Фристайл (ағ. free style) еркін стиль дегенді білдіреді. Атаудың өзін және ережелерін американдықтар 1970-жылдары ойлап тапты.
Фристайл – бұл шаңғы балеті, әуе (шаңғы) акробатикасы және могулдан тұратын тау шаңғы көпсайысы. Шаңғы балетінде спортшы музыкалық сүйемелдеумен сырғанау, адымдау, айналу, секіру элементтерін көрсете отырып, жатық бөктер бойынша құлдилайды. Әуе (шаңғы) акробатикасында спортшылар арнайы пішілген трамплиннен күрделілігі әртүрлі секіру мен сальтолардың топтамасын жасайды.
Могул – міндетті түрде екі рет секіру арқылы күрделенген құламалы кедір-бұдыр жол бойымен (бұрышы 27 градус) шаңғымен төмен құлдилау. Жеңімпаз бұрылыстар мен секірулерді орындау техникасы үшін алған балдарының көп сомасы бойынша, сондай-ақ жолды жүру жылдамдығы бойынша айқындалады. Фристайл – тек могул – қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1992 жылдан бастап (ерлер мен әйелдер) енді, 1994 жылдан бастап шаңғы акробатикасы қосылды.