Дар-ул Аркам

Исламның таралуы және үйретілуі үшін сенімді бір орын қажет еді. Пайғам-

барымыз мұндай қасиетті іске хазірет Аркамның үйін таңдады. Бұл үй Сафа төбесінің шығысында тар бір көшеде және биіктеу бір жерде болатын. Бұл жерден Қағбаны айқын көруге болатын. Үйдің кіріп-шығатын жері өткен-кеткендерді бақылауға қолайлы еді. Сонымен қатар хазірет Аркам Меккенің алдыңғы қатарлы адамы еді. Пайғамбарымыз осы үйде сахабаларына исламды түсіндіретін. Жаңадан мұсылман болатындар осы жерге келіп Исламды қабылдап, пайғамбарымыздың көңілге шипа болған қасиетті сөздерін тыңдап, сенімдерін орнықтыратын. Олар пайғамбарымызды мүлгіген тыныштықта отырып тыңдайтын. Сөздерін біртіндеп жаттап алатын. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) күндізгі уақытын хазірет Аркамның үйінде сахабаларын жетілдіруге арнайтын. Бұл жер мұсылмандардың алғашқы ордасы – дарул Ислам болатын. Алғашқы мұсылмандар осы жерге жиналып, мүшріктердің әр түрлі жамандықтарынан сақтанған еді. 

Аммар бин Ясер айтады: «Дар-ул Аркамға барып, расулуллаһты көріп, мұсылман болуды қаладым. Есіктің алдында хазірет Сухейбті жолықтырдым. «Бұл жерде неғып жүрсің?» деп едім, ол осы сұрақты қайыра өзіме қойды. Мен: «Хазірет Мұхаммедтің қасына барып, сөздерін тыңдап, мұсылман болғым келеді» дедім. Ол: «Мен де сол үшін келген едім» деді. Пайғамбарымызға екеуміз бірге бардық. Ол бізге Исламды түсіндірді. Біз дінді қабылдадық».

Аммар мұсылман екендігін айтудан тартынбайтын мүжахидтердің бірі болатын. Дінінен шықпау үшін ең ауыр қастандықтарға да шыдайтын. Мүшріктер ол жалғыз қалған кезде оны Рамда деген жерге апарып, киімдерін шешіп, темірден киім кигізіп, ыстық күннің астына қоятын. Кейде арқасын отқа күйдіріп, ауыр азаптар шектіретін. Оған: «Лат пен Уззаға табынсаң құтыласың» дейтін. Хазірет Аммар осындай адам төзгісіз азаптарға шыдап, «Раббым – Аллаһ, пайғамбарым – Мұхаммед алейһиссалам» деп, оларға қарсылық білдіретін. Мүшріктер одан сайын жынданып, кеудесіне ыстық тастарды қойып, кейде құдыққа тастап аяусыз қинайтын. Аммар бин Ясер бір күні пайғамбарымызға барып: «Йа, расулаллаһ! Мүшріктердің қастандықтары шектен шығып барады» дегенде пайғамбарымыз Хазірет Аммарға жаны ашып: «Сабыр етіңіз, ей Яхзанның әкесі!» дегеннен кейін: «Йа, Раббым! Аммардың үйіндегі ешкімге тозақ азабын тарттырма» деп дұға етті.