Жaннаттағы көршім кім?

Мұса алейһиссалам Хақ та'аладан: «Йа Раббым, менің жәннаттағы көршім кім болады?» деп сұрайды.  Хақ та'ала: «Пәлен жердегі пәлен деген қасапшы» деп білдіреді. Мұса алейһиссалам дереу айтылған аймаққа барады. Айтылған қасапшының үйін сұрастырып, тауып үйінің есігін қағады. Қасапшы: «Қош келдіңіз!» деп Мұса алейһиссаламды үйіне кіргізеді. Қал-жағдай сұрасып болған соң, қасапшы рұқсат алып ас үйге кіреді. Пісіріп қойған етін бөлшектеп ілулі тұрған себетті төменге түсіреді де, ішінде жатқан кәрі кемпірге пісірген етімен суын береді. Кейін үсті-басын тазалап,  қайтадан себетке жатқызады. Мұса алейһиссалам қасапшыдан:
- Себеттегі адам кім?- деп сұрайды.
- Бұл менің анам.
- Оны түсіріп не істедің?
- Тазалығын жасадым, тамағын беріп, қайта орнына жатқыздым. Қартайып осындай халге түсті. Күндіз-түні оны осылай күтіп бағамын.
- Тамағын беріп болғаннан кейін сыбырлап бірнәрсе айтты ғой, не айтты?
- Ол маған дұға етті.
- Не деп дұға етті?
- «Йа Раббым, Сен ұлымды Мұса пайғамбармен көрші ете гөр!» деп дұға етті, мен «Амин!» дедім.
- Күнде осылай дұға ете ме?
- Иә, күнде осылай дұға етеді.
- Бауырым, мен Мұсамын. Аллаһу та'ала анаңның жасаған бұл дұғасын қабыл етті және екеуміз жәннатта көрші боламыз.