2018 қаңтар Балалар бақшасы

Қазіргі уақытта кітап оқу қажет пе?
Қазіргі уақытта кітап оқу қажет. Өйткені барлық білім кітапта. Кітапты не құрлым көп оқысаң сол құрлым білімді боласың. Бізді кітап жақсылыққа үйретеді.Оның ішінде біз білмейтін қызықты да өнегелі әңгімелер бар. Оның түрлері көп. Маған ертегілер кітабы ұнайды. Достар кітапты көп оқиық.

Байжанова Таңнұрым 10 жас Кентау қаласы

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік – берекеміз,
Құтты   болсын   мерекеміз,
Терең ойлап қарап көрсем,
Біз ең мықты ел  екенбіз.
 
Жетістіктер  жеткілікті,
Бүгін  жастар  көп білікті.
Жарқын балар балашағым
Өйткені еліміз көрікті.
 
Ғұламалар туған жерде,
Туып өсіп келем мен де.
Тәуелсіздік құтты болсын
Бейбітшілік болсын елде.

Қарағанды «№4 жалпы білім беретін мектеп-интернаты» КММ 7 «Б» сынып оқушысы Рахимберлина Диамира 

 

Өмір
Өмір теңіз сияқты,
Уақыт толқын сияқты.
Өмір тыныш тұрады,
Уақыт өте шығады.

Тазбала 12 жас Ақтөбе қаласы

Ана махаббаты
Әр баланың жүрер ана қасында
Қамқор болып үлкені мен жасына.
Сыры аян аналардың біздерге
Сен де одан ешнәрсені жасырма.
Сені өсірді, аялады мәпелеп
Күндіз-түні тербетумен әлдилеп.
Сен есейіп алыс сапар кетсең де,
Жүрер сені "ақ тілегі" жетелеп.
 
Ана деген толқыған көк теңіздей
Сағынады сәл көрмесе сені іздей.
Хат жазып тұр, хабарласып анаңмен
"Құлыным-ау, сағындым ғой!" дегізбей.

Көшкеева Бейсен Түркістан қаласы, ОҚО

Дәрігер болғым келеді
Менің есімім Ақнұр. Мен жеті жастамын. Үлкейген соң адамдарды емдейтін дәрігер болғым келеді. Ағам сияқты Алматы қаласына барып оқығым келеді, ол үшін оқуымды беске бітіруім керек. Мен жақсы қыз болып өсуді армандаймын. Арманға жету керек әрқашан.
Отаным қымбатсың маған бәрінен,
Емдеймін барлығын да дәрімен.
Әдемісің, Тамашасың,
Айналайын Отаным менің бәрінен.

Үмбет Ақнұр 7 жас Тараз қаласы

Топсеруен
Сенбі күні мұғалім мен ата-аналар бірге сыныбымызбен топсеруенге шықтық. Күн ашық, жарқын, жылы болды. Сап тізіп, жаяу, әндетіп далаға шықтық. Далада ауа мүлдем бөлек, таза. Күләш Саламатқызы біздерге керемет, ашық алаңқай табиғатта түрлі ойындар ойнатып, күзгі табиғаттың өзгешеліктері мен ерекшелігін түсіндірді. Бір-бірімізге жұмбақтар жасырдық, доппен ойнадық, ыстық картоп, тышқан мен мысық, бұлбұл мен бөдене ойындарын да ойнадық. Жақсы демалып, улап-шулап қалдық. Ата-аналар далада біздерге арнап, дастархан жайды. Барлығымыз ойнап болған соң, дастархан басына келіп, жайғасып отырып, тамақтанып алдық. Далада тамақ ішу өте қызықты және өте дәмді, керемет! Сөйтіп, жақсы тынығып, демалып жүргенде, уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамай қалыппыз. 5 сағаттан соң үйге қайттық. Сол күнгі топсаяхат – мәңгі есімде қалатын тамаша күндерімнің бірі болды. 

