Зайд Бин Хариса

/upd/2015/1205/14493115195662bd1fa203a8.72682360.jpg      Йеменде анасы екеуі бір жерге бара жатқан жерінен тұтқынға алыныпқұлдыққа жіберілген. Меккеге алып келіп хазіреті Хадиша анамыздың жиеніне сатылған. Жиені кейін оны хазіреті Хадишаға, ол да пайғамбарымызға сыйға берген. Әкесімен нағашысы ізіне түсіп, оны іздеп Меккеге келеді. Ол кезде әлі пайғамбарлығы жарияланбаған Расулуллаһтың алдына келіп балаларын сұрайды.  Пайғамбарымыз былай бұйырады: 
      - Зайдтің өзінен сұрайық. Сізге барғысы келсе барсын, менің жанымда қалғысы келсе осында қалсын!
Әкесі мен нағашысы бұл ұсынысқа қатты қуанады. Өйткені балаларының өздеріне қайтатынын ойлайды. Зайдті шақырып пайғамбарымыз жағдайды түсіндіреді. Сонда ол былай деп жауап береді: 
      - Мен ешкімді сізге ауыстырмаймын. Менің әкем де нағашым да сізсіз. Сіздің қасыңызда қалғым келеді. 
Әкесі бұл жауабына ашуланып: 
      - Сен бостандықты, әке-шешеңді, нағашыңды құлдыққа ауыстырып отырсың! 
      - Әкетайым, мен мына кісіден сондай жақсылықтар көрдім, енді одан айрылғым келмейді! 
Пайғамбарымыз бұған өте қуанып, Зайдті Қағбадағы хажарул асуад тасының жанына алып барып, ол жерде болғандарға былай деп жариялады: 
      - Бәрің куә болыңдар! Зайд бүгіннен бастап менің балам. 
      Әкесімен нағашысы бұл жағдайды көргенде ашулары басылып, көңілдері толған күйде елдеріне қайтады.
Зайд бин Хариса Расулуллаһтың пайғамбарлығын естуімен иманға келді. Алғашқы иман еткен 4 адамның бірі болды. Мекке кәпірлері оған өте көп азаппен қорлық көрсетеді. Хижретке рұқсат келуімен Мадинаға көшті. Расулуллаһ та оны азат еткен болатын. 
      Сахабалардың ішінде хазіреті Зайдтен басқа ешкімнің есімі Құран кәрімде анық айтылмаған.  630 жылы қолбасшы ретінде қатысқан Мута соғысында шәйіт болды. Ұлы Усама хазіреттері де пайғамбарымыздың қолбасшы етіп тағайындаған сахабалардан болған.