осы.» дейді.
Ойлап көріңіз, бір гүлдің өзін жұла алмайтын діннің өкілдері қалайша бір адамды ұра алады немесе қалайша бейкүнә адамдарды дін атынан өлтіре алады, бұл ақылға қонатын нәрсе емес. Бұлай болып жатқан болса, демек мұнда бір надандық бар. Өйткені, пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ілім қай жерде болса, дін сол жерде. Дін қайда болса ілім сол жерде» деген.
Яғни, ілімсіз дін болмайды. Дін болмаған жерде де ілім болмайды. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайды. Иә, иман ету шарт, бірақ, иманнан кейін ең бірінші істелетін нәрсе – ілім үйрену. Өйткені, намаз оқитын болсақ, ораза ұстайтын болсақ, саудамен айналысатын болсақ, бұлардың барлығының қалай орындалатынын білуіміз шарт болады. Қандай іспен айналыссаң да, сол істің ілімін білуің керек.