Бала өз жанұясын баға жетпес құндылық деп есептеп, әрдайым сүйіспеншілікті сезініп жүрсе, өз отбасына арқа сүйейтін болса, бұл – үлкен бақыт. Егер балаларыңыздың бақытты әрі батыл адам болып өсуін қаласаңыз, оны жақсы көретініңізді үнемі түрлі жолдармен білдіріп отырғаныңыз жөн. Адам тұлғасының негізі бала өмірінің алғашқы жылдарында қаланады. Ересек адамның денсаулығы да оның сәби шағында ата-анасы мен өзге адамдардан жылулық пен мейірімнің сапасымен және көлемімен анықталады. Сіз балаларыңызға деген сүйіспеншілікті қалай көрсетесіз? Балаңызбен қаншалықты дәрежеде жиі сөйлесесіз? Онымен әңгімелескеніңізде жақсы көретініңізді көзіңізбен көрсете аласыз ба? Әлде тек ашуланған кезде ғана көздеріңізбен балаңызға риза еместініңізді білдіресіз бе? Баланың өмір сүруі үшін оны күніне 4 рет құшақтау керек, денсаулығы мықты болуы үшін күніне 8 рет құшағымызға қысуымыз керек, ал олардың өсуі үшін 12 құшақ қажет екен. Ал сіз балаңызды күніне қанша рет құшағыңызға аласыз?
Балаңызға деген өз махаббатыңызды көрсетудің бірден-бір тиімді жолы – оған барынша зейін қою. Бала үнемі ата-анасымен рухани қарым-қатынаста болуды қажет етеді. Есейгенге дейін олар ата-анасымен сөйлесуге, олардың қасында болуға мұқтаж. Баланың өсіп дамуы үшін тамақ қаншалықты қажет болса, ата-ананың мейірімі де соншалықты қажет. Шаршадым, қолым бос емес деген сылтауларға жеңдірмей, үнемі балаларыңыздың көңіл-күйін, олардың проблемаларын түсінуге, оларды тыңдай білуге тырысыңыз. Балаңызбен қаншалықты көп уақыт өткізсеңіз, сіздердің қарым-қатынасыңыз да соншалықты жақсы болады. Балаларыңызға арнаған уақытыңыз сіздердің араңыздағы бір-біріңізге деген сенімнің ұзақ жылдарға сақталуына септігін тигізеді. Балаңыз екеуіңіз бір-біріңізді түсінетін боласыздар, себебi - cіздер бір-біріңізге ең қымбат сыйлық сыйлайсыздар: ол – сіздердің жылы сөзіңіз, мейірімге толы көзіңіз, ыстық құшағыңыз, жан жүрегіңіз. Сонда әрқашан үйіңіз мерекеге толы болады. Қазақ халқының мәдениетінде отбасындағы береке, балалармен қарым-қатынас туралы үлгі болар нақыл сөздер баршылық. Мысалы, Ұлы Төле Бидің достық туралы өсиетін еске түсірейікші:
Ақылды, иманды азаматпен дос болсаң – қажығанда қайрат береді,
Ғалыммен дос болсаң – адассан жол көрсетеді,
Жарыңмен дос болсаң – үйіңе береке кіреді.
Балаларыңмен дос болсаң - үйіңе мереке кіреді.
Перзентіңізді Жаратқанның ең қымбат сыйы ретінде қадірлеңіз, әрқашан да үйіңіз мерекеге толы болсын.
Накипбекова Раиса Үбiтай қызы
Астана қаласы
«ЕКІ» деген баға үшін неге мақтау керек немесе Нәтижелі тәрбие берудің 10 алтын ережесі» атты кiтаптың авторы, доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты.