2018 шілде Балалар бақшасы

Қазақстан
Елім менің отаным
Қазақ деген ұраным.
Оның атын сұрасаң,
Қазақстан жыр әнім
 
Гүлдер
Жайқалып тұр қараса,
Бойлары гүлдің аласа.
Өзі әдемі әр түрлі,
Жайқалған гүлдер тамаша.

Анеля 10 жас Ақтөбе облысы Шалқар ауданы

Апам
Апам менің апашым
Мені жақсы көретін.
Əр дайым маңдайымнан,
Иіскеп сүйіп жүретін.
Мен де сыйлап жүремін,
Ақылын жерге тастамай.
Жақсы көрем əрдайым,
Дəмді-дəмді астарын,
Жақсы көрем апамды
Асыл апам аяулы.

Кəкімова Балнұр 9 жас ШҚО.Өскемен қаласы

Мұқағалиға  арнау
Боп кеткен жұрты менен ақынға аңыз
Санадық сені жақын туысқа біз.
Өзіңе өзек жарды алғыс айтам,
Сарабдал халқымыздың сапындамыз.
 
Әжетай
Мейірімді ақ әжем,
Кең пейілді данасың.
Бар жақсыны сыйлаған,
Алтын болып жүре берші ақ әжем.

Жанель Көшербай

Балалар
Балалар-ау, балалар!
Жақсылыққа еріңдер,
Жамандықтан жиреніңдер,
Аналарыңды ренжітпей,
Жақсы болып жүріңдер,
Балалар-ау, балалар!
Ойнаңдар да күліңдер,
Әдепті болып жүріңдер!

Серікбаева Мөлдір 9 жас Қандыағаш қаласы

Құстар – біздің досымыз
1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Халықаралық құстар күні 1906 жылы құстарды қорғау бойынша конвецияның бекітілуінен кейін атап өтіле бастады. Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға; аң аулаудың белгілі бір түрлеріне тыйым салуға немесе шектеу қоюға; құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталған. Осы күнге орай А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасы Х.Капанов атындағы Орал Халықаралық гимназиясының 4 сынып оқушыларына «Құстар – біздің досымыз!» атты әңгіме – саяхат өткізді. Бұл шараның мақсаты: оқушыларды құстардың ғажайып әлеміне қызықтыру, себебі қызығушылықпен бірге әлемді терең тануға болады. Сонымен қатар, балаларға құстар тіршілігін зерттей отырып, табиғатты аялаумен бірге құстардың қасиеттеріне орай қиялдарын дамытуға үлесін қосады. Шара соңында балаларға құстар туралы жұмбақтар жасырылып, әңгімемен, мысалдардан, өлеңдерден үзінді оқылып, кітап көрмесіне шолу жасалды.        

Алтыншаш Зұлқашева А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасы, Орал қаласы

Қауіпсіз ғаламтор – қауіпсіз қоғам
Ғаламтор бүкіл әлемдегі миллиондаған компьютерлік желілерді бір-бірімен байланыстыратын орасан зор компьютерлік желі. Бұл ұғым ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да, жүрдек пойыздың жылдамдығын еске салатындай жедел қарқынмен кең қанат жайып келеді. Әйгілі Ер Төстік ертегісінде Төстік жыл санап емес, ай санап, күн санап өсіпті дейтін жері болатын. Сол Ер Төстіктің ер жетуі сияқты дамып отырған бір сала болса, ол – бүкілғаламдық желі – Ғаламтор деп санар едім.
«Қауіпсіз ғаламтор» апталығы аясында А.С.Пушкин атындағы орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен №46 ЖББОМ 4 «а,б» сынып оқушыларымен және «Оқушылар сарайы» үйірме қатысушыларына «Қауіпсіз ғаламтор» сауалнамасы және «Ғаламтор жүйесіндегі қауіпсіздік» атты әңгіме – танысу болып өтті.
Шара оқушыларға ғаламтордың пайдасы мен зияны туралы айтылудан бастау алды. Балаларға қазіргі шынайы өмір мен жасанды кеңістік, ғаламтор мен кітап, адами қарым-қатынас пен онлайн қатынас бәсекеге түскен заман жайлы шынайы әңгіме дүкен құрылды. Әрі қарай оқушылар өз ойларын ортаға салды. Бірі ғаламтордың пайдалы жағын айтса, екіншісі оның зияны туралы ой толғады. Содан соң кітапханашылар балалардың сандық сауаттылығын арттырып, ғаламтордың пайдасы мен зиянын саралауға кеңес берді. Шара соңында оқушыларға «Қауіпсіз ғаламтор» сауалнамасы жүргізілді. Сауалнама 5 сұрақты қамтиды.
Сауалнама қорытындысы бойынша:«Ғаламтор «зиянды» деген пікірге келісесіз бе ?» деген сұраққа 70% «ия» деп жауап берсе, 30% «жоқ» деген жауап берді.

