Мешіт әдебі

      Мешітке және мұсылманның үйіне оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу

керек. Мешітте назар аударылатын кейбір жағдайлар мыналар:


1) Жұмыс киімімен немесе үлкендердің алдына баруға ыңғайсыз болған киіммен және жаман иісті наскимен намаз оқу мәкрух болады. Пияз, сарымсақ жеген адам да иісі тарқамай тұрып мешітке бармауы тиіс.


2) Мешітке дәретсіз кіру мәкрух.


3) Алдыңғы сапта орын бола тұра артқы сапта тұру мәкрух болады. Имам алдымен саптарды түзеп кейін намазға бастайды. Алдыңғы саптарға өту үшін басқа адамдардың мазасын алуға болмайды. Тек фарз намаздарда сап түзейді, сүннет намаздарда емес.


4) Саптар жан-жағынан қысылып тұру керек. Иықтар бір-біріне тиіп тұру керек. Сахабалар сапта қатты қысылып тұрғандықтан киімдерінің иықтары тозып кететін еді. Ханафи мазһабында саптар иықтардың бір-біріне тиюімен байланады, тобықтармен емес. Аяқтардың арасы төрт елі болады.


5) Жұма күні имам мінберге шыққаннан кейін және жамағатпен намаз оқылып жатқан кезде сүннет намазына бастау мәкрух болады.


6) Сүннет пен фарз намаздарының арасында сөйлеу мәкрух.


7) Жұқпалы ауруы бар адам мешітке келмеуі тиіс.


8) Мешітте бір нәрсе ішіп-жеу, ұйықтау мәкрух.


9) Мешітте сауда-саттық жасау мәкрух.


10) Мешітте дүниелік әңгімелер айту тахриман мәкрух.


11) Мешітте қатты дауыстап сөйлеу, доклад оқу, алысу (күресу) тахриман мәкрух. Хутбаны доклад оқығандай қылып оқу да харам болады.


12) Кішкентай баланы мешітке алып кіру мәкрух. Мешітті кірлететіндей жаста болса, харам болады.


13) Жамағатқа үлгеру үшін мешітке жүгіріп келу мәкрух.