Соқыр күйші

/upd/2015/0828/144078445655e0a0485cfd79.09514440.gif

    Баяғы өткен заманда бір соқыр күйші болыпты. Ол халық арасында қобыз тартып күнелтіпті. Бір күні ел көп жиналған жерде күй тартып отырады. Жиналған қауым тиын-тебенін беріп тараған кезде сәнді киім киген біреу келіп, шалдың қойнына қолын салады. Шал алдымен сасқалақтағанымен, артынан ұрының қолын ұстай алады да:
-  Халқым-ау, тапа-тал түсте тонап жатыр! –  деп айғай салады.
- Өзің шіреніп киініп алыпсың, сөйте тұра ғаріп кісіге қиянат жасайсың. Ұялмайсың ба? - деп жұрт шуласады.
-  Мен шалдың қалтасына садақа салмақ болып едім, қолымды ұстай алды, - дейді ұры.
   Халық шал мен ұрыны қазының алдына апарады. Екеуін тыңдап болып, ұрыға ашуланған қазы ақыра бастайды. Сол кезде ұры ұялмастан:
-  Мырза! Менің әке-шешем бай. Қайдағы бір соқыр шалға қиянат жасап не қылайын. Садақа бермек болып едім, қолымды ұстай алды, - дейді.
-  Сен сияқты сұмды тәрбиелеген қандай әке екен? – деп тепсінеді.
-  Мырза, сіз білесіз, - дейді сонда ұры.
-  Сенің әкеңді де дарға асқызамын! – деп ақырады қазы. Ұры қазыға көзін қысып қойып:
-  Әкемнің беті бұдыр, арқысы күдір, есімі – «Отыз күміс», - дейді. Қазы ойланып қалады. Біраздан соң ұры мен шалды қаматып тастайды. Қараңғы түскен соң қазы мен ұры кездеседі. Ұры қазыға отыз күміс теңге санап береді. Ертеңіне қазы соқыр шалға:
-  Сен кәрі қақпас, адал адамға жала жауып жүрсің! – деп зіркілдейді.
   Шал жауап қатпай, отыра қалып, жерді қазып, тың тыңдайды. Бұған қазы таңданып, шалдан оның мәнісін сұрайды. Шал басын көтеріп:
-  Кеше осы жерде әділет төрелік айтып еді. Сол әділет отыз теңгенің салмағын көтере алмай жердің тесігіне түсіп кетіпті. Не сол әділетті алам, не отыз теңгені алам, - деп жауап береді.
   Қазы өз қателігін мойындап, ұрыны жазалайды. Соқыр күйшіге үлкен сый жасап, ат мінгізіп, аттандырып салады.

Қазақ ертегілерінің антологиясы
Аруна баспасы