Аралар қалай өмір сүреді?
Аралар топталып, үлкен ұя болып тіршілік етеді. Бір ұяда бір ұрғашы ара (аналық ара), бірнеше жүз еркек ара және ондаған мың (100 мыңға дейін) «жұмысшы» ара болады.
Аналық Ара
Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіреді. Ол аралардың ішіндегі ең ірісі, жыл маусымына қарай денесінің ұзындығы 20 – 25 мм, ал салмағы 150 – 300 мг-ге жетеді. Жұмысшы араға қарағанда екі есе болып келеді. Ол 3 – 5 жыл, кейде 10 жылға дейін өмір сүреді.
Аталық ара
Аталық аралар омартада ешқандай жұмыс атқармайды, шіре мен тозаңды жинамайды. Аталық араның денесінің ұзындығы 15-17 мм, салмағы – 200 мг, шағатын піспегі (инесі) болмайды, тіпті өзін-өзі қорғайда алмайды, қозғалыс-қимылдары шамалы және жұмысшы аралар дайындайтын балмен күн көреді.
Жұмысшы ара
Омартаның негізін қалайтын жұмысшы аралардың денесінің ұзындығы 12 – 15 мм, салмағы 90 мг болады. Жұмысшы аралар көбею мүшелері жетілмеген ұрғашы аралар. Бір омартада 50-60 мың жұмысша ара болуы мүмкін. Олар жұмыртқадан жаңа шыққан ұрпақты қоректендіреді, балауыз ұяшықтардың тазалығын, ауа алмасуын қадағалайды, тәтті шырын мен гүл тозаңдарын жинайды. Жұмысшы аралар 7-8 ай тіршілік етеді. Ұяда тұратын әрбір ара өзінің қызметі мен міндеттерін жақсы біледі және оны мүлтіксіз орындайды.
Араның тіршілігі гүлдермен тығыз байланысты, олардың негізгі қорегі – гүлдерден тәтті шырындар мен тозаңды жинау. Аралардың өсімдікке тигізер пайдасы орасан зор: олар ұшып-қонып жүргенде гүлдерді айқас тозаңдандырады да, өсімдіктің өнімділігін арттырады.
Араның беретін негізгі өнімі
Бал – әрі дәмді, диеталық тағам, әрі емшілік қасиеттері мол, құрамында глюза мен витаминдер, микро және макроэлементтер, организмге пайдалы тағы басқа, барлығы жүзден асатын, құнды ингридиенттер бар. Сонымен қатар араның уы, аналық сүтше, балауыз, ара желімі сияқты өнімдерді береді. Аралардың Қазақстан бойынша 300 мыңнан аса жанұялары бар, әрбір жанұя орта есеппен жылына 40-50 кг бал жинайды.
- Ұяларын бөтен аралардан қорғау және байланысу үшін аралар 10 түрлі дыбыс (ызың) шығарады.
- 40 мың араның 1 кг бал өндіруі үшін 6 миллион гүлден шырын жинауы керек.