Қандай жағдайда зина болады?

       Бір хадис шәрифте былай делінеді: 
 
      «Көздің зинасы – харамға қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз (ұятсыз) сөз тыңдау, тілдің зинасы – балағат (ұятсыз сөздер) айту, қолдың зинасы өзіне халал болмаған әйелді ұстау, аяқтың зинасы – күнә болған жерлерге бару.» (Бұхари)
 
      Демек әр мүшенің өзіне тән зинасы болады. Мұрынның да зинасы болады. Бір хадис шәрифте: «Иіссу себініп сыртқа шыққан және сепкен иіссуының иісін білдіру үшін бір топтың  жанынан өткен әйелге және оған қараған (оның иісін иіскеген) адамға зина күнәсі жазылады.» (Нәсаи)
 
      Бұл жердегі мұрынмен болған иіскеу зинасы. Егер әйелге қараған болса көз зинасы болады. Сүйсе ерін зинасын жасаған болады. Шәхуатпен немесе керексіз сөздер айтса тіл зинасын жасаған болады. Қолын тигізсе немесе қажеттіліксіз қол алысса қол зинасын жасаған болады. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Адамның басына темір қазықтың қадалуы, бөтен әйелге қолын тигізгеннен де жеңіл болады.» (Табарани, Бәйһақи)
 
     Сондықтан зинаның барлық түрінен аулақ болу керек. Құран кәрімде: «Зинаға жоламаңдар!» деп бұйырылған. Бұл – зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден аулақ болыңдар деген сөз.