2017 наурыз Балалар бақшасы

Көктем               
Көктем келді міне далама,
Құлпырып тұр балада.
Қызғалдақта,бәйшешек,
Өседі екен далаға.
Ақбөбек 10 жас Ақтөбе қаласы, Шұбарқұдық ауылы  
 
Жаңа жыл
Жаңа жыл келді, алақай!
Қуан сен де, балақай!
Асыр салып ойнаймыз,
Шырша жырын жырлаймыз.
Достарыммен ән салып,
Би билеп, ән саламыз.
Аяз ата келгенде,
Қуанып қарсы аламыз.
Мешін жылға мың алғыс,
Көрсеткен көп жақсылық.
Тауық жылы баршаға
Әкелсін ылғи қуаныш.
Қызылорда қаласы №112 орта мектеп 3 «Б» сынып оқушысы Жолаушыбаева Ақбота

Көктем
Күн жылына бастады. Қар еріп, жылғалардан су ақты. Жер көгеріп, ағаштар бүршік ата бастады. Құстар да жылы жаққа ұшып келіп жатыр. Жануар, жәндіктер, бар тіршілік иесі оянуда. Адамдар көктемгі егіске дайындалуда.
3 "ә" сынып оқушысы Төреахметова Динара  

Құтты Жаңа жыл келді
Мешін жылы құт қонды елімізге,
Тауық жылы татулық төрімізде.
Мен тілеймін қуаныш баяндысын
Аға-апа, ата мен әжемізге.
Жаңа жылда арта берсін несібеміз,
Кеңейсін шаттық толы керегеміз.
Ұланы боп қазақтың ұлағатты
Ұстаздардан білімді еңсереміз.
Тілеймін Ұлы Қазақ даласына
Жаңа жылда құт қонсын ырысына
Берекесі артсыншы Алашымның
Қазынасы молайсын әрқашанда.
Әр жаңа жыл орны бөлек біз үшін
Жаңа арман, жаңа үміт сыйлар күн.
Аппақ қардай көңіл менен тілектер
Арналады ақ пейілді жүректен!
Қызылорда қаласы №112 орта мектеп 3 «Б» сынып оқушысы Абдуғали Толғанай Қанатқызы
 
Жаңа жыл
Қош келдің, Жаңа жыл,
Бізге сыйлап жаңа нұр.
Бақытты ғой бар халық
Билеп, шырқап жаңа жыр.
Тауық жылы құтты болсын,
Бақыт, шаттық, байлық қонсын.
Әрбір бала күлімдеп
Ойнап күліп, асыр салсын.
Қызылорда қаласы №112 орта мектеп 4 «А» сынып оқушысы Жолдасбек Мұхаммед Болатбекұлы

Туған жер
Жетісудің шалғайы,
Алатаудың баурайы.
Бәрінен де қымбат қой
Туған жердің аймағы.
Гүлдер менен сәнделген,
Құстар менен әнделген.
Нұрсұлтаным басқарған,
Әдемі жер бұл неткен!  
Жанарбекұлы Мұстафа 7 жас Алматы қаласы

Үш  қыз
Ертеде Қызылқұм деген елде бір данышпан қарт үш қызымен өмір сүріпті. Қыздары сондай сұлу және ақылды болыпты. Аналары ерте дүние салған екен. Қарт қыздарына бар білгенін үйретіп отырады. Тамақты дәмді дайындап, қонақты да жақсы қарсы алатын болыпты. Үлкен қызы Парасат кітап оқығанды, өлең жазғанды ұнатады екен. Ортаншы қызы Сағира іс тігіп ойынан өрнек құрып, тез бітіреді екен. Кенже қызы Толғанай ауру жандардың  жанын жазатын ем ойлап, шөптерден дәрі-дәрмек құрастырыпты. Бірде көрші Жайпақ деген ауылда Асылхан қарттың жалғыз баласы қатты ауырып қалады. Жақсы деген беделді емшілер де емін таба алмай, ата-анасы қатты қиналады. Содан ол «Қызылқұмда Толғанай деген бәленшенің қызы кез келген ауруға қарсы тұратын ем ойлап табады» дегенді естіп, қызды шақыртады. Толғанай келіп, жігітке іштей ем дұғасын оқып, үш күн емдеп, сол жерде өсетін жусан шөбін алдыртып, тұнбасын ішкізеді. Жігіт ауруынан тез жазылады. Ата-анасы Толғанайға алғысын жаудырып, осындай керемет тәрбие берген данышпан қартқа ұзақ  өмір тілеген екен. Қыздардың үшеуінің де елге пайдасы тиіп, халықтың алғысына бөленіпті.
Қанатбаева Алтынай Ерлановна 9 жас Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, №4 ЖОББМ 3 «Ә» сынып оқушысы

*** 

Адаммен табиғат байланысты,
Бір-бірінсіз болмайды олар күшті.
Табиғатта өсімдіктің сән беруі,
Бәрі-бәрі топыраққа байланысты.
Серікбаев Батыржан №10 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Қызылорда қаласы

Достық
Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық – өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Сатқындық, екі жүзділік, өтірікшілік, өзімшілдік достықпен сыйыспайды. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Халық арасында достық туралы мақал–мәтелдер жеткілікті: “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады”, “Досы жақсының, өзі де жақсы”, Дұрыс дос таңдай білу – өмірлік мақсаттардың бірі Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек. Өйткені ол да баптауды қажет ететін нәзік өсімдік сияқты. Біздер достықты сақтау үшін жан-тәнімізбен еңбектенуіміз керек. Қайтарымын қажет етпей, берудің жолдарын үйрену керек. Сенім мен жарқын көңіл – достықты берік ететін тірек саналады. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады және жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді.
М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы Тұрмағанбетова Рамира
 
Менің анам
Дүниедегі ең қымбатты жан – Ана. Анадан ардақты ешкім жоқ. Жер бетіндегі ең әдемі сөз ана. Ананың қолы ең қасиетті. Ананың жүрегі ең сенімді және сезімтал.  Оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді. Ананы күнге теңейді. Себебі ана құшағы ыстық. Ананың балаға деген махаббатына не жетсін. Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп жан – жағына шуағын төгеді. Алтын ананы қастерлеп, еңбегін  бағалап өтейікші.
Менің алтын анамның
Мейірімге толы жүрегі,
Тек мен үшін жаралған
Анамның ақ тілегі.
№ 36 орта мектептің 4 «а» сынып оқушысы Мауетеков Алмат 

8-наурыз анама
Мәңгі жарық күн сыйлаған маған,
Бүгін сенің төл мейрамың анам.
Құттықтайды шын жүректен сені,
Кенже туған ең сүйікті балаң.
 
Бар тілерім сізге бақыт-қуаныш
Ақ тілекпен алып қанат құрап ұш.
Мерекеңіз бүгінгідей көп болсын,
Алдыңызда айтамыз біз мың алғыс.
 
Шаңырақтың киесі бір өзіңіз,
Мейірім толған мөлдір тұнық көзіңіз.
Мерекеңіз берекелі болсын тек,
Қымбат бізге әрбір айтқан сөзіңіз.
№ 36 орта мектептің 4 «а» сынып оқушысы Еділбек Райымбек