Хан сайлау дәстүрі

      Хан сайлау туралы хабарды қазақтың барлық ру-тайпаларына алдынала арнайы жасауылдар жеткізетін. Осы оқиғаға орай әйелдер мен балалар өзінің ең әдемі деген киімдерін киетін. Ер адамдар бес қаруын сайланып мәслихатқа келетін. Мәслихат қожаның батасынан басталып, кейін сөз құрметті ақсақалға берілетін.Халықтың алдында хан тағына үміткерлер өз баяндамаларын жасайтын. Сөздерінде өздерінің жеке жетістіктері және хан тағына неге лайық екендігі туралы айтатын. Кейін әрбір үміткерді жақтайтын адамдар сөз сөйледі. Хан анықталғаннан кейін, оның жақтаушылары сөз сөйлеп, сөзінде ханды мақтап, сонымен қатар жетістіктерімен бірге кемшіліктерін де айтатын. Хан сайлау рәсімі жұма күні өтетін. Ақ киіз төселіп, екі құрметті ақсақал ханды киізге отырғызған. Кейін ең құрметті сұлтандардың, билердің, байлардың және батырлардың арасынан төрт адам шығып, ақ киізде отырған ханды үш рет жоғары көтеретін. Осы сәттен бастап хан ресми түрде сайланды деп жарияланған. Кейін ханды құттықтаған соң, оны қайтадан ақ киізбен бірге жақтастары, ақсақалдар бірнеше рет жоғары көтеретін. Салтанаттан кейін хан өз сыртқы киімін шешіп, оны бірнеше бөлшектерге кесіп, жәдігер ретінде тарататын. Осы киімнің орнына ханға арнайы тігілген ақ шапан кигіздіретін. Ханның малын хан көтеру рәсіміне жиналғандардың барлығы араларында бөлісетін, кейін рәсімге қатыса алмаған адамдармен бөлісу үшін. Бұл рәсім «хан сарқыты» деп аталатын. Бұның мағынасы – ханның ешқандай жеке мүлігі жоқ, оның байлығы – халқының байлығы. Егерде хан халқының үмітін ақтамай, әділетсіз болса, оны мәслихаттың шешімімен тақтан тайдыратын. Ханның барлық мүлкін алып кететін. Қазақтың бірінші ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып әз Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Қазақ тарихында көптеген ұлы, дана, әділетті хандар болғаны тарихтан белгілі. Олардың қатарында Қасым хан, Хақназар, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан сияқты алаштың билеушілерін айрықша атап өтуге болады.