Бауыржан Момышұлы

       Момышұлы Бауыржан (1910-1982) – екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. 1941 ж Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, Бауыржан 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман сау алып шығады. Москва түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды.   
      1952 ж Совет Армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірді. 1950—56 ж. әскери академияда сабақ берді. «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья» атты алғашқы кітаптары сол тұста жарық көрді. Момышұлы еңбектерін орыс-қазақ тілдерінде бірдей жазды. Негізінен әскери өмірбаяндық  жайттарды арқау етіп, патриотизмді, адалдықты, ерлікті ту еткен шығармалар берді. «Москва үшін айқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әскерлері», «Ел басына күн-туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» т. б. туындылары қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Кітаптары көптеген СССР халықтары және бірнеше шетел халықтарының тілдерінде басылып шықты.   
      Бауыржан бірнеше орден, медальдермен наградталды, Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Алайда бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.