Алиева Джанита, 10 жас БҚО. Ақсай қаласы №4 ЖОББМ

Тәуелсіздік туы
Тәуелсіздік еліме мен сұқтанам,
Тәуелсіздік елім үшін мақтанам.
Жиырма бес жыл мерей тойы боларда,
Бүкіл әлем қазағыма тамсанған.
Бүкіл әлем таниды екен аққуды,
Сол секілді бәрі таниды көк туды.
Олимпиада ойындары көп болса,
Әнұран айтып, көтереміз көк туды!

Игілік Дәулетияр 7 жас Тараз қаласы

Екілік  (әңгіме)
Ерлан сабақтан көңілсіз қайтты. Себебі ол қазақ тілі пәнінен "екілік" деген баға алған. Үйге келіп жейдесін бір жаққа, сөмкесін бір жаққа лақтырып, төргі бөлмеге кіріп жатып қалды. Анасы келіп қанша сұраса да, үн-түнсіз тұнжырап жата береді. Екілік алғанын анасына айтса ренжитінін біліп, ұялып жатыр. Анасының ұрсатынын ойласа, бойын үрей билейді. Осы ойдың құшағында жатып көзі ілініп кетті. Түсінде Ерлан екіліктің үстінде серуендеп жүр екен. Қатты жүйткіген "екілік" Ерланды қараңғы орманның ортасына алып келді. Жан-жағына зейін қойып қарап еді, ешкім жоқ... Анасы да, достары да... мұғалімі де... Ерлан үрейленіп, айқайлауға да қорқып, екіліктің мойнынан қыса түсті. "Екілік" одан сайын үдете жүйткіді. Кенет алыстан болымсыз ғана жарық көрінді. Ерлан қыңыр-қисық бұталардың арасынан жарыққа ұмтылды. Бар жарығын шашып, сенімді келе жатқан "бестік" екен. Ерлан "Алақай!" деп айқайлап жіберді. Ол өз дауысынан өзі шошып оянды, бәрі де түсі екен. Анасы:"Кел, құлыным, тамағыңды іше ғой... Мұңайма, бұл жолы ұрыспай-ақ қояйын, тек екінші рет "екілік" алма!- деді күлімсіреп. Ерлан орнынан тұрып анасын құшақтады. Ендігі қимылы ширақ, өзіне сенімді. Қайтсе де "бестік" алмақ... Алады да...

Көшкеева Бейсен Түркістан қаласы, ОҚО

Анаға хат
Кімде болса ана жайлы сөз қозғағанда оны айтып тауысу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына махаббаты шексіз. Сол аналарды құрмет тұтып, қастерлеу біздің борышымыз. Кез-келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Мені анам жарық дүниеге әкелгені үшін, мәнді де мағыналы өмір бергені үшін алғысым шексіз! «Ана» дегенде, елжіремейтін жүрек, туламайтын жан болмас. Ана сенің өмірдегі ең жақының, досың, сырласың. Бұл қасиетті де, киелі ұғым. Бала анасыз, ана баласыз өмір сүре алмайды. Ана үшін баланың орны әрқашан да бөлек. Адам алдымен адам болам десе, ананы қадірлей білуі керек. Сен шыр етіп жылаған күннен анаң байғұс түн ұйқысын төрт бөліп сені мәпелеп жұбатады. Ана сенің тірегің, өмірдегі бар байлығың, асылың. Бұл дүниеде ата-анасының айтқанын істейтін, кірпігіне кірбің түсірмейтін адамның жолы ашық, бақытты болады. Ата-анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Осы орайда айта кететін Ғабит Мүсіреповтің мынадай  сөзі бар: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Жұмақтың кілті ананың табанының астында. Менің өз пікірім адамның екі анасы бар деп ойлаймын. Бірі – өзіңнің ақ дидарлы анашың, екінші – бар білімін мына саған берген аяулы ұстазың. Ана бар болғаны үш қана әріп, бірақ теңіздей терең тұңғиықта жатқан астарлы мағыналы сөз. Біз анамыздың қадірін ешқашанда түсінбеспіз. Әттең оны ұқпаспыз. Біз анамыздың қарызын ешқашан өтей алмаспыз. Қанша тырыссақ та, жақсылық істесек те анамыздың біз үшін істеген жақсылығының қасында түк емес. Енді анаңның ыстық алақанын, жылы жүрегінің лебізін айтсаңшы! Мен үшін бұл жарық дүниеде бір ғана күн бар. Ол күн әрдайым нұрланып жарқырап тұрады. Ол -   әрине, аяулы анам. Егер менің қолым тоңса оны жылытатын жан ол – ана. Ол менің асылым, ардақтым. Мен ата-анама бар жақсылықты, таусылмас байлықты, зор денсаулықты қажымас қайратты, ешқашан ауырмауларын тілеймін. Анамның жүз жасауын тілеймін, үміттерін ақтауға тырысамын. Бәрін қорытындылай кетсем, анамды Меккеге үш рет арқалап апарсам  да қарызын  өтей алмаймын. Мен ата-анамды қатты жақсы көремін! Қайда болсақ та, қайда жүрсекте асқар таудай  әкемізді, аяулы мейірімі шексіз анамызды ұмытпайық!

