2018 наурыз Балалар бақшасы

Құтты мекен Құтарыс!
Құдыретіңе әрдайым бас ием мен
Кіндігімнің жас қанын ағызған жер
Қадыріңді жырлап мен жүрсем екен
Құт дарыған туған жер ғажап мекен
Жусан иісі аңқыған ауылымнан
Қырларына гүлі толған кілемдей боп
Арыс деген өзен бар сыңғырлаған
Таң қалдым мен туған жер ауасына
Рүстембекқызы Ұлбосын Сайрам ауданы Құтарыс ауылы
Демалыс
Жазда ауылға барамын демалуға,
Кейде тіпті еріп кетем қой бағуға.
Шөлмекпенен сүт берем әр күн сайын,
Жетім қалған кішкентай қозыларға.
Таңғы алтыда оянамын ұйқыдан,
Жеңгемді көрем бір топ малды суарған.
Отырар әжем таңғы ауамен құрт жасап,
Түрлі әңгіме тыңдайтынмын мен содан.
Шұбат, көже, құрт та жеймін армансыз,
Мен ауылға, ата-әжеме барғанда.
Болса да ауыл, өзен, көлсіз, ормансыз,
Арқау болды менің әсем жырыма.
Қуаталиева Айсана 11 жас Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау селосы
Дәрігер
Дәрігер – ақ халатты абзал жан,
Емдесе сау болар жан мен тән.
Сіз жайлы жыр жазам, жүректен,
Сіз жайлы саламын әсем ән.
Бағдатова Шұғыла Дарханқызы 8 жас Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу ауылы
Көктем
Көктем келіп, қыс  кетті.
Жылғалардан су ақты,
Даламыз жасыл көрпе оранып.
Балаларда мәз мирам болып қуанды.
Егемен  ел
Он алтыншы – Желтоқсан,
Тәуелсіздік алған күн
Құттықтаймын баршаңызды,
Бұл мереке ұлы той.
Жанель Көшербай
Желтоқсан
Желтоқсан күні, желтоқсан түні,
«Елім» деп шықты жастардың үні.
Кім білген сол күнде не боларын,
Сол күннің арқасында бақ қонарын.
Тәуелсіз ел боламыз деп,
Қанша жастар азап шекті.
Ұл мен қызын қорғай алмай
Қанша АНА жасын төкті.
26 жыл өтті міне бүгінде
Тәуелсіз ел туымыз желбіреуде.
Жаса мәңгі, қазақ елім, самғай бер
Батыр, қайсар ұрпағың бар еліңде!
Қызылорда қаласы №112 орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі Ляззат Базарбайқызы
Менің  сыныбым – менің ұжымым
Менің сыныбым С.Оразалин атындағы орта мектептің төртінші сыныбы. Менің сыныбымның беделі жоғары. Сыныбымда он жеті оқушы білім аламыз. Сыныбымда үлгілі, талапты оқушылар көп. Сыныбымның өз ерекшелігі бар. Біздің сыныптың оқушылары ынтымаұшыл, талапшыл, ақылды болып өсіп келеміз. Әрине оған себепші ұстазымыз Акимова Гулшат Аманқызы. Ол бізге бар білімін үйретіп, адалдыққа тәрбиелеуде. Мен өз сыныбыммен мақтанамын және сыныбымдағы барлық достарымды жақсы көремін.
С.Оразалин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Сәлімжанұлы Иманәли
Менің сыныбым
Менің сыныбымдағы оқушылар бір – бірімен тату және білімді. Сыныптағы үздік оқушыларды өзіме үлгі тұтамын. Біздің ауызбіршілігіміз, жауапкершілігіміз және білімділігімізді барлық оқушылар мен ұстаздар мақтан етеді. Біздің сынып оқушылары бір-бірімізмен ақылдасып шешім қабылдаймыз, әрдайым көмектесіп, бір-бірімізге қамқор болып жүреміз. Біз бір ұжымбыз, сондықтан біздің мақсатымыз бір.  Біз мектептегі ең үлгілі сынып болсақ дейміз және сол мақсатымызға жетеміз.
