Бірінші, Бақытқа: сен, тұрақсыз опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен тізе қос, сонда көп жасайсың, - депті. Екінші, Ғылымға: дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқты бар етіп, бардан жоқ жасайсың, бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен бірік, сонда абыроймен ұзақ жасайсың, – депті. Үшінші, Ақылға: дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ, бірақ Ашу үстіңе кіріп келгенде, орныңды беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң, кіресің де ашудың бүлдіргенін оңдайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, Ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді.
- Барыңдар, Ақыл, сен адам бол, Ғылым, сен ат бол, Бақыт, сен қамшы бол. Үшеуің біріксең ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды, - депті.