ОҚО, Түлкібас ауданы,Т.Рысқұлов ауылы КММ А.Пушкин атындағы жалпы орта 8 «Г» сынып оқушысы

Ондабай Айгерім Жетекшісі: Бердиханова Жадыра

Ана
Ана – қасиетті де киелі есім. Ана туралы ойымды айтып тауысу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
«Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш ғана әріптен тұратын «ана» сөзінің астарында ұшан теңіз ой жатыр. Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы үшін анадан артық дос жоқ. Кез-келген нәресте шыр етіп, дүниенің есігін ашқанда да ананың ақ сүтінен бойына нәр алады. Ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. Адамның аузынан шығатын ең алғашқы сөзі де – ана. Дүниенің нұры өмірдің гүлі қызықтың қызығы ананың қолында. Ал жұмақтың кілті – ананың табанының астында. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Мына  өлең жолдарын өз анама арнасам деймін:
                Өмірдің иесі сен ғазиз ана,
                Келтірген дүниеге нелер дана.
                Анасыз батыр да жоқ, ақында жоқ,
                Өмірдің алтын кілті сонда ғана.
Тіршілік иесіне нұрын шашып, шексіз мейіріміне бөлеп, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана. Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен бізді аялауы әлдилеп жұбатады.
Анашым! Соңғы кездері шашыңызға біраз ақ түсірдім бе? Мені уайымдап сан мәрте жанарыңыздан жас сырғанаған да шығар.... Талай түндерде де көз ілмей сары уайымның жетегіне еріксіз ілесіп келер таңға жаңа үміт артып жүрдіңіз. Анашым! Тентек қара қызыңыз ешкімнен кем болмайды! Сенімсіздік үстем алып  бара жатқан сәттерде алыстағы сағымдай көрінетін арман мақсаттарымның бәріне сіздің қолдауыңызбен қол жеткіземін!
Әлі талай рет сізге кешкісін Токионың ең биік мұнарасының шатырынан телефон шалатын боламын! Тек өтінемін сіз ғана ешқашан менен теріс айналмаңызшы! Тек сіз ғана маған сеніңізші! Маған әркім ақыл айтады. Бірақ маған сіздің ақылыңыздан басқа ақыл керек емес. Өтірік сөйлеме! Ешкімнің ала жібін аттама! Нанын тартып жеме! Бөтеннің затына қол салма! Біреудің қолына қарама! Ешкімге жалынба! Ар намыс ұят дегенді естен шығарма! деп өсірген өзіңіз. Менің сізге алғысым шексіз! Сізге әрқашан сіздің айтқаныңыздан шықпайтыныма оқуымды сәтті аяқтап, үмітіңізді ақтауға ант етемін! Тек сіз аман болыңызшы, анашым! Мен сізді қатты жақсы көремін!

ОҚО, Түлкібас ауданы,Т.Рысқұлов ауылы КММ А.Пушкин атындағы жалпы орта 9 «В» сынып оқушысы

Шыңғысбек Балымай Жетекшісі: Бердиханова Жадыра