С.Оразалин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Алдамжар Халида Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылы. 
Мәуелі ағаш – бәйтерек
Табиғи һәм құндылықтар әлеуетінде тегімізден небір халық жаршылары, ел үшін қызмет еткен би, шешендер өтті. Әр дәуірден құралған кезеңнің өзінің жиынтық бейнесін көре аламыз. "Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол" деген ұстанымды берік еткен сонау ел жүрегіндегі Жалаңтөс Баһадүрден бастап Кіші жүздің бас биі Әйтеке би, Төртқараның ел билеген Әжібай, Былшық, т.б. билерінің әділдігі бәрімізге мәлім. Солардың ізімен сот жүйесінде адал қызмет еткен атамды зор мақтанышпен айтқым келеді. "Бір бала атаға жете туады, бір бала атадан кері кете туады" деп ата жолына жете түскен Скендір Уәлиұлы еліміздің көркеюі жолында өз таңбасын қалдыра білді. Атамыздың есімі көп жерлерде таныс, соған дәлел – Ақтөбедегі кез-келген ауданда тегімді атағанда, кімнің немересі, кімнің ұрпағы екенімді танып жатуы. Осындай жағдайлар орын алып жатқанда, көкейде мақтаныш сезімі билейді. КСРО заманының сапырылысқан кезеңінде 4-5 жасында әкесі соғысқа кетіп, қайта оралмады. Алайда ол жетімдіктің тағдырына қайырылмай, білім тізгінін ұстауға ниеттенді. Бүгінде атамның мектеп бітіргендегі қызыл аттестаты – өмірімнің бастауларындағы мотиватор. Атам Ақкөл совхозындағы 8 сыныптық мектепті бітіреді де, Ақтөбе теміржол локомотивтік депосында машинист көмекшісі бола жүріп, сырттай 10 сыныптық кешкі мектепті үздік аяқтайды. Өмір белесіне аяқ басар кезінде Кеңес әскеріне шақырылып, Германияда борышын өтейді. Германияда әскер қатарында жүргенде Коммунистік партиясына мүшелік етіп, өмірге алғаш көзқарастарын қалыптастырады. Әскерден Ақтөбе облысы Алға қаласы Ремесленный училищесінде мастер болып тағайындалады. Жұмыстан тыс Алға ключевой ауданында Комсомол комитетінің екінші хатшысы сайланып, сол жерде әжем Қарашашпен отбасын құрады. ҚазКСР бойынша жоғарғы партия мектебін Алматыда тәмамдап, туған жері Қарабұтақ ауданында партия комитетінің меңгерушісі, мәдениет бөлімінің басшысы болады. Атам – құдды энциклопедия сияқты, екеуміз көп сыр шертеміз. Оның өмір жолын, шығармашылық табыстарының сырын сұрағанды ерекше ұнатамын. Компартия хатшысы болғанда, ҚазКСР президенті Н.Ә.Назарбаевты ерекше ілтипатпен қарсы алғанын, сот жүйесіндегі кезінде Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған Қ.С.Кейкинмен жолдастық ете алғанын, үлкейген шағында Шобандар шежіресін жазу жолындағы табандығын, т.б. әңгімелерін естуім бар. Болашағыма жоспар құруда атам алдынан өтемін. Ол маған: Бастысы – еңбекқор бол, кім болсаң да, адам сүйсінетін өз ісіңнің маманы бол! Қалғанын тағдырың көрсетер, - дейтін. Атам өмір бойы хатшы болуды армандапты. Би түсетін үй боп ұлылардың жолын көре жүріп, өзінің де би болатын сәті түсіпті. Сырттай Орынбор Бүкілкеңестік жоғарғы заңгерлік институтына түсіп, соны тәмамдағаннан кейін Ырғыз, Әйтеке би ауданы соттарының төрағалары, Ақтөбе қалалық сотының төрағасы қызметін атқарған. Зейнет жасына жеткен соң, Ақтөбе облыстық адвокаттар мүшелігінде жұмыс істеді. Қазір Мұратқанов Скендір ҚР бойынша доғарыстағы құрметті судьялардың бірі, ал Ақтөбе облысы бойынша сот ардагерлерінің қоғамдық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып келеді.
