Ешбір жұмыс тындырмас, шөптің басын сындырмас, еріншек бір етікші болыпты. Еріншек етікшінің үш ешкісі бар екен. Күн суытып, қыс түсіпкележатқанын көре тұра еріншек ешқандай қам жасамапты. Ешкілеріне азықтық жем-шөп жинамапты. Бір түнде боран қар жауады да, жердің бетін ақ көрпе бүркеп қалыпты. Ешкілері енді бұрынғыдай өрістеп жайыла алмай, суық қорада бүрісіп, дірдектеп тұрады.
Етікші, керек десең, сыртқа шығуға да ерініп, әйеліне:
— Барып көріп келші, ешкілерге не болып жатыр екен,— деп жұмсайды. Әйелі барып көріп келеді де:
— Бір ешкі өліп қалыпты,— дейді. Сонда еріншек:
— Е, мал іші болған соң, өлім-жітімі де болады ғой,— деп жата беріпті.
Ертеңіне еріншек ешкілерді көріп келуге әйелін тағы жұмсайды.
— Тағы бір ешкі өліп жатыр,— деп келеді әйелі. Еріншек келесі жамбасына аунап түсіп:
— Мал іші болған сон, өледі де,— дейді де қояды.
Үшінші күні етікші әйелін малды көріп кел деп тағы да жұмсайды. Әйелі жалғыз ешкінің де қатып қалғанын айтып келеді. Сонда етікші жаны жай тапқандай, бір аунап түсіп:
— Бәйбіше, біздің малдың өлімі өсымен тыйылған да шығар,— депті.