Еліміз ғажап, жаңаша өмір, жаңа бақ,
Әлемнің халқы мойындап жатыр бағалап.
Тәуелсіз елдің жері мен суы, даласы-
Біздерге және ұрпақтарға да аманат.
(Жерлес ақын – Әмірхан Қанайұлы)
Иә, ата-бабамыздан аманат боп қалған аяулы да ардақты, қасиетті де киелі Атамекеніміз бұл күнде асқақ та айбарлы алып елдердің қатарына қосылған айбатты мемлекетке айналып отыр. Тамыры терең, тарихы кенен, тұғыры мықты тәуелсіз елімді бүкіл әлем танып, мойындап, бағалап отыр. Ата-бабамыздың жылдар бойы аңсаған асыл армандары ақиқатқа айналып отыр. Бұл да болса ұлтының маңдайына бақ боп келген Елбасымыздың салиқалы саясатының, қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Елбасымыз балалар мен студент жастардың білім алуы мен жарқын өмір сүруіне, білім мен ғылым кеңістігінде еркін самғауына мол мүмкіндіктер жасап, қамқорлық танытуда. Елбасымыз салып берген сара жолдан сүрінбей, өскелең ұрпақ ретінде мен де ұлт болашағы үшін еліміздің одан әрі өркендей түсуіне өзіндік үнім мен үлесімді қосуға тиістімін. Мен-мектеп оқушысымын, бірақ менің мойнымда үлкен азаматтық жауапкершілік бар. Мен – ертеңгі болашақты құрушылардың бірімін. Бүгінгі алған білім арқылы ертеңгі болашақтың тұтқасын ұстар тұлғалы азаматы болуға ұмтылып жүрген ұланмын. Жұдырықтай жүрегімнің төрінен орын алған ұлтжандылық, патриоттық сезімімді шыңдай жүріп, таңдаған мамандығымның иесі болуды армандаймын. Тәуелсіз елімнің кірпіші боп қалана жүріп, үлкен жаңалықтар ашып, әлемдік деңгейдегі жобаларды ойлап тауып, Қазақстанның абыройы мен беделін асқақтатсам деймін. Тағылымды тәрбие мен білімді ұштастырып, азат та еркін елімнің өр рухын аласартпайтын, желбіреген көк байрағымызды ешқашан да еңкейтпейтін, халқымның игілігі мен бақыты үшін тер төгуден аянбайтын перзенті болсам деймін.
Тәуелсіз елміз – тұғыры мықты, мұқалмас,
Тамыры терең, тарихы кенен, жұқармас.
Айбатты елдің қайратты ұл мен қыздарын,
Қашан да болсын тартысып ешкім ұта алмас, - дей отырып, болашақта Елбасының үмітін ақтар, ұлтының мақтаны болар, елінің өсіп-өркендеуі мен дамуына ықпал етер перзент ретіндегі өзіндік ойымды түйіндеймін.
Төрехан Нұрлыбек 15 жас
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті
Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектебі, 9 сынып оқушысы