Атам 82 жаста. Артынан ерген 2 ұлы, 4 қызы,15 немересі мен 2 шөбересі бар. "Ат тұяғын тай басар" демекші балаларының көбі әкесінің жолын ұстаным етті. Үлкен ұлы Есдәуір – менің әкем Алға аудандық сотының төрағасы болып қызмет етеді және одан бұрын Ақтөбе, Ойыл, Қобда, Байғанин аудандарында еңбек етті. Қыздарының бірі – Атырау қаласында адвокат ретінде танылса, кіші қызы – Ақтөбедегі нотариус саласындағы заңгер. Немерелері де кетігін қалайтын біртуар халық жанашырлары болу жолында тәрбиеленіп келеді. Атамның ерекше мінезі – немерелеріне деген риясыз сүйіспеншілігінде. Әр баланың күнін мереке етіп өткізуге бар ынтасымен көңіл бөледі. Атаулы күндері барлығымызды бір шаңырақ басына жинап, әдемі мәдениет үйлері, ойын-сауық кешендеріне апарады. Балалардың тілін түсініп, байыбын білетін -  атам. Кішкентай кезімде есімде қалғаны – үлкен немересіне велосипед алып жатқанда, кішісі тұрып:  "маған да алып берші, ата, сен – алтын балықсың ғой" деген еді. Алтын атамыз әрқашан бізге ақылын айтып, әр қадамымызға батасын беріп отырады. Ата жалғыз немерелеріне емес, барша адамға бауырмал. Өз ісіндегі жүйені жете түсіндіріп, әр тұлғаны бауырына басып, бағыт нұсқайтын. Бүгінде шәкірттері – Ақтөбе облыстық соттарының, қалалық, аудандық соттарының төрағалары мен судьялары.
Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп, келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнекей, жағада тұр!- деп М.Мақатаев айтқандай, еліміздің ардагерлері күннен-күнге азайып бара жатқаны қатты толғандырады. Ақсақалдарымыздың әр сөзі көкейімізге өсиет болып сақталып, көзі тірісінде бағалануы тиіс. Мен сияқты әрбір бала өз ата-әжесін шын көңілмен жақсы көріп, мақтан тұтады. Сол себепті де, барлық қазақ елінің үлкен адамдарын келе жатқан Қарттар күнімен құттықтай отырып, жасыңыз ұлғайса да, көңіліңіз ескірмесін дегім келеді. Ұлыңыз ұлықты, қызыңыз қылықты, келініңіз келісті, күйеу балаңыз білекті, немерелеріңіз текті боп, аман- саулықта өскелең ұрпақтың құрметіне бөленіп жүре беріңіздер!
Скендирова Қырмызы М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 11-класс оқушысы
Ұлықты ұстаз Сұлушаш Ауғанқызы!
Шаршамаңыз өзіңіз.
Сіз туралы ойлаймын
Ардақты адам – ұстазым
Айтатыным мың алғыс,
Қабылдаңыз, ұстазым!
Оқып, білім алуды
Үйреттіңіз еңбек деп,
Жетістіктін – еңбек тек.
Бәрі рас сөзіңіз.
Менің сыныбымда 18 оқушы бар. Бәрі ақылды. Ұстазымыз бізге қателеспеуге көмектеседі. Ондай жанды жақсы көрмеу мүмкін емес. Әр ісі, сөйлеген сөзі, өткізген сабақтары – аңыз. Ұстазды – баланың екінші анасы атауы орынды. Өйткені бірін-бірі толықтырып, бала үшін өмір сүреді. Апайдан оқыған шәкірттер жоғарғы сыныптарда да алда жүреді. Біз алғашқы ұстаздың орасан еңбегін еш ұмытпаймыз.
Павлодар облысы Май ауданы Малайсары орта мектебінің 4-сынып оқушысы Ахметсапар Нұрасыл