Тәубе және истиғфар

      Күнә жасағанда дереу артынша көңілмен (жүрекпен) тәубе ету және тілмен истиғфар айту керек! Тәубе – харам нәрсе істегеннен кейін өкініп, Аллаһу та’аладан қорқу, қайталап істемеуге шешім қабылдау дегенді білдіреді. Истиғфар – күнәның кешірілуін тілеу “Әстағфируллаһ” деп айту дегенді білдіреді. Әстағфируллаһ – Аллаһым, күнәларымды кешіре гөр деген сөз. Сонымен қатар истиғфар ету күнәлардың кешіріміне себеп болатын жақсылықтар, игі амалдар жасау болып табылады. Мәселен Құран кәрім оқу, садақа беру және басқа да жақсылықтар жасау. 
 
      Хадис шәрифтерде былай делінеді:
 
      «Тәубе – күнәдан кейін ол күнәні қайталап жасамау деген сөз» (И. Ахмед)
 
      «Күнәларың көп болып көктерге жетсе, тәубе еткенде Аллаһу та’ала тәубелеріңді қабыл етеді.» (Ибн Мажә)
 
     «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ  жойылады, көңіл тазарады.» (Тирмизи)
 
      «Күніне 70 рет истиғфар айтқан адамның 700 күнәсы кешіріледі.» (Бәйһақи)
 
     «Күнәсына өкініп дәрет алып, намаз оқыған және күнәсы үшін истиғфар айтқан адамды Аллаһу та’ала кешіреді.» (Нәсаи)
 
      «Қиямет күні амал дәптерінде көп истиғфар болған адамға сүйінші болсын!» (Бәйһақи)
 
      Бәриқа кітабында былай делінеді: «Тәубе еткенде мына үш шартты орындау керек:
     1) Істеген күнәсына (пүшәйман болу) өкіну керек!
     2) Күнәдан дереу қайту керек!
     3) Бұдан былай ол күнәны істемеуге шешім қабылдау керек!
 
      Бұл үш шартты орындамай, жай ғана тілмен тәубе ету жалғандық болады. Күнәдан кейін дереу тәубе ету парыз болып табылады. Тәубені кешіктіру, бұл күнәны істеуден де үлкен күнә болады. Бұл күнә күн өткен сайын екі есеге арта береді. Бұл үшін (кешіктіргені үшін) қосымша тағы тәубе ету керек болады.»