Отбасы бақыты

   жанұя   Қазіргі таңда көптеген адамдар өз ұяларын өздері құлатуда. Бос сөздер, сын айтулар (критика), дауласулар, көңіл қалдыратын сөздер жанұяның қирауына немесе бақытсыз халге келуіне себеп болады.Ешкім сын естуді ұнатпайды, марапаталуды, мадақталуды күтеді. Нәпсіміз сынды емес мадақталуды ұнатады. Біреуді марапаттағанда, мақтағанда ештеңе жоғалтпаймыз және сол адамның көңілін алған, қуантқан боламыз.    
Тамағымызды пісіріп, кірімізді жуып беретін, балаларымызға қарап, үйімізді тап-таза етіп, реттеп ұстап отырған әйелімізді мадақтаудай, оған рахмет айтудай табиғи нәрсе бола алмайды. Мұндай марапаттаудан махрұм болғандардың отбасында тыныштық болмайды.  
      Басқа адамдарға қатты айғайлап сөйлеуге ұяламыз, бірақ үйде қатты сөйлеуден ұялмаймыз. Негізінде үйдегі бақыт, жұмыстағы әдептіліктен де маңызды. Үйдегі тыныштық, миллиондап ақша табудан да маңызды емес пе? Олай болса, үйімізде жақсылықты бағалай алып, сыпайы, жылы және жарқын жүзді болсақ, отбасымызда келіспеушілік деген нәрсе болмайды.   
Пайғамбарымыз алейһиссалам үйіне күлімдеп кіріп сәлем беретін еді. Адам көңіл-күйі болмаса да күлімдеп жүруді ұмытпауы керек. Өйткені әл-әрекеттеріміз айналамыздағыларға сөзге қарағанда көбірек әсер етеді.  
      Мұсылман күлімдеген, жарқын жүзді болады, ал мунафықтың қабағынан қар жауып тұрады. Күлімдеу – тегін дүние. Алғанды қуантады, бергенді де ренжітпейді. Кейде бір күлімдеу өмір бойы естен шықпайды. Бақыттың кілті – күлімдеу. Күлімдей алу дүние мен ахирет бақытына себеп болады.