«Компьютерді қолдану ережесін білесіз бе?» деген сұраққа «ия» - 75%, «жоқ» - 25%
«Бір күнде қанша сағат әлеуметтік желіде отырасыз ?» 50% – «3 сағат», 35% - «3-5 сағат аралығында», «уақыт шектемеймін» - 10%, «мүлдем отырмаймын» - 5%
«Компьютерге арналып жабдықталған бұрышыңыз бар ма ?»: «ия» - 65%, «жоқ» - 35%
«Ата – аналарыңыз әлеуметтік желілеріңізді қадағалап, уақытты шектей ме?»: «ия» - 80%, «жоқ» - 20%                                                                
Шара нәтижесінде оқушылардың көпшілігі ғаламтор қауіпсіздігі туралы, дербес компьютерді қолдану ережелерін, оның ішінде уақыт шектелуі туралы біледі екен.
Мақаланы дайындаған Ирмагамбетова Ажар Алибековна А.С.Пушкин атындағы орталық балалар кітапханасы, Орал қаласы

Балаларға базарлық
Балалар кітабы апталығы
2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасында наурыз айының 26-сы мен сәуір айының 2-сі күндері «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында балалар кітап апталығы өткізілді. Шараның ашылуына арналған мерекеге мектеп жасына дейінгі және төменгі сынып оқушылары қатысып, «Балаларға базарлық» кітап көрмесіндегі түрлі форматта әдемі безендірілген жаңа кітаптармен танысты.
Балаларға халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең  жақыны ол – ертегі. Бүлдіршіндерді жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирендіретін, тәрбиелі болып өсуіне сәби кезінен септігін тигізетін ертегінің орны ерекше. Міне, жоспарлы түрде осы бағытта апталықтың алғашқы күні №15 «Жидек», №41 «Назерке» балабақшаларының бүлдіршіндері әлем халықтарының ертегілер еліне саяхат жасап, «Ертегілер қоржынынан» қазақ халық ертегісі «Алтын сақаны» тыңдады.
Апталықтың екінші күні орыс ақыны, балалар жазушысы Сергей Михалковтың туғанына 105 жылдығына арналған «Всем советы дать готов дядя Степа Михалков!» әдеби кеш Ақтөбе облысы бойынша кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерінің қатысуымен өтті. Балалар жазушының өмірбаяны шығармасының басты кейіпкері «Степа ағаймен» танысты.
«Ойнайық та, ойлайық» деп аталатын апталықтың үшінші күнінде «Бал бала» балабақшасының бүлдіршіндеріне қызықты танымдық бағдарлама әзірленді. Бүлдіршіндер «Ерке бала»,  «Балапан бағы», «Балдырған», «Непоседа», «Балақан» журналдарының «Мықты болсаң тауып көр» айдарындағы жұмбақтардың жауабын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айтып, «Жаңылтпаштан жаңылма» бөлімінде жаңылтпаш айтудан жарысты.
Апталықтың төртінші күнінде «Ұлттық ойындар – халық қазынасы» спорттық ойындар ұйымдастырылды. №61, 64 мектептің оқушылары «Арқан тарту», «Асық ату», «Хан талапай» ойындарын ойнап, шынығып, өздерінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түсті.
Апталықтың бесінші күні 1 сәуір – Халықаралық құстар күніне арналған «Құстардың ғажап әлемі» сабағымен толықты. Бұл әдеби-музыкалық сабаққа қатысқан №62, 64 мектептің 2, 3 класс оқушылары құстар туралы қызықты деректер тыңдап, жұмбақтар шешті.
Апталықтың соңғы күнінде «Менің сүйікті кейіпкерім» әдеби карнавалына қатысқан №2,11,12,39,60,64 мектеп оқушылары өздерінің сүйікті кейіпкерлері Ханшайым, түлкі, қоян, Алдар Көсе, Мақта қыз, Мыстан кемпір, Карлсон, Қызыл телпек, Қарақшы, Су перісі және т.б. костюмдерін киіп, сахналық қойылым қойып,ән мен жырдан шашу шашып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Шараға қатысқан барлық оқушылар диплом, сертификатпен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.
«Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге»,-деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық, өйткені бар білімнің қайнар көзі кітапта екенін ұмытпайық достар!

Мәндібаева  Рима кітапханашы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы