Алғашқы мұсылмандар

/upd/2016/0610/1465546628575a778459aeb7.77207354.jpg

Пайғамбарымызға алғашқы уаһи келгеннен кейін алғаш иман келтірген хазірет Хадиша анамыз болды. Ешқандай да сенімсіздік танытпастан Исламды дереу қабылдап, алғашқы мұсылман болу құрметіне ие болды. Пайғамбарымыз хазірет Хадишаға Жәбірейл алейһиссалам үйреткендей етіп дәрет алуды үйретті. Содан соң пайғамбарымыз имам болып екеуі екі рәкәт намаз оқыды. Хазірет Хадиша пайғамбарымыздың әр сөзіне, әр бұйрығына толығымен бағынды. Осылайша, Аллаһу Тағаланың алдында үлкен дәрежелерге көтерілді. Пайғамбарымыз қайғырса, қарсы шыққандарға ренжісе, оны жұбатып, қайғысына ортақтасатын. Ол былай дейтін: «Иа, расулуллаһ! Еш ренжіме, қайғырма. Ақыр соңында дініміз күшейіп, мүшріктер құриды. Қауымың саған бағынады». Хадиша анамыздың осындай көмегіне байланысты бір күні Жәбірейіл алейһиссалам келіп: «Йа, расулаллаһ! Хадишаға Аллаһу Тааланың сәлемін жеткіз» деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Хадиша! Міне, Жәбірейіл саған Аллаһу Тааланың сәлемін жеткізді» деген. Пайғамбарымыз бір жолы: «Аллаһу Тағала маған жұмақта інжуден бір үй туралы Хадишаға сүйіншілеуімді бұйырды. Ол жерде ауру, қайғы және азап болмайды» деген. Пайғамбарымыз бір күні Хадиша анамыз екеуі намаз оқып тұрғанда оларды хазірет Әли көріп қалады. Ол кезде ол он, он екі жаста болатын. Намаздан соң: «Бұл не?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Бұл Аллаһу Тааланың діні. Сені де осы дінге шақырамын. Аллаһу Таала - бір. Серігі жоқ. Сені бір болған, теңдесі жоқ Аллаһқа иман етуге шақырамын» дейді. Хазірет Әли: «Алдымен әкеммен ақылдасайын» дейді. Расулуллаһ оған: «Исламға кірмесең бұл сырды ешкімге айтпа» дейді. Хазірет Әли ертеңіне таңертең пайғамбарымызға барып: «Йа, расулаллаһ! Маған Исламды үйретіңіз» деп, мұсылман болады. Хазірет Әли – мұсылман болғандардың үшіншісі еді. Хазірет Хадишадан кейін алғаш мұсылман болған пайғамбарымыздың жақын жолдастарының бірі хазірет Әбу Бәкір еді. Хазірет Әбу Бәкір жиырма жыл бұрын бір түс көрген болатын. Көктен толған ай түсіп, Қағбаға келген, парша-парша болып бөлініп, әр паршасы Меккедегі әр үйдің төбесіне түсіп, содан соң бұл паршалар қайтадан жиналып, бірігіп көкке көтеріледі. Ал, Әбу Бәкірдің үйіне түскен паршасы көкке көтерілмейді. Мұны көрген Әбу Бәкір дереу үйдің есігін жауып, бұл айдың кетуіне кедергі жасайды. Әбу Бәкір оянып, таңертең дереу бір яһуди ғалымына барып түсін айтады. Ол ғалым: «Бұл шатасқан түстердің бірі. Сондықтан оны жоруға болмайды» дейді. Бірақ, бұл түс Әбу Бәкірдің ойынан кетпей, яһудидің жауабына қанағаттанбайды. Бірде саудаға барғанда дінбасы Бахираның өлкесіне жолы түскен болатын. Көрген түсін Бахирадан жорып беруді сұрағанда Бахира «Сен қай жақтансың?» деп сұрайды. Хазірет Әбу Бәкір: «Құрайыштанмын» дегенде Бахира: «Сол жерден бір пайғамбар шығады және тура жолының нұры Меккенің барлық жеріне таралады. Сен Оның уәзірі, қайтыс болғаннан кейін халифасы боласың» дейді. Әбу Бәкір бұл жауапқа қатты таңырқады. Бұл түсі туралы ол пайғамбарымыздың пайғамбарлығы білдірілгенге дейін ешкімге айтпайды. Мұхаммед алейһиссалам пайғамбарлығын айтқан кезде Хазірет Әбу Бәкір дереу пайғамбарымызға жүгіріп барып: «Пайғамбарлардың өздерінің пайғамбар екендіктеріне дәлелдері бар, сенің дәлелің не?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Бұл пайғамбарлығыма дәлел сенің көрген түсің». Ол ғалым: «Шатасқан түс, жорылмайды» деді. Содан соң дінбасы Бахира дұрыс жорып берді» деп, Хазірет Әбу Бәкірге қарап: «Ей, Әбу Бәкір! Сені Аллаһуқа және расулына шақырамын» деді. Сол кезде Әбу Бәкір: «Куәлік етемін, сен Аллаһу Тағаланың расулысың, сенің пайғамбарлығың ақиқат және әлемді жарқыратқан нұр» деп мұсылман болды.