Ұлы Жеңіске – 70 жыл!

/upd/2016/0530/1464626810574c6e7a7c4808.44784990.jpg

Біздер Тәуелсіз Қазақстанда, ашық аспан астында бейбіт өмір сүрудеміз. Ата-анамыз, достарымыз жанымызда, тамағымыз тоқ, мектепте білім аламыз, ал сабақтан бос уақытта ойнаймыз және қаланың көрікті жерлерін аралап, қыдырамыз. Осының бәрі бейбітшіліктің арқасында мүмкін болып отыр. Бұл туралы үлкендер көп айтады, олар біздердің үнемі бейбіт өмір сүріп, ал соғысты мүлдем көрмегенімізді қалайды.
Өйткені біздің ата-бабаларымыз сұрапыл соғыстарға қатысып, Отан қорғау жолында жаумен шайқасқан.
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанды-қырғын соғыс 1941-1945 жылдары болған екен. Ол соғыста миллиондаған адамдар қаза болған. Біздің отандастарымыз да осы соғысқа белсенді түрде қатысып, елді қорғаған. Соғыста ерлік көрсеткен 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алған, олардың арасында Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова тәрізді батыр қыздар да болған.
Бүгінгі таңда біздің елімізде Ұлы Отан соғысында Жеңіске жетуіміздің 70 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған іс-шаралар басталып кетті. Жаңа жылдың қарсаңында еліміздегі барлық ардагерлерге Елбасының атынан арнайы сыйлықтар таратылды. Ал жақын күндері Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналған бірыңғай мерекелік медаль бекітілді. Осындай маңызды мерекелік іс-шараларға әрқайсысымыз атсалысуымыз керек деген пікірдемін. Мысалы, Жеңіске арналған өлеңдер, тақпақтар жаттап, сыныптастар арасында шағын жарыстар ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ сыныптастармен бірге соғыс туралы кітаптарды көбірек оқып, мұражайларды аралап, оларда соғыс жылдарынан сақталған заттарды тамашалап, соғыстың ауыртпалығы туралы елестетуге болады. Осылайша біздер батыр аталарымыз туралы көбірек біліп, олардың есімдерін еске алып, ерлігін болашаққа жеткізе аламыз.
Ортамызда жүрген, кезінде соғысқа қатысқан үлкен ата-әжелерге құрмет көрсетіліп, әртүрлі сыйлықтар берілуде. «Соғыс ардагерлеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайды, себебі олар біздерге өмір сыйлады»,- деп айтып отырады ата-әжем. Менің әкемнің нағашы атасы Есқожин Дүйсен және анамның атасы Бектенов Амантай соғыс ардагерлері. Олар талай қиындықтарға мойымай, жауды жеңіп, көрсеткен ерліктері үшін көптеген медальдар алып, елге оралыпты. Мен үлкен аталарымды көрмесем де, олардың соғысқа қатысып, отан қорғағандарын мақтан тұтамын. Олар біздің бақытты өмір сүруіміз үшін тер төгіп, жандарын оққа байлап, жаумен шайқасты. Мен аталарымның еңбегін ақтап, Отаным үшін адал қызмет ететін азамат болып өсуге тырысамын.
Біздер аталарымыздың алдында бас иеміз.

Уәли Дияр Ернұрұлы
Алматы қаласы
М.Мақатаев атындағы
№140 мектеп-гимназияның
4 «Ә»-сынып оқушысы
Уәли Дияр Ернұрұлы