Қазақ халқының ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған, әсіресе Абай бұл ойынды сүйсініп ойнаған. Тоғызқұмалақ – 4 мың жылдық тарихы бар, ерекше маңызға ие ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі. Қазіргі таңда республика бойынша қазақтың төл ойыны - тоғызқұмалақпен шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жақындады. Тоғызқұмалақпен тек шетелдегі қазақтар ғана емес, сонымен бірге Англия, Франция, Германия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Қытай мемлекеттерінде де жергілікті халықтардың арасында ойнаушылардың саны артуда.
Тоғызқұмалақ ойынының мәні – адамға үйлесімді тәрбие беру, кез- келген жанның ақыл-ойын шыңдау, ми қызметін дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру. Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. Ойынды бастайтын ойыншыны – бастаушы, ал оның қарсыласын қостаушы деп атайды. Бастаушы ойыншы жеребе арқылы немесе рейтингтік көрсеткіштер бойынша анықталады. Тоғызқұмалақ ойынында қарсыластар алма-кезек жүрістер жасайды. Ойын «Тоғызқұмалақ тақтасы» деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойында шар тәріздес құмалақтар пайдаланылады. Бұл тақта тең екі бөлікке бөлінген он сегіз тік және екі көлденең отаулардан тұрады. Тең екі бөліктің әрқайсысында 9-дан отау және бір-бірден қазан болады. Бұл қазанға әр ойыншы ұтып алған құмалақтарын салады. Әр ойыншының қазаны өз бөлігінде емес, қарсыласының жағында орналасады. Отаулардың рет сандары 1-ден 9-ға дейін белгіленіп, солдан оңға қарай орналасқан. Ойын басында әр отауға 9-дан құмалақтар салынады, яғни ойын басталар кезде әр ойыншының жағында 81-ден құмалақтары болып, ойынға жалпы 162 құмалақ қатысады.
Тоғызқұмалақ сөздігі
«Тоғызқұмалақ тақтасы» - тең екі бөлікке бөлінген 18 тік отаудан және 2 көлденең қазаннан тұратын арнаулы тақта.
«Құмалақ» - ойында пайдаланылатын шар пішінді зат.
«Отау» - тоғызқұмалақ тақтасындағы құмалақтар орналасатын арнайы ұяшық.
«Қазан» - ұтып алынған құмалақтар салынатын көлденең отау.
«Бастаушы» - ойында алғашқы жүріс жасайтын ойыншы.
«Қостаушы» - бастаушыдан кейін жауап жүріс жасайтын ойыншы.
«Арт» - бірінші отаудың атауы.
«Тектұрмас» - екінші отаудың атауы.
«Ат өтпес» - үшінші отаудың атауы.
«Атсыратар» - төртінші отаудың атауы.
«Бел» - бесінші отаудың атауы.
«Белбасар» - алтыншы отаудың атауы.
«Қандықақпан» - жетінші отаудың атауы.
«Көкмойын» - сегізінші отаудың атауы.
«Маңдай» - тоғызыншы отаудың атауы.
«Тұздық» - қарсыластың жағынан ұтып алынған отау.
«Атсырау» - ойын соңына қарай жүрістің таусылуы.
«Тақ сандар» - екі санына қалдықпен бөлінетін сандар.
«Жұп сандар» - екі санына қалдықсыз бөлінетін сандар.
«Ашық отау» - тақ санды құмалақтар жатқан отау.
«Жабық отау» - жұп санды құмалақтар жатқан отау.
«Табысты жүріс» - ұтысқа ие болған жүріс.
«Табыссыз немесе кезекті жүріс» - ұтысқа ие болмаған жүріс.
«Диаграмма» - тоғызқұмалақ тақтасының қағазға немесе тақтаға түскен сұлбасы.
Тоғызқұмалақ – бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес сыйы, рухани құндылығы, аманаты. Бұл ойын ең жетілген спорт түрлерінің бірі ретінде адамзатты жаңа шыңдарға жетелейтін ойы кең, рухы биік, саналы тұлғаларды тәрбиелеудің қуатты құралы бола алады.
(9 құмалақ сайтынан алынды)