Қабір зияраты

      Өлімді еске алу, өлгендерден ғибрат алу және ахиретті ойлау үшін қабірді зиярат ету сүннет болып табылады. Қабір зияраты адамның есіне өзінің де дәл сол жағдайға тап болатынын түсіреді. Ешкімге жамандық ойламайтын болады. Өлімді ойлаған кісі жақсы мұсылман болып өмір сүруге тырысады. Ханафи мазһабында бейсенбі, жұма және сенбі күндері қабірді зиярат ету сүннет болып табылады. Шафии мазһабында бейсенбі күнгі екінді намазы уақытынан бастап сенбі күні күн шыққанға дейін зиярат ету сүннет.
 
      Зиярат еткен адамның мәйітке Құран кәрім оқуы, оған дұға етуі керек. Бұлардың мәйітке көп пайдасы тиеді. Мазаратқа кірген кезде «Әссаламу алейкум йа әһләл-дарил қаумил муминин! Инна иншааллаһу ан қарибин бикум лаһиқун» деп айту сүннет.
 
      Хадис шәрифте былай делінген:
 
     «Бір мұсылманның қабірін зиярат етіп жатқанда, Аллаһуммә инни әсъәлукә би хурмәти Мухаммәд алейһиссалам ән лә туаззибә һәзәлмәййит деп айтылса, ол мәйіттің азабы қияметке дейін тоқтатылады.» (Әтфал-ул муслимин)
 
     «Ата-ананың қабірін жұма күні зиярат еткен адамның күнәлары кешіріледі, ақыларын өтеген болады» (Тирмизи)
 
      «Қабірлерді зиярат етіңдер, қабір зияраты өлімді еске салады.» (Мүслим)
 
     «Өлінің мазардағы халі “көмектесіңдер” деп айғайлаған, теңіздегі адамға ұқсайды. Тұншығып жатып өзін құтқаратын адамды күткеніндей өлі де ата-анасынан, бауырымен достарынан келетін дұғаны күтеді. Оған бір дұға келгенде дүниеге және дүниеде болғандардың бәріне қауышудан да артық қуанады. Аллаһу та’ала тірілердің дұғаларының себебімен өлілерге таулардай көлемде көп мейірім етеді. Тірілердің өлілерге сыйлығы олар үшін дұға және истиғфар айтуы» (Дәйләми)
 
     Әулиені зиярат ету үшін алыс жерлерге бару және берекеттену, пайдалану ниетімен қабірлерін зиярат ету мүстаһаб болады. Расулуллаһтың мүбәрәк қабірін зиярат ету – ғибадаттардың ең құндыларының бірі болып саналады. Хадис шәрифте былай делінген:
 
      «Қабірімді зиярат еткен адамға шапағат етуім уәжіп болады.» (Табарани, Бәззар)