Ноғайлының ханы Жәнібек халықты жиып:
- Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады?- депті.
Жиналған халық көп дағдырап:
Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.
Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, - деп шешіпті.
Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты.
Сонда Жәнібек хан:
- Елде келмеген кім қалды?- деп сұрапты.
- Келмеген Қарабас шешен қалды,- депті халық.
Жәнібек Қарабасты шақыртып алып әлгі сөздің шешуін содан сұрапты.
Сонда Қарабас:
- Жетім үшеуі емес, бесеу еді ғой! – депті де:
Оты жоқ жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Елінен ауған ер жетім,
Тыңдаусыз сөз жетім,
Жоқтаусыз қыз жетім, - депті.